Ауаға шығатын ауыр металдар, шаң-тозаң, күкірт тотығы, көмір қышқыл газы, тағы басқа да улы заттардың концентрациясы он есе артық көрінеді. Қазақстан бойынша ең ауыр жағдай Тараз, Теміртау, Алматы, Шымкент, Балқаш, Риддер, Өскемен және басқа да қалаларда қалыптасқан. Осы қалаларда лас заттардың концентрациясы жыл бойына белгіленген мөлшерден 5-10 есе артық болады. Өнеркәсіпті аудандарда ластану ауа кеңістігімен қатар сол жердегі су көздерін де қамтиды екен. Еліміз бойынша экологиясы нашар қалалар тізімін Тараз бастап тұрғандықтан, оның үстіне облыс орталығы өндірісті қалаға жататындықтан, облыс экологтарының тынымсыз еңбек етулеріне тура келеді. Облыстық экология департаменті қызметкерлерінің талдауына қарағанда, жалпы зиянды заттардың стационарлық көздерінен ауаға шығарылатын шығындылардың 42 пайызы өңіріміздегі химиялық кәсіпорындар үлесінде көрінеді. Мәселен, жылу-энергетика – 18, тау-кен өндірісі мен газ саласы – 14, коммуналдық сала 10 пайыздық үлеске ие, қалғаны басқа салаларға тиесілі. Жылжымалы көздерден де ауаға зиянды заттар көптеп таралып жатады. Оның 70 пайыздан астамын жеке меншік автокөліктер шығарады. 2007 жылы 100 мыңға жуық автокөлік болса, қазір оның саны үш есеге дейін өсіпті. Экологтар тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы белгіленген полигондарға апарып тастау туралы дабыл қағып жатады. Қазір облыс бойынша мұндай 168 полигон бар. Оған жыл сайын 75330 тоннадан астам қалдық жеткізіледі. Өңірдегі 379 елді мекеннің 197-сі ғана полигондарды пайдалану нормаларына сәйкес қалдықтарды тасымалдау және орналастыру қызметтерімен қамтылыпты. Ал 182 елді мекеннің тұрғындары қоқысты кез келген жерге бейберекет тастауда. Облыстық экология департаментінің мәліметіне қарағанда, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы елді мекендерде полигон жоқ немесе заңды құжаттары рәсімделмеген. Әлбетте, әр ауылда бір-бір полигон ашу міндеттелмеген, жақын орналасқан елді мекендер үшін ортақ бір полигон жеткілікті. Жұмыс істейтін құжаттары толық рәсімделген полигон пайдаланушы тұлғамен келісімшарт арқылы да жұмыс істеуге болатын көрінеді. Тек қана қоршаған ортаны бүлдірмей, ауаны зиянды заттардан қорғаймын деген ниет болса болғаны. Тағы бір мәселе – жол бойындағы қоқыстар. Әсіресе, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойындағы топырағы алынған қазаншұңқырлардың қоқыс төгетін орынға айналып кеткені аз емес. Көлік жүргізушілер мен жолаушылар да жол-жөнекей темекі тұқылынан бастап, сусын құтыларын, ас қалдықтарын лақтырып кетіп жатады. Бұл бірінші мәдениетсіздікті көрсетсе, екінші ауаны ластап, экологияға кері әсер етеді. Төрткүл дүниенің саяхатшыларының назары Таразға ауа бастағанда мұндай келеңсіздікке тіпті де жол беруге болмайды. Мұндай келеңсіздікпен бір ғана эколог емес, барша жұртшылық болып күрескенде ғана іс өз нәтижесін береді. Энергетика министрлігі мен облыстық әкімдік тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды, сақтауды, қайта өңдеп кәдеге жаратуды жүзеге асыруды, сондай-ақ, елді мекендердің аумағын таза ұстауды, коммуналдық қалдықтарды жинауды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Жол картасын» жасағаны белгілі. Кезең-кезеңмен жүзеге асатын аталмыш жоба аясында бірінші кезекте жоспар бойынша сапалы қайта шикізат алуға мүмкіндік беретін қалдықтарды бөліп жинау Тараз қаласында жүзеге асырыла да бастады. Бұл шаруамен екі компания айналысуда. Нәтижесінде пластик құтылар арнайы тор көзді контейнерлерге жиналуда. Облыс орталығында шайынды суды тазартатын құрылғы құрылысының басталмай отырғаны да өзекті мәселенің бірі. Тараз – еліміздегі тазартқыш құрылғысы жоқ бірден-бір қала болып отыр. Рас, 1963 жылдан бері шаһардың батыс бағытындағы Жамбыл ауданының «Тастөбе» өндірістік кооперативі жерінде орналасқан сүзгі алаңына тұрмыстық-шаруашылық ағындарының 80 пайыздан астамы және тәулігіне қаланың өндірістік 100 мың текше метр ағындары екі бұрмалы бетон және жер каналы арқылы жіберіліп келеді. Имараттың жобалық қуаты тәулігіне – 29,380 текше метр, жобалық көлемі – 2,32 миллион текше метр. 12 карта тұндырғыштан тұрады, жер көлемі 12 гектар, сүзгі алаңы 92 карта, көлемі 193,5 гектарды құрайды. Сүзгі алаңының жобалық құрастырмасы техникалық жағынан ескірген. Қолданыстағы нормативті құжат талаптарына сай келмейді. Соңғы жылдары қабылдау алаңының жеткіліксіздігінен тұндырғыш пен сүзгі алаңы ластағыш заттардың нормативін арттыратын гидравликалық салмақпен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қаланың 130 мың текше метр өнеркәсіптік және шаруашылық-нәжіс ағындары тазартусыз сүзгі алаңына айналуда. Қаланың қалдықтары үлкен қарқында көбейіп жатқандықтан ескі жинақтауыш сіңіріп үлгере алмай, кенересінен аса толып кету қаупі туындауда. Сүзгі алаңы тұрақты гидравликалық қысымның әсерінен жер асты суының ластануына ұласып, Жамбыл ауданының бес елді мекенінің тұрғындары ауызсудан қағылып, елді мекендерді су басып, мал жайылымдары батпаққа айналу үстінде. Осы аудандағы Қостөбе ауылында 418 адам тұрады. Тұрғындар ауызсумен қамтылған. Алайда, жел тұрғанда жағымсыз иіс шығып, жерасты суы көтеріліп жатады. Құдықтан шыққан ауызсу тұрмыстық және өзге де мақсатқа жарамсыз болып қалу қаупі бар. Сонымен қатар ауылды су басу қаупі де жоғары. Аса өзені алқабының ластау қаупі туындауы аймаққа эпидемиологиялық қатер төндіруде. Тараз қаласында шайынды суды биологиялық толық тазартатын кешеннің құрылысын салу кеңестік кезеңде, 1988 жылы көтеріліп, одақтың ыдырауына байланысты аяқсыз қалып қойған екен. Кейіннен әр жыл сайын, мәселен, 1998-2000 жылдардағы және 2001-2003 жылдардағы қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша облыстық кешенді бағдарламасында жоспарланған. Сонымен қатар 2009-2012 жылдарға арналып бекітілген бағдарламада да қарастырылыпты. Тараз қаласы үшін ең қажетті және стратегиялық маңызы бар нысан құрылысын салу одан кейінгі жылдары да талай рет көтерілгенімен, түпкілікті шешімін таппай келеді. Облыс экологтары осы мәселеге қатты алаңдаулы. Тотыдай таранған Тараздың тамаша кескін-келбетімен қатар, экологиясын да жақсарту күн тәртібінен түспеуі тиіс. Ол үшін қолға алатын бірінші мәселе – тазартқыш құрылғы құрылысын бастау. Әлбетте, құрылысқа миллиардтаған теңге қажет болғандықтан Үкіметтік деңгейде шешіледі. Оған өңірден сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары қозғау салуы қажет-ақ.
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді