«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Домалақ ене» символикалық драмасы сахналанды

«Домалақ ене»  символикалық драмасы сахналанды
ашық дереккөз
«Домалақ ене» символикалық драмасы сахналанды

Жуырда ғана дүниеден озған ақын, жазушы, драматург Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ене» символикалық драмасы облыс қазақ драма театрында сахналанды. Аталмыш қойылым жазушының сексен жылдығына орай тараздық театрсүйер көрермендердің назарына ұсынылды. Премьераның ашылуында сөз алған театр директоры Болат Бекжанов Арғынбай Бекбосынның шығармашылығының мазмұндылығы хақында ой тербеп, ардақты ағаның талантты композитор Мэлс Өзбековтің рухына бағыштап, Дүйсенәлі Бықыбаевтың әніне жазған «Мэлстің соңғы әні» атты сиясы кеппеген шығармасын таныстырды. Ақынның өзі де тыңдай алмай кеткен аталмыш әнді әнші Оңал Азаматова бебеулете шырқап, тыңдармандардың жүрегін елжіретті. Қайырмасы: «Әттең дүние бірақ та, Жеткізбейсің мұратқа. Соңғы әнімді айтайын, Уақыт берші бір апта», – деп келетін ән жолдары әуезді ырғақпен үйлесім тауып, композитордың атынан сөйлеген А. Бекбосынның өзінің де соңғы жүрек сөзіндей әсер қалдырды көпшілікке. Бұдан соң қойылымға кезек келді. Бірден айту керек, драмада Домалақ ененің бейнесі басты картинада болғанымен, Бәйдібек бабаның образы, тұлғалық болмысы да қатар жүріп отырады. Екеуінің де даналық, даралық келбеті бірдей ашылады. Бұл бір жағынан заңды десек, жазушы өз драмасында осыған жіті көңіл бөлгені байқалып тұр. Қаһарлы Әмір Темір заманының жаугершілік кезеңі оқиға желісінің сан қилы өрбуінің негізгі факторына айналған. Домалақ ене – Нүрилә анамыздың әулиелік қасиеті, ақылман, парасатты бейнесі қандай? Осы сұраққа тұтас қойылым барысында жауап табуға болады. Тарихи және аңыз әңгімелер негізінде баяндалған спектакльді сахналауда қоюшы режиссер, халықаралық, республикалық театр фестивальдерінің жеңімпазы Қуандық Қасымов шешуші сәттерді негізгі картиналарға шығаруда қателеспегендей. Қарақшы Қара Хайдардың Бәйдібек жоқта бар малды барымталап кетуі, сондағы Домалақ енемен өзара диалогы, бәйбішенің алты ұлының өз қателіктерінің кесірінен қаза табуы, қатал әмірші Әмір Темірдің әділ шешімі және бірбеткейлігі секілді детальдар қойылым болмысына екпінді реңк беретінін режиссер де тап басқан әрі соған жұмыс істегені байқалады. Сахна декорациясы аса бай болмаса да, сай болды. Бәйдібек бабадан тараған ұрпақтары бүгінде бір қауым ел екенін ескерсек, сахна ортасындағы шаңырақтың, оған байланған сан-тарау арқандардың өзіндік сипатын айтпасақ та түсінікті еді. Қойылымның шарықтау шегінде Домалақ ененің парасаттылығына сүйене отырып, елді басқарған Бәйдібек бабаның бүгінгі ұрпақтары бейбіт, тату, көші талайдан ілгері елге айналғанымен шендестірілгені де сәтті шықты. Мұның бәрінде автордың тарихи қойылымға сай көркем тілімен жазылған туындысын аса тиянақтылықпен сахналаған режиссердің, қоюшы суретшінің және басқа да шымылдық артындағы шығармашылық ұжымның еңбегін жақсы бағалауға болады. Домалақ ене – Нүрилә ананы театр актрисасы Жадыра Құлтаева мүмкіндігінше сәтті ойнап шықты. Ал Бәйдібек образында өмір сүрген Мәлік Ақүрпеков, Әмір Темірді шебер бейнелеген Кенен Ақүрпеков, Қара Хайдар образына сендіре білген Мәмбет Қожалиев, Жәлмембет образындағы Жасұлан Қамбатыров және өзге де театр актерлері өздеріне берілген рөлдерді лайықты сомдаған. Қойылымнан соң сахнаға Арғынбай ағаның жұбайы Дариға апамыз көтеріліп, Арекеңнің шығармасын жоғары деңгейде сахналаған режиссерге, әртістерге, театр ұжымына құрмет білдіріп, алғыс айтты. Қоюшы режиссер Қуандық Қасымовқа, Бәйдібек образын сомдаған актер Мәлік Ақүрпековке қазақы дәстүрмен шапан жапты. Көрермен қауым тарихи кезеңдерден сыр шерткен айтулы қойылымнан ой түйіп қайтты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар