«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы
ашық дереккөз
Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Оның ұтымды тұстары облыстық конференцияда кеңінен талқыланды

Мемлекет басшысы жақында ғана жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», деді. Бүгінде бұл мәселе қоғамның басты тақырыбына айналуда. Осы орайда облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Марс Үркімбаев атындағы Жастар сарайында «Латын әліпбиіне көшу – тіл реформасының бір сатысы» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған түрлі басқарманың қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, жоғары оқу орындарының басшылары мен ұстаздары және белсенді жастар қатысты. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков модератор ретінде жиынды жүргізіп, өзінің де салмақты ойларын ортаға салып отырды. Шараны кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Президент мақаласының өзектілігі мен маңыздылығын сөз етіп, латын әліпбиіне көшу тәуелсіз еліміз үшін рухани жаңғырудың бір сатысы әрі уақыт талабы екенін айтып өтті. Сондай-ақ, Ерқанат Нұрбапаұлы конференция жұмысына сәттілік тілеп, жиналғандарды баяндамашылардың келелі пікірлеріне мұқият назар аударуға шақырды. Латын әліпбиіне көшу – Мемлекет басшысы тарапынан бүгін ғана туындап отырған бастама емес. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыдан үш жыл бұрын «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп ашық айтқан болатын. Әлбетте, бұл орайда басты мәселе – ұлттық сана жаңғырып, құлдық санадан арылуда жатыр. Айналып келгенде, бұл идеяның астарында біртұтас ұлт құру деген мақсаттың да қылаң беретіні анық. Демек, көреген Көшбасшымыз бұл жөнінде ойлы қадамға барып отыр дей аламыз. Конференцияға қатысушылардың барлығының дерлік ойы да осымен өзектес болып шықты. Ендігі кезекте Үкімет, арнайы құрылған комиссия қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін биыл жыл аяғына дейін дайындап, тапсыруға тиісті десек, бұл жерде салмақ латын әліпбиінің нұсқасын дайындайтын ғалымдарға түсетіні анық. Алайда бұған біздің қоғам дайын ба? Қандай мәселеге көңіл бөлу керек? Осы тұрғыда конференцияда алғашқы болып баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы нақты жауаптар беруге тырысты. Астанадан арнайы келген ғалым жазу реформасы – рухани серпілудің негізгі бастамасы болатынына көңіл бөлді. Ол бұған дейін осы әліпбиге көшкен елдердің тәжірибесіне сүйеніп, өзіміздің ұлттық болмысымызға ден қоя отырып әрекет етсек жаңғыру жолындағы еліміздің еңбегі еш болмайтынына сенетінін жеткізді. Шерубай Құрманбайұлы кейбір зиялы қауым өкілдерінің латын әліпбиіне көшуде кездесетін қиындықтар туралы пікірлерін де негізсіз демей, алайда, оның қиындығынан гөрі тиімділігі, ұлт, ұрпақ үшін ұтымды тұсы көп болатынын тілге тиек етті. Баяндамашы өзінің ұсынып отырған латынша әліпби үлгісін де таныстырды. Онда бүгінгідей 42 әріп емес, бар-жоғы 28 ғана әріп болатынын, қазақ тіліне жат в,ё, и, ц, щ, ч, ь, ъ, ф, х, һ, э, ю, я секілді он төрт әріптің енбейтінін айтады. Ғалым осылайша қазақ тілінің тазалығын, ұлттық сипатын арттыруға болады деген ойын ортаға салды. Бұдан кейін сөз алған баяндамашылар А. Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының ғылым жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова «Латын әліпбиі – өркениетке жол», филология ғылымдарының докторы, профессор Қасиет Молғаждаров «Қазақстанның келешектегі латын жазуы» тақырыптарында сөз қозғап, ойларымен бөлісті. Олар да жазу реформасының жағымды жақтарын тілге тиек етіп, сол арқылы тіл сауаттылығының артатынын алға тартты. Қасиет Молғаждаров латын әліпбиіне ауысқанда компьютер пернетақтасындағы әріптерді ғана пайдалану керектігіне назар аударды. Қорыта айқанда, баяндамашылар мен қатысушылардың пікірталасы кезінде еліміздің рухани жаңғыруы жөніндегі көзқарастарынан, соның ішінде қазақ тілінің латын әліпбиіне көшетіні туралы пікірлерінен көкейде жүрген сұрақтарға жауап алғандаймыз. Яғни, ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі – тілімізді сақтап қаламыз десек, әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз кезек күттірмейтін мәселе екендігі айқын. Конференцияның негізгі түйіні осы ойға тиянақталды.

Жанғазы ахмет, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар