«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Білім – мемлекет дамуына жол ашады

Білім – мемлекет дамуына жол ашады
ашық дереккөз
Білім – мемлекет дамуына жол ашады

Соңғы қоңырау салтанаты оқушылар үшін ерекше күн. Оқушыларды алда үш ай жазғы демалыс күтіп тұр. Мектеп бітірушілер үшін бұл – «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» мектебімен қоштасатын, үлкен өмірдің бастауы. Ал білім ордасын он, жиырма жыл бұрын аяқтағандардың туған жерге келіп, балалық шағын сағынышпен еске алатын шырайлы мерекесі. Тараз қаласындағы №5 Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясында біз осындай салтанатқа куә болдық. Шараға Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет қатысты. Болашаққа қадам басатын жас түлектерді ең әуелі Рүстем Дәулет құттықтап, сәттілік тіледі.

– Бүгін бәріміз қуанышты сәтте бас қосып отырмыз. Білім мемлекеттің дамуына жол ашады. Білімсіз ұрпақтың, елдің болашағын елестету мүмкін емес. Құрметті мектеп бітіруші түлектер! Бүгін, міне, осы мектепте 11 жыл оқып, ұстаздар сапалы білім мен саналы тәрбие алып, өмірдің үлкен көшіне қадам басқалы отырсыздар. Сіздердің алған білімдеріңіз келешекте кәдеге жарайтынына сеніміміз мол. Өмірдегі басқан қадамдарыңыз сәтті болсын. Бүгінгі салтанатты мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерді алда үлкен тестілеу сынағы күтіп тұр. Сол сыннан сүрінбей өтуді тілейміз, – деген қала әкімі білім саласын дамыту барысында атқарылып жатқан шараларға да тоқталды.

– Білім саласына көрсетілген қолдаудың арқасында мектептердің материалдық жағдайы жақсарып келеді. Мәселен, қала бюджетінен 20 миллиард теңгеге жуық қаражат білім саласын қаржыландыруға жұмсалды. Сондай-ақ жаңа білім ордалары көптеп салыну үстінде. Мысалы, «Салтанат» шағын ауданында мың орындық мектеп бой көтереді. «Бәйтерек» шағын ауданында 1200 орындық және Шөлдала аймағында 900 орындық мектептің құрылыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ №24 мектептің ғимараты кеңейтілуде, – деді. Биыл Жамбыл атындағы мектепті 86 түлек тәмамдады. Соның үшеуі алтын белгіге үміткер екен. Солардың бірі – Әсем Ақпаева алдағы мемлекеттік емтихандар мен ҰБТ-ға тастүйін дайын екенін айтады. «Бүгін қобалжып әрі қуанып тұрмын. Бір жағынан мектепті қимаймын, алайда үлкен өмірге қадам басқаныма қуаныштымын. Тестілеуге дайындық қызу жүріп жатыр. Жоғары балл жинаймын деген үміттемін», – дейді жас түлек. Бір айта кететіні, осы жылы Жамбыл атындағы №5 мектеп гимназияның ашылғанына 80 жыл толыпты. Білім ордасы 1937 жылы ашылғанда 79 оқушы тәлім алып, 6 мұғалім сабақ берген екен. Ал қазір мектепте 2080 оқушы білім алуда. Бұл гимназияда есімі елге танымал Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Өмірбек Байгелді, Баттал Жаңабайұлы, Мырзатай Жолдасбеков секілді тұлғалар білім алған.

* * * М.Мақатаев атындағы тірек мектебінің директоры Алтынкүл Сихимованың айтуынша, биылғы оқу жылы ұжым үшін табысты болыпты. Тоғыз айда шәкірттері интеллектуалдық, шығармашылық байқауларда, пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар жарыстарында жоғары жетістіктерге қол жеткізіпті. Салтанатты шарада оқуда озат шыққан, өнерімен дараланған жас дарындар марапатталды. Оқушыларды оқу жылының аяқталуымен құттықтаған аудандық білім бөлімінің басшысы Клара Қожағаппанова мектеп түлектеріне сәттілік тіледі. – Биыл аудан бойынша 886 оқушы орта мектепті тәмамдап, үлкен өмірге қадам басты. Оның 544-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіріп отыр. Шулық түлектердің 21-і «Алтын белгіден», 14-і үздік аттестаттан үміткер. Осы оқу жылында ауданымыздың білім деңгейін көрсеткен үздік оқушылар аз болмады. Солардың арасында мектеп бітірушілер де бар, – деді ол. Салтанатты шарада мектептің ардагер ұстазы Айжан Болатқызы да өзінің ақжарма тілегін білдіріп, бүгінгі түлектердің ертең майталман маман атанатынына сенім білдірді. Осыдан кейін бірінші сыныптың үздік оқушылары да аға, әпкелеріне ақ жол тілеп, мектеп бітірушілерге сый-құрмет көрсетті. Игі дәстүр бойынша мектеп түлектері өздерінің ізбасарларына білім кілтін және бірінші сынып оқушыларына сыйлықтарын табыс етті.

Абай ОТАР, Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол».

Тараз қаласы және Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар