Жүректерге жол тапқан
Біз де бала болғанбыз. Үлкендер «Қазір жылағаныңды қоймасаң, доқтыр шақырамын» дегенде, қорыққанымыздан жым болатынбыз. Қазір де солай. Бала біткен ақ халаттыны көргенде бұзықтық жасамауға тырысып, тым-тырыс отыра қалады. Ал дәрігер Ардақ келгенде бәрі керісінше алыстан ағасы іздеп келгендей қуанады екен...
Алғаш облыстық балалар ауруханасының жарақат бөліміне Астанадағы «Ана мен бала ұлттық-ғылыми орталығынан» арнайы маман шақыртыпты дегенді естігенде, «өңірге келіп, еңбек етуге келісім берген қандай дәрігер» деп қызығушылық танытқанымыз рас. Сала басшылары бекер қолқа салмаған екен. Қазақстанның ортопедтер және травматологтар Ассоциациясының мүшесі Ардақ Нұрмұханов жаңа технологиямен ем-шараларын жасауды үйрену үшін Түркия, Украина, Ресей, Чехия мемлекеттеріне барып, біліктілігін арттырған тәжірибелі қызметкер, он шақты ғылыми еңбектің авторы болып шықты.
Ол дәрігер болуды бала кезінен армандаған екен. Астанадағы мемлекеттік медициналық академияны 2005 жылы бітіріп, педиатр мамандығын алған соң, осы оқу орнында резидентурадан өтеді. Тағы екі жылға балалар хирургиясы бойынша клиникалық ординатурадан өту үшін оқуға қабылданады. Бірақ, 2007 жылы Түркияға аттанатын болғандықтан, оқудан бір жыл ерте жіберіліпті. Шетелде оқып келген соң республикалық балалар реабилитациялық орталығында ортопед дәрігер болып жұмысқа орналасады. Бір айдан кейін «Ана мен бала ұлттық орталығына» ауысып, сонда сегіз жыл еңбек етті. Қазір облыстық балалар ауруханасында жарақат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеуде.
«Менің алғашқы тәлімгерім – өзімнің туыс ағам. Бала кезімде ол мені ауруханаға апарып, өзінің жұмысымен таныстырғаны бар. Сол кезден-ақ дәрігер боламын деп ойлағанмын. Ал медицина саласына келгенде дәрігер хирург Кәкім Іңкәрбаевтан тәлім алдым. Травматология мен ортопедияның қыр-сырын үйреткен жетекшім, марқұм профессор Әбубәкір Ерекешов пен «Ана мен бала ұлттық» орталығындағы ұстазым Болат Нағмановтан да үйренгенім көп. Шетелдерге шығып, алдыңғы қатарлы клиникаларды аралап көрдім. Сол жерде білікті дәрігерлермен танысып, тәжірибе жинадым. Мен олармен әлі күнге хабарласып, хат алмасып тұрамын. Кеңес керек болған кезде соларға жүгінемін. Олар да білгенін айтып, жол көрсетуден аянып қалған емес», – дейді Ардақ Мақсұтұлы.
Өзіне дос әрі қамқор болған жанды балалар да жатырқамай, жақын тартады емес пе?! Ал Ардақты «әке» деп атайтындары да бар екен. Балалардың жүрегіне жол тапқан дәрігер дертке шипа, жанға дауа табу үшін кез келген ғажайыпты жасауға дайын.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді