Қазақ тілінің басымдығы сақталатыны қуантты

Қазақ тілінің басымдығы сақталатыны қуантты
ашық дереккөз
Қазақ тілінің басымдығы сақталатыны қуантты

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауымен мұқият танысып шықтым. Еліміздің жаңа сипатта дамуына бағыт беретін бас құжатта Мемлекет басшысы: «Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды» деп атап көрсетті. Расында да, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері ұдайы даму үстінде. Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында Қазақстан аз ғана уақытта әлемдегі дамыған 50 елдің қатарына қосылды. Бұл Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатының жемісі. Ендігі меже – әлемдегі озық отыз елдің қатарына ену. Оған біз Елбасымыз Үшінші жаңғырту кезінде көрсетіп берген жедел шешілуі тиіс міндеттерді орындау арқылы қол жеткізе аламыз. Мәселен, Жолдауда айрықша атап көрсетілген төртінші өнеркәсіптік революция – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына, жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беріп, жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуға жол ашатыны анық. Ал экономиканың жедел түрде технологиялық жаңғыртылуы мен цифрлық технологияның өмірімізге дендеп енуі қазіргі қоғам бейнесін толықтай өзгертетін болады. Жаңа индустрияландыру мен мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру қадамы Қазақстанды жаһандық бәсекелестікке қабілетті ете алады деп айта аламын. Елбасымыз Жолдауда адами капитал сапасын жақсартудың маңызды міндеттеріне де ерекше тоқталған. Адами капитал дамыса, тұрғындардың күнкөріс деңгейі мен өмірі де жақсара түседі. Азаматтар сапалы білім алса, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық алып тұрақты жұмысқа орналасса, тұрмысы да түзеледі. Мемлекет тұрғындардың денсаулығының жақсаруына, халықтың әлеуметтік қорғалуына баса көңіл бөліп-ақ келеді. Ендігі мәселе – өз денсаулығыңа деген жауапкершілікті арттыру. Мен өмірінің 43 жылын бала оқытуға арнаған ардагер-ұстазбын. Сол себепті, Жолдаудағы 5 басымдықтың төртіншісі жаныма жақын. Онда Мемлекет басшысы ІТ білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастырып, ұлтжандылықты дамытуға да зер салу қажеттігін атап көрсеткен. Президентіміз айтқандай, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтудың маңызы зор. Өйткені, ауыл мектебіндегі мұғалімдердің кадрлық құрамы мен білім беру сапасы, материалдық-техникалық жабдықталу жағдайы қала мектептерімен салыстыруға келмейді. Оны жасырып-жабуға да болмайды. Оған кейбір мектепте білікті кадрлардың тапшылығы себеп болуда. Мәселен, биылғы әліппенің орнына қолданыла бастаған сауат ашу оқулығын айтсақ та болады. Бұл шешім қоғамда көптеген түсініспеушіліктер туғызды. Оқулықтың атауын былай қойғанда, ата-ана мен бірқатар педагогтар ондағы мәтіндер мен тапсырмалардың сапасыздығын сынға алғаны баршаға мәлім. Өз басым Президентіміздің үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу туралы бастамасын құптаймын. Себебі, үш тұғырлы тіл саясатын ұстану – заман талабы. Ағылшын тілі – ғылым мен технологияның тілі. Сондықтан бұл тілді меңгеру аса маңызды. Елбасымыз Жолдауда: «Қазақ тілінің басымдығы сақталатынын және оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінетінін айтты. Яғни, қазақстандық әрбір азамат ағылшын тілін меңгерумен қатар, қазақ тілін білуге міндетті. Демек, «қазақ тіліне қауіп төніп тұр, жойылып кетуге аз қалды» деп алаңдауға еш негіз жоқ. Қазіргі жастар кәсіптік мамандық алу керектігін түсіне бастаған секілді. Дегенмен, мектеп бітіруші түлектердің көбісі әлі де болса, мұғалім, экономист, заңгер болуға ұмтылады. Сол себепті, Елбасымыз жастарды кәсіптік білім алуға шақыруда. Президентіміздің баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасын одан әрі жетілдіру туралы тапсырмасы – кәсіптік білім беру мекемелерінің қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік туғызатыны сөзсіз. Осы жүйе кәсіби маман тапшылығы сезіліп отырған өндіріс орындарын білікті кадрлармен толықтыруға негіз болмақ.

Ниязхан Бейсенов, еңбек ардагері.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар