«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Отандық өнім – Отаныңның өркендеуіне қосқан үлесің

Отандық өнім – Отаныңның  өркендеуіне қосқан  үлесің
ашық дереккөз
Отандық өнім – Отаныңның өркендеуіне қосқан үлесің

Біз патриотпыз ба?

Елімізде отандық өнім өндіруге деген талпыныс жылдан-жылға артып келеді. Жалпы, төл өніміміз деңгейінің өсуі – халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының да басты өлшемі. Әлемде ең күштілерінің ғана қолы жеңіске жететін өндірісшілердің көзге көрінбес «майданы» жүріп жатыр. Нарықта кімнің өнімі бәсекеге қабілетті, бағасы мен сапасы тұтынушының көңілінен шықса, соның тауары өтімді болмақ. Мемлекет басшысы да тауарлардың импортын азайтып, жергілікті жерде өндіруге болатын заттарды өзіміз өндіріп, экспорт көлемін ұлғайту қажеттігін үнемі назарда ұстап, қолдау көрсетіп келеді. Отандық кәсіпкерлер тауарларын экспортқа шығару, өнімдерін көрмелерге ұсынып, ел-жұртқа таныстыру, несиелік қаражаттың пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, қазақстандық үлесті арттыру секілді міндеттер алға қойылып, бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалар нақты іс жүзіне асырылуда. Бәрін де басынан бастайықшы. Отандық өнім өндіруге деген құлшыныс қалай пайда болады, өзі? Бұл ретте ең алдымен әрбір жас азамат өз елінің патриоты болып қалыптасуы тиіс. Патриоттық рухта тәрбиелеу мектептен бастау алса, тіпті жақсы. Мысалы, АҚШ-та азық-түліктен бастап елдің тууына деген махаббаттың дәнін себетін мұндай тәрбиелік шаралар балабақшалардан басталады. Немістер ұл-қызына өзге елдің бір теңге тұратын затын сатып алғаның, өз еліңе бір теңге зиян келтіргенің деп сәби кезінен құлағына құйып үйретеді екен. «Тек немістер жасайтын азық-түлікті тұтын, тек қана немістің киімін ки» деп тәрбиелейді деп естиміз. Міне, осылай отансүйгіштікке үндеу біздің жас ұрпағымыз үшін де ауадай қажет. Негізінен өндірушілер тұтынушыға жоғары сапалы және өзіндік құны мейлінше төмен өнімдерді ұсынуы керек. Елбасы бұл тұрғыда елімізде жасалатын өнімнің ерекше төрт қасиеті болуы қажеттігін ерекше атап өтті емес пе? Атап айтқанда, қай-қай өнімнің де сапалы, ыңғайлы, арзан және қолжетімді болуын ескертті. Бүгінде қазақстандықтар сырттан ағылып келіп жатқан өнімдерді сапасына қарай таңдап, талғайтын жағдайға жетті. Алайда өзімізде шығарылатын өнімдердің жақсы қырын халыққа таныту жағы жеткіліксіздеу. Экономикалық терминмен айтсақ, менеджменттік жүйе сауатты жүргізілмеуде.

Өңірдің әлеуеті қандай?

Әрбір өңірдің өзіне тән тіршілігі мен болмысы бар. Жамбыл өңірінде де ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп салаларының жұмысы айрықша қарқынмен өрістеуде. Облыста отандық өнімдер жайы әңгіме бола қалса, «Тараз былғары аяқ киім» және «Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері алдымен ауызға алынады. Еліміз бойынша аяқ киім өндірісінің 38 пайызын осы «Тараз былғары аяқ киім» кәсіпорны қамтамасыз етеді екен. Осы кезге дейін мұнда жылына 135 мың пар аяқ киім тігілсе, биыл аталған көрсеткішті 200 мың парға жеткізу көзделуде. Сапалы аяқ киімдердің құны 9-14 мың теңге аралығында. Ал «Фабрика ПОШ-Тараз» кәсіпорны бір кездері жылына 37 мың тонна жүн өңдеу әлеуетіне ие болған еді. Сол кезде облыс бюджетінің 20 пайызын осы кәсіпорынның табысы құраған. Қазір де жүнді алғаш өңдеу фабрикасы тек Таразда ғана сақталып отыр. Бір кездері Ақтөбе, Семей қалаларында жұмыс істеген мұндай кәсіпорындардан жұрнақ та қалмаған. Рас, біздегі фабриканың кезінде сұраныстың жоқтығынан жүгі ауыңқырап барып, қайта түзелгені екінің біріне аян. Оның «екінші тынысын» ашуына септескен жергілікті кәсіпкерлеріміз. Бұл кәсіпорын бүгінде өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына өзінің қомақты үлесін қосып отыр. Мұнда жылына екі мың тоннаға дейін жүн өңдеуге мүмкіндік бар. Мың тонна биязы жүн жуылып, дайындалуда. Әрі тереңірек өңдеу нәтижесінде 700-800 тонна жүннен топс шығарылады. Әлемдік нарықта жуылған жүннің келісі 4 доллар болса, топстың келісі 8 доллар, иірілген жүннің бір келісі 11-12 долларға бағаланады. Сондықтан бұл кәсіпорын да дайын өнім өндіруге, мата жасап шығаруға ұмтылыс жасауда. Алайда мата технологиясын игеруге, орнатуға 3,5 миллион доллар көлемінде қаражат қажет көрінеді. Бұл мәселе өзінің шешімін тапса, «Фабрика ПОШ-Тараздың» жылына 2 миллион шаршы метр мата шығаруға, жұмысшылар санын 500 адамға арттыруға (қазір 200 адам еңбек етеді) мүмкіндіктері бар екен. Облыс аумағында өндірілген өнеркәсіптік өнімнің 68 пайызын Тараз қаласы өндіруде. Бұл көрсеткіш Мойынқұм ауданында – 9,3, Сарысу ауданында 5,8 пайызды құрайды. Талас ауданы – 5,7, Қордай ауданы 2,3 пайызға жетіп отыр. Бұл тұрғыдағы Байзақ, Жуалы аудандарының көрсеткіштері мәз емес екен. Біздің облыста жылына 200 мың тонна тауарлы бетон, 139 мың тонна құрылысқа арналып өңделген тастар өндіріледі. Сондай-ақ, цемент, әктас, кірпіш өнімдерін еселеп өндіруге мол мүмкіндіктер бар. Өңіріміз ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен ет, сүт, жүн және азық-түлік, жеміс-жидек өнімдерін бұған қосып отырған жоқпыз. Әрине, мұның барлығы да отандық өнімдер. Өткен жылы облысымызда қазақстандық қамтудың үлесі 65,7 пайызды құрапты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 30 мамырдағы №554 қаулысына сәйкес облысымыздағы бес кәсіпорын бойынша қазақстандық қамту жөнінде мониторинг жүргізілген. Олардың қатарында «Тараз металлургиялық зауыты», «Та-мак», «Фабрика-ПОШ-Тараз», «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Жамбыл гипс» акционерлік қоғамы бар. Яғни, бұл өңірімізде отандық өнім өндіруде осы кәсіпорындар көш бастап тұр деген сөз.

Отандық өнімдердің насихаты неге кемшін?

Біздіңше, экономика секторындағы қазақстандық мазмұнның үлесін ұлғайту мәселесі мен отандық өнімдердің насихатталынуы әлі де кемшіндеу. Бұл тұрғыда бастамалар да аз. Осы тұрғыда жамбылдық жас кәсіпкер Тұрсынжан Әбдувахитовтің Астанада «Жамбыл. Халық маркасы» дүкендер желісін ашып, оларда сатылатын азық-түлік өнімдерінің 85 пайызын негізінен өз облысымызда өндірілген өнімдер құрауына қол жеткізіп отыр. Әрі тауарлары нарықтағыдан 20 пайызға арзан. Бұл жобаның мақсаты тұтынушылардың отандық өнімдерімізге деген сенімін 70 пайыздық деңгейге дейін ұлғайту, сауатты тұтынушылар менталитетін қалыптастыру, облысымыздағы тауар өндірушілерінің мәртебесін көтеру, олардың өнімдеріне тұтынушылық сұранысты тұрақтандыру болып табылады. «Астанада отандық азық-түліктен бөлек, қазақстандық киім-кешектер сататын сауда орындарымыз да бар», – дейді жоба жетекшісі. Отандық өнімдеріміз барлық жерде де осылай насихатталар болса, қанеки! Біз осы орайда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына хабарласқан едік. Аталған басқарманың сауда бөлімінің басшысы Нұржан Керімбеков мұндай игі шара биылғы жылы да жалғасын табатынын айтып қуантты. Тағы бір дүкен ашылмаса да, Елордадағы үлкен супермаркеттерден бірнеше сауда қатарларын алып, оларды Жамбылда жасалған өнім түрлерімен толтырып қоюға толық мүмкіндігіміз бар екен. Астанадағы халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесі кезінде мұндай жетістікке қол жеткізудің маңызы үлкен болары анық. Отандық өнімдеріміз жайлы әңгіме қозғала қалса, ойға оралар жайлар көп. Мысалы, біз осы неге «фастфудтың» өнімдеріне құмармыз? Одан қалса канцерогенді сусындарға (коко кола, пепси) жүдә аңсарымыз ауып тұратыны қалай? Олардың орнына академик Төрегелді Шарманов ұсынған «Қымыз-шоколадын» біздің өңір тұрғындарының да көптеп тұтынатын-ақ жөні бар. Дүйсенбек Ыбыналиевтің ыдысқа құйылған «Хан қымызы» мен «Шәушен» шаруа қожалығының, Қабылхановтар кәсіпкерлігінің өндірген өнімдерінің кеңінен насихатталатын мезгілі жетті деп ойлаймыз. Біз киім үлгісін де түзеп жатырмыз. Елбасының өзі Алматыға бір келгенінде жаңадан ірге көтеріп, жұмысы енді жүйелене бастаған фабриканың төл өнімі – отандық костюмді киіп көріп, бағасы да, сапасы да шетелдікінен бір де кем емес екенін айтып, барша қазақстандықтарды осылай отандық өнімдерімізге қолдау көрсетуге үндеді емес пе? Ал енді өңірдегі құрылысқа 70 пайыз отандық өнімді пайдалану жөніндегі бастама шешімін тауып жатыр десе де болады. Бұл орайда Тараз қаласы «Арай» алқабында тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хабарласқан едік. «Бұл жағынан біз ұятқа қалмаймыз. Біз салып жатқан тұрғын үйлерге 90 пайыз отандық өнімдерді, 60 пайыз өз облысымыздан шығатын өнімдерді қолданып жатырмыз», – дейді аталған фирманың құрылыс инженері Бақытғали Айдапкелов. Мұны Тараздағы «Маман» құрылыс фирмасының директоры Ағыбай Нақыпов та қостап отыр.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Түйін: Отандық өнім өндіру – Отанға қосылған үлес. Облысымыз аграрлық аймақ болғандықтан мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына басымдық беріліп келеді. Алайда, өнеркәсіпті дамыту – уақыт талабы. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары кәсіпкерлікті алыпсатарлық, мейрамхана салу деп біржақты түсінгендер де аз болмады. Құдайға шүкір, қазіргі кезде ондай ойдан біртіндеп арылып келеміз. Кәсіпкерлер өздері өнім өндіре бастады. Тау-кен, химия өнеркәсібін өркендету алдағы жылдардың еншісіндегі іс. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту да кезек күттірмесі хақ. Киім, тамақ өнеркәсібін дамытқан кәсіпкердің айы оңынан туатын мезгіл жетті. Отандық өнім өндіргенің өз еліңнің нағыз патриоты екеніңді де білдіреді. Әрбір жас кәсіпкер осыны көңіліне мықтап түйсе, құба-құп.

Ұқсас жаңалықтар