Қазақ әдебиетінің, тілінің, ділінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған Шерағаң жайлы бұған дейін де талай айтылған, айтыла да береді... Белгілі жазушы, публицист, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлы «Шамаң келсе, шындықты айт!..» атты жаңа кітабында таутұлға туралы өзгеше жазып, өзінше тебіренеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» кіші бағдарламасы аясында жарық көрген кітап 5000 таралыммен Алматы қаласындағы «Қаламгер» баспасынан жарық көрді. Қаламгердің бұл жинағына енген сұхбаттар, эсселер, мақалалар төрт бөлімге топтастырылған. Оның алғашқы бөлімінде халқымыздың аяулы перзенті, халық жазушысы, қоғам қайраткері, журналистика абызы Шерхан Мұртаза туралы көп сырға қанығуға болады. Ол Шерағаңның өзімен, адамзаттың алыбы, ұлы суреткер Шыңғыс Айтматовпен, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевпен және өзге де белгілі тұлғалармен болған сұхбаттары арқылы қайраткердің болмысын шеберлікпен сомдап, көркем тілмен айшықтап жеткізген. Ал автор «Ұлт пен ұрпақ», «Аңызға айналған тұлғалар», «Ел мен ес» секілді қалған бөлімдерде белгілі тұлғалар жайлы терең тебіренеді. Салиқалы сұхбаттар арқылы олардың кісілік келбетін суреттейді. Атап айтсақ, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы хақында профессор, бауыржантанушы Мекемтас Мырзахметовпен, әйгілі халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаев туралы Бақытжан Кененұлымен, «Жамбыл» әдеби-көпшілік танымдық журналының Бас редакторы, жазушы Несіпбек Дәутаевпен жасаған сұхбаттары, екі мәрте Еңбек Ері, «Малшылардың маршалы» атанған Жазылбек Қуанышбаев, күйші композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиев, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов секілді өнер иелері жайындағы естелік-толғаныстары жинақтың мазмұнын байыта түскен. Сондай-ақ, әлі күнге өзектілігін жоймаған мәселелер көтерілген мақалалар да кітаптан орын алыпты. Жазушы Кәсемәлі Сәттібайұлының көркем тілімен жазылған дүниелері енген «Шамаң келсе, шындықты айт!..» жаңа публицистикалық жинағы ойлы оқырманның рухани азығына, сүйсініп оқитын дүниесіне айналатынына күмәніміз жоқ.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді