Мойынқұм ауданында өзінің өнерімен талайды тамсандырып жүрген өнерпаздар да, өлең жазып, ән шығаратын ақын-сазгерлер де аз емес. Солардың бірі – биназарлық Болатбек Әбішев. Болатбек жастайынан қолына қалам алып, өлең жаза бастады. Әлі есінде, алғашқы әні «Мектебім» деген тақырыппен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ жарық көрген болатын. Өсе келе өз өлеңдеріне ән жазуды үдете түсіп, тағы бір қырынан танылды. Бұған дейін «Өмір – дария, өмір – өлең», «Қозғалтсаңшы кеудемнің бір жартасын», «Шөкім бұлт» тәрізді үш поэзиялық жинағы мен жетпіске жуық ән шығарған оны жұртшылық жақсы таниды. Әндері үлкен сахналарда айтылып жүр. Болатбек Әбішевтің ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне байланысты «Құмда тудым жыр аңсап...» атты авторлық кеші оңтүстік астанамыз Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жоғары деңгейде өтті. Кешке алыс-жақыннан ақынның жолдастары, ағайын-туыстары, тыңдармандары көп жиналды. Олардың арасынан жасы сексенге таяған Болатбектің ауылдастары, Биназар, Бірлік ауылдарындағы бірнеше қариялардың да төбе көрсеткені көңілімізге қуаныш ұялатты. Ерінбейтін, қырлардан асайын бір, Өлең-жырдан шашуды шашайын бір. Бар дауыспен әуезді әнімді айтып, Қуаныштан, шаттықтан тасайын бір, – деп жыр шашуын өз көрермендеріне арнаған ақын сахнаға көтеріліп, өзінің туған жері – Мойынқұмның бүгінгі кескін-келбеті, ондағы еңбекқор азаматтардың тыныс-тіршілігін суреттейтін өлең жолдарын өз тыңдармандарына сәлемдесу ретінде жеткізді. Кеш қонақтары, аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Есеев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Шахикерім Исабеков Бөкеңе құттықтау хат, ауданның Құрмет грамотасын тапсырып, игі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан келген облыстық орыс драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев кеш иесіне ақжарма тілегін арнап, үстіне шапан жапса, Болатбектің бауыры, Құрметті теміржолшы, «Транс Ком» ЖШС-ның директоры Бейсембай Жаңбырбаев та жақсы тілегін арнап, ат мінгізді. Болатбектің ауылынан барған ақсақалдар атынан Назымхан Тайлақбаев сөз алып, Болатбекке шапан жауып, сый-сияпат жасады. Ал тағы бір ақын ағамыз Қалибек Шайжанов өз тілегін өлең жолдарымен жеткізді. Бұдан соң кезек Б.Әбішевтің әндеріне берілді. Сахнаға жерлесіміз, бүгінде Алматы қаласында тұратын жезтаңдай әнші Зәуре Әбзиева көтеріліп, сөзі мен әнін Болатбектің өзі жазған «Мойынқұм – алтын бесігім» әнін тамылжыта шырқады. Облыстық филармонияның әншілері Қаракөз Сағынтай, Нұргелді Жолдасов, алматылық тағы бір жерлесіміз Марат Медетов, Асылхан Шүңіреков басқаратын «Тараз триосы» бірнеше әндер айтып, көпшіліктің көңілін көтерді. Ал аудандық Мәдениет үйінің әншілері Гүлдана Әлиева, Төреби Жексенбек, Ерлан Айтқабыл, Мейржан Сейділдаев, Қажымұрат Әбдіқадыров, «Мойынқұм триосы» Болатбектің ән қоржынындағы «Қазағым елім», «Таразым», «Ақ бота», «Шәмшінің әні», «Гүлім», «Батыр Қайрат», «Барыс Бейбіт», «Айтеке», «Гүлбейне», «Мойынқұмның арысы», «Ата қоныс Мойынқұм» әндерін әуелете шырқады. Аталған әндер орындалып жатқанда өлеңнің шығу тарихы, кімге арналғаны экраннан көрсетіліп отырды. Айтылған әндердің басым көпшілігінің сөзін Болатбектің өзі жазғанын да айта кеткен жөн. Әсем әндерге елітіп, риза болған көрермендер әншілердің де, кеш иесінің де құшағын гүлге толтырды. Әсіресе, кезінде ауданымызды ширек ғасырдан астам басқарған Айтбай Назарбековтің немерелері аталары туралы «Айтеке» әні орындалғанда құшақ-құшақ гүлдерімен сахнаға қарай лап қойды. Бұл да үлкен өнер иелеріне көрсетілген жоғары құрмет болса керек.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист.
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді