«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жерін пайдаланбайтын жер иелері көп

Жерін  пайдаланбайтын жер  иелері  көп
ашық дереккөз
Жерін пайдаланбайтын жер иелері көп

Облыс әкімдігінің жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының мамандары биыл 67 тексеру жүргізіп, 23 заң бұзушылықты анықтаған. Заң бұзушылықтар бойынша 13 ескерту және 10 тұлғаға 3,35 миллион теңге айыппұл салынған. Облыс орталығында жер учаскесінің нысаналы мақсатын бұзу фактілері жиі орын алатын көрінеді. Заң бұзушылықтың осы түрі бойынша ескерту алған 13 тұлғаға 3 ай мерзімде заң бұзушылықты жою туралы нұсқама беріліп, оның жойылуы тұрақты бақылауға алыныпты. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланушы 4 тұлғаға жер заңнамасының 92-94-баптарына сәйкес, жерді игеру қажеттігі туралы бір жылдық нұсқама берілген. Басқарма басшысы Серікбай Тәпеев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистерге осындай мәлімет жеткізді. Жалпы, пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін тексеру биылғы төрт ауыл шаруашылығы статистикалық есебі және былтырғы бір жылдық мерзімге берілген нұсқамалар негізінде атқару жоспарланып отыр екен. 104 ауыл шаруашылық нысаны қайта тексерілмек екен. 2016 жылы жерін пайдаланбаған жер иелері мен жер пайдаланушылардың тізімі 10 еселенген жер салығын өндіру үшін мемлекеттік кірістер департаментіне жолданып, тиісті шара қолданылған. С.Тәпеев жерді ұтымды пайдалану мәселесінде бірінші кезекте жылдар бойы айналымнан шығып қалған егістік жерлерді пайдалану мәселесінің өз шешімін таппай келе жатқанына назар аударды. «Мұндай жерлер Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандарының бұрынғы суармалы егістіктерінде үлкен көлемде орын алып отыр» дейді ол. Дегенмен, хабарламашының сөзіне қарағанда, аудандарда ауыл шаруашылық жерлерін ұтымды пайдалану бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда екен. Баяндамашы қазіргі таңда ауыл шаруашылық жерлерін ұтымды пайдалануда озық үлгідегі технологияларды енгізу күн тәртібінде тұрғанын атап көрсете келе, бұл бағытта Қордай ауданының жетістіктерін алға тартты. Өңірде өнімділікті еселеп арттыратын тамшылатып суару технологиясы 2013 жылы 630 гектарды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 2929 гектарға дейін ұлғайған. Ал жаңбырлатып суарылатын алқап 2013 жылғы 600 гектардан 2210 гектарға дейін өсіпті. Аудандағы нақты пайдаланылатын 31,8 мың гектар жердің 16,2 пайызында су үнемдеу технологиясы қолданылуда. Басқарма басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстар комитеті облыстағы каналдарды республикалық меншікке өткізу жұмыстарымен айналысып жатқанын айтып, «Қазғарыш сапары» мекемесі жер учаскелерін ғарыштан бақылау қызметін ұсынып отырғанына да тоқталып өтті. Ұсыныс әзірге Шу ауданы жер қатынастары бөлімінен қолдау тауып, тиісті шараларды атқарып жатқан көрінеді. С.Тәпеев басқарма тарапынан атқарылып жатқан басқа да жұмыстарды жан-жақты әңгімелеп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар қайтарды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар