Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданда өткен баспасөз турын Жаңатас қаласының батысындағы Орталық байыту фабрикасынан бастады. Кешеннің техникалық бақылау орталығының бастығы Р.Забиров оларға фосфор ұнын шығаратын фабриканың 1975 жылы чехиялық құрал-жабдықтармен жарақтандырылғанын, жылдық қуатының 4 миллион тонна шикізат өңдеуге арналғанын айтып берді. Оның мәлімдеуінше, 3 кен орны мен 1 ұсақтау-өңдеу фабрикасында 1536 кенші еңбек етеді. Өткен жылы 422 мың тонна фосфор ұнын өндірген кешен биылғы жылы төрт-бес айдың ішінде ол көрсеткішті екі еселеп үлгеріпті. Дағдарыс жайлаған жылдары кеніште фосфор өндірудің едәуір төмендегені белгілі. Ал соңғы жылдары өнім тұтынушы Өзбекстан, Түркіменстан, Ресей, Қытай мемлекеттері тарапынан сұраныстың арта бастауына байланысты 2021 жылға қарай мұнда өнім өндіру көлемін 6,6 есеге арттыру межеленген. Сонда кәсіпорында еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлердің жалпы саны үш мың адамға дейін жетпек. Осыған орай кәсіби білікті жұмысшы мамандары қажеттігін ескерген кеніш әкімшілігі Жаңатас қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжбен әріптестік қатынас орнатып, дуалды оқыту арқылы кадрлар даярлауға кірісіп-ақ кеткен. Өңірде өндіріс өркендеуде. Аз жыл ішінде-ақ таңғажайып тірлік жасап үлгерген «ЕвроХим» компаниясының әкімшілік орталығы мен фосфор ұнтақтау цехында болған журналистердің оған көздері анық жетті. Қалдықсыз технологияға негізделген зауыттан артық қимыл көрмейсіз. Айталық, фосфор ұнтақтау цехының басшысы Нұрлан Қашқынбековтің макет бөлмесіндегі таныстыруынан ұққанымыз, жалпы жобалық құны 356,6 миллиард теңгеге жоспарланған екі кезеңдегі жұмыстар аяқталып, Аралтөбедегі кен орны толығымен игеріліп, ұсақтау фабрикасы іске қосылып, таяуда ғана 1 миллион тонна фосфор шикізатын шығарып, үлкен жетістікке жетіпті. Енді, алып зауыттың үшінші кезеңі салынуда. Ол да бір жылда бой көтермек. Сонда зауыттан сілтілі қышқыл, хлорлы кальций, сульфат калий, гипс тағы басқа күрделі химиялық өнімдер шығарылып, жұмысшы-қызметкерлер саны 6 есеге өспек. Минералдық-тыңайтқыштар шығарумен айналысатын Қаратау қаласындағы «Сары тас» зауытын қайта жаңғырту жоспарда тұр. – Елбасымыз өзінің биылғы халыққа Жолдауында экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуын бірінші басымдық ретінде атап: «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз», деді. «ЕвроХим» – сол жаңа индустрияға негізделген өндіріс ошағы. Өйткені, ондағы жұмыстың дені автоматтандырылған. Ал ол өз кезегінде жаңа мамандық иелерін көптеп даярлауды талап етеді, – деді бұл тұрғыда аудан әкімі Балабек Нарбаев. «ЕвроХим» компаниясының Жаңатас қаласындағы еншілес кәсіпорындары діттеген мақсаттарына жетсе, 4-5 жыл көлемінде жылына «Аралтөбе» мен «Кесіктөбеден» 1 миллион, Гимельфарбтан 2,2 миллион тонна кен өндіретін осы заманғы алып өндіріс ошағына айналмақ. Осы жоба аясында қалаға табиғи газ жеткізіліп, темір жол тартылып, қырық шақырымдық «Жаңатас-Шаян» асфальт жолы күрделі жөндеу көріп, қаладан «Ақылды қала» шағын ауданы бой көтереді деп күтілуде. Сапар барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері зауыттың жаңа құрылыс нысандарымен танысты. Өз кезегінде аудан әкімі Б.Нарбаев екі алып зауыт толық қуатына көшкенде қаланың 4-5 мың адамы жұмыспен қамтылса, жеңіл тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы саласы қоса дамиды дегенді айтты. Себебі, кеншілерге сапалы азық-түлік, киім-кешек керек. Жаңа, жайлы тұрғын үйлер, «Жастар кешені» бой көтермек. Қысқасы, 2025 жылға қарай Жаңатас 35-40 мың адам тұратын, өзіндік сәулеттік айшық-өрнегі бар, әсем қалаға айналатын болады. Бұдан кейін ауданда салынып жатқан «Асыл тұз» зауыты мен бірқатар шаруа қожалықтарында болып, үкіметтік бағдарламалардың сала-сала бойынша жүзеге асып жатқанына көз жеткізген журналистер өңірдегі жаңалықтарды қалың бұқараға жеткізуге асықты.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді