«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ әдебиетін Түркияға танытқан

Қазақ әдебиетін Түркияға танытқан
ашық дереккөз
Қазақ әдебиетін Түркияға танытқан

Жерлесіміз, қаламгер, аудармашы Мәлік Отарбаевтың шығармашылығы туралы бірер сөз

Елдің атын ер шығарады. Рас, бүгінде өзінің бойындағы дарынымен, білімі мен біліктілігінің, ерекше қабілетінің арқасында елімізді барша әлемге таныту жолында тынбай еңбек етіп жүрген азаматтарымыз аз емес. Спортта да, өнерде де, ғылымда да, әдебиетте де олардың төккен терлері ақталып, жемісті жұмыс жасап жатқанын ешкім жоққа шығара қоймас. Солардың бірі – жас жазушы, жерлесіміз Мәлік Отарбаев. Ол жазушылық дарынымен, аудармашылық қабілетімен ел әдебиетінің өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Тараздағы Қазақ-түрік лицейінде оқып, тіл үйренген Мәлік Сүлеймен Демирел университетінің халықаралық экономикалық қатынастар факультетінде білімін жетілдіріп, жақсы тәмамдайды. Өзінің талапшылдығымен көзге түскен ол түрлі жауапты қызметтер атқарады. Атап айтсақ, халықаралық мәдени-зияткерлік «Диалог Еуразия – Қазақстан» журналының жауапты хатшысы, бас редакторы, директорының орынбасары міндеттерін және Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Қаламгер» журналының бас үйлестірушісі болып қызмет етеді. Кейіннен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымы ТҮРКСОЙ-дағы өкілі болып та нәтижелі жұмыс істеді. Қазіргі таңда Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде дипломатиялық қызмет атқарып отыр. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мәлік бүгінде халықаралық байланыстар жөніндегі хатшы жұмысын да абыройлы жүргізуде. Негізінен жерлесіміздің аудармадағы еңбектері ауыз толтырып айтарлықтай. Өзінің шығармаларымен қатар белгілі қазақ, түрік ақын-жазушыларының шығармаларын түрік, қазақ тілдеріне аударуда табысты тер төгіп келеді. «Ойқазан» атты әдеби-философиялық ойтолғау кітабының авторы Мәлік Отарбаев «Баян» атты түрік ойтолғаулар жинағын, түрік қаламгері Х.Токактың «Олар таңның атуын күте алмады» атты әңгімелер жинағын, түрік жазушысы Х.Танердің «Қызғаншақ кісінің қу әйелі» атты туындысын, түрік ақыны Юнус Әміренің «Ғибрат» атты жыр жинағын қазақ тіліне сәтті аударған. Оларды бүгінде бауырлас елдің әдебиетімен танысқысы келген қазақ оқырмандары сүйіп оқуда. Сондай-ақ, қазақтың талантты ақын-жазушылары Нұрлан Оразалиннің «Қоздағы шоқ», «Жерік түндер» атты өлеңдер жинағын, Ғалымқайыр Мұтановтың «Уақыттың рухымен сырласу» атты поэтикалық эсселер жинағын, Темірхан Медетбектің «Соңғы сөз алдындағы соңғы сөз» атты өлеңдер жинағын, Рақымжан Отарбаевтың «Ақ көбелектер» атты әңгімелер жинағын түрік тіліне аударып, ұлт әдебиетін шетелге танытуда біршама еңбектенуде. Ол ғана емес, осыған дейін Мәлік тынымсыз еңбегінің арқасында «Сүйінбай Аронұлы» атты өлеңдер және эссе-мақалалар жинағын, «Сырлас буын» атты қазақ әңгімелері антологиясын, «Сана сәулетшісі» атты эссе-мақалалар жинағын, «Сәулелі сөздің шуағы» атты сын-мақалалар жинағын және Олжас Сүлейменовтің өлеңдерін түркі тілдеріне тәржімалап, өлеңдер кітаптарын құрастырды. Оның көркем әңгімелері мен ойтолғаулары қазақ және түрік мерзімді баспасөз беттерінде жиі басылып отырады. Осындай бейнеті ескерусіз де қалған емес. Бүгінде Қазақстан Жастар одағының «Серпер» сыйлығының, «Ақ жайық» журналының Жұмекен Нәжімеденов атындағы, «Жалын» журналының Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтарының лауреаты. Жақында жерлесіміздің Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында тұңғыш пьесасы – «Баянды бақ» сахналанып, өнерсүйер қауымның көңілінен шыққан болатын. Сәтті қойылымды тамашалаған көрермендер атынан алғысын айтқан белгілі жазушы-драматург, аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі Рахымжан Отарбаев: «Спектакль – тарихи философиялық туынды. Өйткені, қиын-қыстау кезеңдегі зұлмат жылдары қазақтың топырағынан пана тапқан талай ұлттың бірі – түрік халқы еді. Кешегі отызыншы жылдары тағдырдың тәлкегіне түскен қазаққа жақсылық жасаған да осы жұрт. Бұл екі халықтың бір-біріне айтқан рахметі болса керек», – деп «Баянды бақ» пьесасы Түркияның Анкара қаласында атыраулық әртістердің сомдауымен көрсетілетінін де айтты. – Қойылымда қазақ пен түріктің арасындағы бауырмалдық, түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына айтар алғысы анық көрінеді. Қойылым болған оқиға негізінде жазылды. Бұған дейін құжаттарда, ақпарат бетінде ғана жарық көрген еді. Қазақстанда қоныстанған этникалық топтардың ұрпақ жалғастығын көріп отырмыз. Бұл нені көрсетеді? Қазақтың дархандығын және кеңдігін. Сондықтан түпкі идея – осы. Шығарма Рахымжан Қасымғалиұлының қолдауымен көрерменге жол тартуда. «Қазір жазушы жоқ, оқитын кітап та жоқ, жастар жазбайды» деуіміз қате. Жазушылар көп, соларға қанат бітіретін, қолдау көрсететін тұлғалар жетіспейді деп ойлаймын», – деді Мәліктің өзі спектакль туралы. Мәлік Отарбаев жас та болса кәнігі дипломат ретінде қалыптасып келеді. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің хатшылығын абыройлы атқарып жүр. Бұдан бұрын түркі мәдениетін дамыту ұйымында Қазақстанның өкілі болып жемісті еңбек еткен ол бүгінде дипломаттығымен қатар, әдебиетпен де тиянақты айналысуға ерекше көңіл бөліп, қолынан келгенше ұлт әдебиетін дамытып, насихаттауға қажыр-қайратын сарқа жұмсап келе жатқандығы қуантады.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар