Меркі – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі өркендеген іргелі аудандардың бірі. Өңірде қай салада болсын ілгерілеу бар. Сулы, нулы ауданда, әсіресе, мал және егін шаруашылығы қарқынмен дамып келеді. Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындау бойынша ауданда атқарылып жатқан шаруа көп. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жолдау жүктеген міндеттер» тақырыбында өткен брифингте ауыл шаруашылығы саласының жай-күйіне баса назар аударды. Ол кейбір әріптестері сияқты қызметкерлері дайындап беретін баяндаманы бастан-аяқ оқып шыққан жоқ. Тіпті, алдындағы дайын баяндама мәтініне көз қырын да салмай, Елбасы тапсырмаларының өздерінде қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде нақты деректер келтіре отырып, жан-жақты әңгімелеп берді. Басымдыққа ие салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру мақсатында «Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малы етінің экспорттық әлеуетін дамыту» кешенді бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан, репродукторлық шаруашылықтар құру, мал бордақылау алаңдарын салу, фермерлік шаруа қожалықтарын дамыту бойынша қолға алынған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды. Бұл орайда «Меркі ет комбинаты» ЖШС Иран мемлекетінің екі компаниясымен 4000 тонна қой етін экспортқа шығару туралы келісімшартқа отырғанын атап өтті. Осының негізінде 160 тонна қой еті экспортқа шығарылған. «Олжа» шаруа қожалығында 1469 бұқашық бордақыланып, нәтижесінде 340 тонна ет өндірілген. Елбасының Жолдаудағы: «...Екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек» деген тапсырмасына орай, «Аймақтық сүт кластерін құру» бойынша Т.Рысқұлов және Меркі аудандарының 47 шаруа қожалығы бірігіп, «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Оның 17 мүшесі қорадағы мал санын сүт бағытындағы асыл тұқымды сиыр есебінен арттыру үшін несие алуға облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына өтініш беріпті. Берілген өтініштің 12-нің құжаты мақұлданып, бүгінгі күнге «Олжа», «Мият», «Арыстанбек» және «Даулеткелді» шаруа қожалықтары 331 бас құнажын сатып алған. Сонымен қатар биыл Андас батыр ауылында шаруа қожалықтары бірігіп, ұсақ және ірі қара мал бордақылау және сою алаңын салып, тәулігіне 50 бас мүйізді ірі қара және 200 бас уақ мал сойылатын болады. М.Өмірбеков жерді пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстардан да хабардар етті. Аудан бойынша жалпы егістік жердің көлемі 100640 гектар болса, оның ішінде суармалысы 20075 гектарды құрайды екен. Биыл ауданда 75505 гектар алқапқа жаздық ауыл шаруашылық дақылдары егіліпті. Аудан бойынша сұранысқа ие аграрлық салада инвестиция тарту мақсатында биыл «Smart agro Karkara» ЖШС 303,2 миллион теңгеге 147 гектар және «Жылыбұлақ Меркі» ЖШС 39 миллион теңгеге 50 гектар қызылша алқабына тамшылатып суару қондырғыларын сатып алып орнатқан. «Жайылымды суландыру» бағдарламасы бойынша 7 құдық қазу жоспарланса, бүгінгі күні оның 10-ы қазылып, жоспар 142,9 пайыз орындалған. Хабарламада «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» несиелеу бағдарламалары бойынша атқарылған жұмыстар да қамтылды. М. Өмірбеков әлеуметтік, білім беру салаларында тындырылған тірліктер мен Жолдаудан туындайтын басқа да міндеттердің орындалуы туралы тарқата айтып берді. Брифинг барысында журналистер тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға нақты жауаптар қайтарылды.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді