«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Суға шомылу маусымында сақ болайық

Суға шомылу маусымында сақ болайық
ашық дереккөз
Суға шомылу маусымында сақ болайық
Жазғы демалыстың оқушылар үшін алуан түрлі қызықтарға толы болатыны белгілі. Әсіресе, суға шомылу маусымының басталуы оларға шаттық, қуаныш сыйлап, ерекше әсерлерге де бөлейді. Алайда сақтық шаралары сақталмаса, суға түсіп, салқындаудың соңы қайғылы жағдайларға әкеліп соқтыруы да ықтимал. Бұл үшін не істеп, не қоюымыз керек? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг, міне, осы мәселеге арналды. Тараз қаласы әкімінің орынбасары М. Ахаев өзінің хабарламасында бұл тұрғыда кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу, болдырмау мақсатында қалалық әкімдік тарапынан арнайы іс-шаралар жоспары жасалып, бекітіліп, тиісті мекемелер басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілген. Қауіпсіздікті сақтау талаптарына сәйкес бірқатар қауіпті аумақтардағы шомылуға тыйым салу, ескерту белгілері жаңартылып, қаланың басты көшелері бойына судағы қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша үш баннер ілініп қойылыпты. Қалалық білім бөлімі тарапынан ата-аналар арасында осы мәселеге байланысты түсіндіру жұмыстары, ашық сабақтар көптеп ұйымдастырылуда. Әсіресе, шаһар аумағындағы жұртшылықтың жаппай демалу орны ретінде айқындалған «Зербұлақ» көлінің жағалауында, басқа да орындарда, бақыланбайтын су айдындарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету шаралары мен бірлескен рейдтік тексерулер тұрақты өткізілуде екен. «Зербұлақ» аумағында балаларға арналған жағажайлар, сондай-ақ медициналық көмек көрсету, қоғамдық қауіпсіздік бекеттері жұмыс істеуде. Қауіпсіздік бекетіне жұмыспен қамту орталығында жұмыссыздар есебінде тұратын 26 азамат қоғамдық құтқарушы ретінде жұмысқа қабылданған. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметіне қарағанда, өткен жылы қала аумағындағы су айдындарында 9 адамның (оның ішінде 6-ауы бала) суға кетіп, қаза табу оқиғасы тіркелген. «Ал биыл суға кеткендердің саны былтырғыдан 6-ға кем. Жалпы, сараптау бақытсыздық оқиғасына тап болып жатқандардың басым дені 6-10 жас аралығындағы жас балалар екенін көрсетуде» деп атап өтті ТЖ Тараз қалалық басқармасының бас маманы Қайрат Оразбаев. Баяндамашылар судағы қайғылы жағдайлардың негізгі себептері, олар – қауіпсіздік ережелерін сақтамау, яғни жас балалардың жүзе білмеуі, ата-ана бақылауынсыз қалуы, рұқсат етілмеген аумақтарда шомылу және ересектердің көбінесе мас күйде болатынын баса айтты. Басқосуда қала оқушыларының хауыздарда шомылуы жайы да сөз болды. Былтыр мұндай орынның бірінде шомылу бір жеткіншектің өлімімен аяқталғаны естен шыға қойған жоқ. – Рас, ата-аналардың көбісі қандай орындарда суға шомылып, салқындауға мүмкіндіктер барын жіті біле де бермейді әрі балаларын бақылаудан тыс қалдырады. Бүгінде қаламызда «Зербұлақтан» басқа, қауіпсіздік шаралары, құтқару қызметі қарастырылған, санитарлық тазалығы ұдайы бақылауда ұсталынатын 57 шомылу орны тіркеліп отыр. Олардың жалпы тізімі мен мекен-жайын алдағы уақытта қалалық газетте жариялайтын боламыз, – дейді Мақсат Кеңесханұлы. Брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған басқа да сауалдарға нақты жауаптар қайтарылды.

Баймаханбет Ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар