халықаралық конгресс аясында суретшілер симпозиумы өтуде
Өткен аптада өңірімізде «Ұлы дала өркениеті» атты халықаралық конгресс өз жұмысын бастады. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің бастамасымен облыс әкімдігі және Қазақстан Суретшілер одағы ұйымдастырған шараның шымылдығы Тараз қалалық Мәдениет үйіндегі пленарлық мәжіліспен түрілді. Жоғары оқу орнының мұрындық болуымен өтіп жатқан дәстүрлі конгресс облысымыздың көркем табиғатын, тарихи болмысын, Тараз қаласының көркем бейнелерін шет ел суретшілерінің көзімен пайымдау, бейнелеу өнері арқылы халықаралық достықты, мәдени және рухани байланыстарды нығайту мақсатына негізделді. Мәжіліске Польша, Италия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясынан арнайы шақыртылған ғалымдар, суретшілер және өнер саласындағы студенттер қатысты. Шарада алғаш сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов конгресс жұмысына сәттілік тілеп, алыстан ат арытып келген қонақтарға алғысын білдірді. Ал ТИГУ-дың ректоры Ерболат Саурықов шараның мән-маңызы туралы айтып өтті. – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Біз тарихымыздың жаңа шамын жақтық, сондықтан бүгін және мәңгілік Қазақстанымыз – Ұлы Дала Елі, бұл Ұлы жаңғырған Дала Елі, біздің Отанымыздың көп этникалық халқының бесігі. Сүйікті Отанымыздың халықтық атауы – Ұлы Дала Елі. Бұл ұғымда біздің қазақстандық мінезіміз бен оның негізгі ерекшеліктері – ашықтық, рухани байлық, жүректеріміздің жылуы, қонақжайлылық, бейбітшілікті сүю, даналық пен еңбексүйгіштік сынды қасиеттері көрініс тапқан», – деген болатын. Осы ұғымды негізге алып ұйымдастырылып отырған бұл халықаралық конгресс он күнге созылады деп жоспарланды. Конгресс барысында суретшілер симпозиумы және түрлі тақырыптарда секциялық жұмыстар жүргізіледі. Онда талқыланатын мәселелер еліміздің дамуы және болашағы үшін маңызды болары сөзсіз, – деді Е.Саурықов. Өзге де елдерден келген ғалымдар, суретшілер сөз алып, игі шараны ұйымдастырған облыс әкімдігіне, ТИГУ басшылығына өз алғыстарын жеткізді. Конгресс барысы түс ауа жеті бағыт бойынша секциялық мәжіліс жұмыстарына ұласты. Сонымен қатар, ТИГУ Қытай Халық Республикасының Чженцзин шет тілдер университетімен және Қырғыз Республикасының Экономика және қаржы институтымен өзара әріптестік байланыс туралы меморандумға қол қойды. Сондай-ақ, халықаралық конгресс аясындағы «Ұлы дала белестері» атты суретшілер симпозиумына қатысушы Польша, Италия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Финляндия елдерінен келген танымал қылқалам шеберлері өңіріміздің түкпір-түкпіріне аттанды. Атап айтсақ, олар 21-22 мамыр күндері Мойынқұм, Бетпақдала төскейіне, Құралай сұлу кесенесіне, 23-24 мамыр күндері Меркі демалыс өңіріне, 25-27 мамыр аралығында Тараз қаласында шеберлік класс жұмыстарын өткізеді. 28 мамыр күні қатысушы барлық суретшілердің картиналары облыстық көрме залына қойылып, көпшілік назарына ұсынылмақ. Ендеше, іске сәт, қылқалам шеберлері.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді