Медицина қызметі мінсіз болса
Қаратау қаласындағы емхананы жоғары білімді, көп жылдық тәжірибесі бар Гүлнар Қаленова басқарады. Негізінен білікті, іскер басшы кез келген істі дөңгелетіп әкететіні белгілі. Содан болар, дертіне дауа іздегендер емдеу мекемесінің мамандарына дән риза. Емхана дәрігерлерінің жұмыс кестесі мен керек ақпараттың бәрі келушілерге ыңғайлы етіп орналастырылған. Рентген, УДЗ, ЭКГ, зертхана секілді адам көбірек баратын кабинеттерде де тұрғындардың кезекке таласып, сөз түсінбей жатқанын көрмейсің. Емдеу мекемесінде жас мамандар баршылық. Соның бірі – Шымкент медициналық институтының түлегі Рашид Бархударов. Ол жас та болса іске бейім, білімді, төрт тілді қатар меңгерген дарынды дәрігер. Бір өзі учаскелік дәрігер мен ауданның онкологы, терапевт міндетін қатар атқарады. Кезекшілікте науқастарды қабылдайды. Осындай кішіпейіл, көпшіл, білімді жастардың қатары көбеюі – Гүлнар Нұрмахаматқызы секілді білікті басшыдан. Мұндай ұжым басшысымен мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу де қиынға соқпайды деп білемін. Л.Кузнецова, Н.Качалова, С.Дорофеева секілді тәжірибелі, білікті дәрігерлер емханамен қатар, ауруханада да ем жүргізеді.
Дегенмен, кейбір ауру түрлері емдеу жүйесінің 8-10 күндік қалыбына бағынбайтынын айта кету керек. Мәселен, былтыр желтоқсан айының соңында түнгі сағат 2-де жедел жәрдем көлігімен ауруханаға түстім. Онда пульмонологтың жоқтығынан ауруымнан толық айыға алмадым. Осы жылдың ақпан айында Тараздағы №2 қалалық аурухананың пульмонология бөліміне жедел емделу үшін жолдама алдым. Мені бөлім меңгерушісі Жанна Абдуалиева мен бөлім дәрігері Владимир Михайлов қарады. Алғашқы он күнде аурудың беті қайтпаған соң, қосымша ұзақ емдейтін бөлім арқылы ем қабылдадым. Жалпы пульмонология бөлімінде 80-нен астам адам тұрақты ем алады екен. Бөлімнің барлық жұмысымен қатар, аудандарға барып ем жүргізу секілді жауапкершіліктің бәрі Жанна Уалиқызының бір өзіне жүктелген. Оларға артылған міндеттің ауырлығын көрген соң ақ халаттылардың еңбегінің адал екенін түсінесіз.
«Адам жаны төзімді» деген сөз рас қой. 2014-2015 жыл аралығындағы он айда өкпемнен 20 литр 580 грамм су алдырдым. Бұл емдеу шарасы өкпеқапты тесу арқылы жасалады екен. Жалпы 23 рет осындай ем-шара жүргізді. Оның үшеуін Алматы қаласында, қалғанын Таразда жасаттым. Қазір осы азаптарға қалай шыдағаныма таңғаламын. Облыстық аурухананың кардиология бөлімінде емделгенімде де жоғары санатты дәрігер Рауза Мақсұтова өкпемнен су алдыртқан еді. Қиналғанда қолұшын созған осындай мейірбан жандардың еңбегін жайшылықта ұмытып кету адамшылық қасиетке жат деп есептеймін. Сол себепті, жақсының жақсылығын айтқанды жөн санадым.
Жалпы, дәрігер болу оңай емес. Әсіресе, қазіргідей кез келген сала жаңғырып, қоғам жаһандық өзгерістерге бейімделіп жатқанда, бұл тіптен қиын. Әйтсе де, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесі қазіргі заман талабынан туындаған талап екенін айта кетуіміз керек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев медицина қызметкерлерінен сапалы жұмысты талап етуде. Себебі, аурудың алдын алу мен дұрыс әрі сапалы емдеу – күн тәртібіндегі басты мәселе. Сондықтан, Талас ауданына бір пульмонолог дәрігердің қажет екенін ескерсе деймін. Өйткені, аталған маман өз ауданымызда болса, тұрғындар облыс орталығына немесе өзге қалаларға сабылмас еді әрі бұл ауруды асқындырмауға септігін тигізері анық.
Базар Тәттібаев,
ауданның Құрметті азаматы.
Қаратау қаласы,
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді