«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбыл жерінің жарқын жетістіктері

Жамбыл жерінің  жарқын жетістіктері
ашық дереккөз
Жамбыл жерінің жарқын жетістіктері

Кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед облысқа іссапармен келді. Оны облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған өңір басшылары қарсы алып, алдымен Қордай асуында жұмыс істеп тұрған еліміздегі ең ірі жел электр стансасының жұмысымен таныстырды. Бұл нысан – Астанада таяуда ашылатын ЭКСПО халықаралық көрмесінің қазақстандық павильонына Жамбыл облысынан ұсынылып отырған үш бірегей жобалардың қатарында. IMG_1551 IMG_1493Жамбыл жері «Жасыл экономика» бағдарламасын жүзеге асыруға ең қолайлы аймақ. Күн мен желден қуат алатын баламалы энергия көздерінің қанатты жобалары елімізде ең алғаш біздің өңірде қолға алынған. 2011 жылы желтоқсан айында Қордай асуында «Изен Су» ЖШС өнеркәсіптік негізде жел электр стансасының алғашқы екі мұнарасын салып, қуат өндіруді бастаса, бір жылдан соң Отар елді мекенінің жанынан «ҚазЭкоВатт» ЖШС күн сәулесінен электр қуатын өндіретін еліміздегі алғашқы стансаны іске қосқан еді. 2014 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күні аясында өткен жалпыұлттық телекөпірде Қордайдағы жел электр стансасы өндірісінің кезекті жобалық қуатын игеруі паш етілген болатын. Содан бері адуын асу беліндегі желден қуат өндіретін станса қондырғыларының үлкен шоғыры пайда болды. «Виста-Интернешнл» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Тоқбаев қонақтарға стансадағы жұмыс жағдайын баяндады. Қазір Үдемелі индустриялық инновациялық дамыту бағдарламасы аясында қолға алынған ірі жобаның екінші кезеңі жүргізілуде. «Виста-Интернешнл» ЖШС бұған дейін қуаттылығы 21 мегаватт болып табылатын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасын іске қосса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасын қолға алып отыр.

Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылуда. Бүгінде мұнда Германияда жасалған осы замандық 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Әрқайсысының салмағы 180 тонна, биіктігі 60 метрлік бұл қондырғылармен жылына 50 миллион кВт. сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл 150 мыңға жуық халқы бар облыстағы ең ірі Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге жететін қуат көзі деген сөз.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед баламалы энергия көздерін қолдану елімізде алдымен осы өңірде қолға алынуымен қатар, одан әрі қарқынды түрде дамытылып отырғанына назар аударды. – Санаулы күндерден соң Астанада жұмысын бастайтын ЭКСПО-2017-нің басты тақырыбы «Болашақтың энергиясы» екені мәлім. Ал осы жаңа жоба ең алғаш елімізде қайда басталды дегенде еш әсірелеусіз «Жамбыл облысында басталды» деп айтар едім, – деді Мұхтар Абрарұлы. – Кенен ата жырға қосқан Қордайдың қоңыр желі заманалар бойы ешкімге пайда келтірмей жай соғып келген болса, енді, міне, қуат өндіретін қалбағайларды айналдырып халық кәдесіне жарап тұр. Бұл облыстың электр қуатына қажеттілігі 450 мегаватт болса, соның жартысы (247МВт) жел, күн, су тәрізді экологиялық таза баламалы қуат көздерінен өндіріліп отырғаны үлкен жетістік. Бұған дейін Германия, Франция, Голландия сияқты өркениеті дамыған Еуропа елдерінде үлкен жолдың бойында осындай жел электр стансалары жұмыс істеп тұрғанын көретін едік. Енді, міне, олар өз жерімізде де пайда бола бастады. Сондай-ақ, 50 МВт электр қуатын өндіру әлеуетіне ие Орта Азиядағы ең ірі саналатын сіздердің облыстағы «Бурное Солар-1» күн электр стансасының да болашағы зор. М. Құл-Мұхаммед бұдан соң «Первомайские деликатесы» ЖШС-ның жаңа үлгідегі мал сою цехының құрылысын көрді. Халықаралық стандартқа сай ең озық технологиялармен мал сойып ет өнімдерін дайындайтын өндіріс орнының жылдық өнімділігі 1320 тонна сиыр етін және 79,2 тонна қой етін дайындау. Өндіріс іске қосылғанда 104 жаңа жұмыс орны ашылады. * * * «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қордай ауданындағы «Мұзбел» таулы аймағындағы жел электр стансаларының жұмысымен танысқан соң Меркі ауданындағы «Меркі ірімшік зауыты» ЖШС-на келді. Мәртебелі қонаққа Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардан дәйекті дерек, мәлімет беретін көрнекті стенділермен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов таныстырды. «Луговой» жылқы зауыты» ЖШС асыл тұқымды ірі қараның 680 басын өсіріп, өрбітіп отырған кәсіпорын. Бүгінде «Алатау» тұқымдас 170 сауын сиырдан бір жылда 450 тонна сүт өндіріп отыр екен. Сол сияқты «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша барлық инфрақұрылымы іске асырылған 45 мың бас шошқа бордақылайтын алаң да, сағатына он бес тонна құрама жем дайындайтын зауыт та, жылына 60 тонна бекіре балық және толық қуатында істеген кезде 2 тоннадай уылдырық шығаратын өндіріс те, өсіріліп жатқан асыл тұқымды Қамбар ата түлігі де Мұхтар Абрарұлының қызығушылығы мен ризалығын тудырды. Ал «Агрофирма түрікпен» серіктестігі асыл тұқымды ірі қара малын өсіруде. Олар Калмыкиядан әкелінген. Бір мезгілде 3000 бас ірі қара және 5000 басқа арналған репродуктор шаруашылық туралы мәліметке қаныққан мәртебелі қонақ бұл ірі қараның өзіміздің «Алатау» атты жергілікті мүйізді түлігімізден қандай айырмашылығы бар екеніне назар аударды. – Бұл зеңгі баба тұқымы өзіміздің жерде бұдан жүз, жүз елу жыл бұрын өсіріліп, кейіннен тұқымы жойылып кетіпті, – деді облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы. – Бұл тұқым ыстыққа да, суыққа да төзімді әрі еті өте жоғары сапалы. – Мен, – деді Мұхтар Абрарұлы. – Астанада алма өсірумен айналысып көрдім. Өзіміздің жергілікті жеміс ағаштары солтүстіктің суығына шыдай алмайды екен. Омскіде «Сибирский питомник» деген бар. Солардан көшет алып өсірдім. Қазір оның бес түрін өсіріп, жемісін жеп отырмын. Жамбыл – жер жәннаты. Мұнда алма өсіруді қолға алғандарыңыз құптарлық іс екен. – Оныңыз рас. Біз келешекте өзіңіз айтқандай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі бойында 2025 жылға дейін 1600 гектардай алма бақтарын орналастырмақпыз. Инвесторлар тартпақпыз. Егер кәсіпкер 50 гектар жер алса, ол сол ауылдың азаматтарына 5 гектардан бөліп беретін болады. Сонда өзіңіз айтқандай жол бойы сервисі жүзеге асады. Көшеттерді Сербиядан, Польшадан, Түркия елінен алдырып жатырмыз, – деп өз жоспарымен бөлісті облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы. Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков мал басының өсуі нәтижесінде ет, сүт өндірудің артып келе жатқанын айта келіп, аудан 2015-2016 жылдары және 2017 жылдың І тоқсанында ауыл шаруашылығы көрсеткіштері бойынша облыста алдыңғы орындарды иеленіп келе жатқанынан хабардар етіп, енді негізгі мақсат қант қызылшасымен түбегейлі айналысу екендігін айтты. Биылғы жылы аудан балтамыр көлемін 2 000 гектарға дейін жеткізуді жоспарлап, Ресейден, Германиядан «Франклайн», «Штоль V-20» сияқты 11 қызылша комбайны, 3 дән сепкіш, 4 культиватор, «РБМ-6», «БМ» сияқты жапырақ кескіштер алынғанын тілге тиек етті. Әрі қант қызылшасынан жекелеген кәсіпкерлер гектарынан 900 центнерден астам өнім алғанын, 2013 жылмен салыстырғанда тәтті түбірдің жалпы түсімі 23 354 тоннаға жеткенінен де хабардар етті. Жалпы облыстың ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы саласындағы жетістіктеріне, жаңа бастамаларына риза болған Мұхтар Абрарұлы: «Жамбыл облысы Елбасының тапсырмаларын дәйекті, жемісті, табысты орындап келе жатқан үздік облыс. Меркі ауданы қант қызылшасы өнімін 10 есе арттырыпты. Бұл – үлкен жетістік. Сол сияқты ауыл шаруашылығынан да алдыңғы орында екен. Жердің жәннатында тұрасыздар», – деп ризашылығын білдірді. Олар одан соң «Меркі ірімшік зауытының», «Меркі өнімдері» кооперативінің, «Севиль» жеке меншік сүт зауытының өнімдерімен танысып, дәмін де татып көрді. Зауыттың жұмыс істеп жатқан қондырғыларын көріп, жұмысшылармен тілдесті. Одан соң зауыт ауласында күтіп тұрған аудан кәсіпкерлерімен тілдесті. – Қазақстандағы үлкен аграрлы өңір болғаннан кейін Елбасының тапсырмасымен келіп, жақсы істердің куәсі болудамын. Аграрлы облыстың бұрыннан-ақ екі үлкен проблемасы болған. Ол – электр энергиясы және табиғи газ. Павлодар облысында ең арзан электр энергиясы өндіріледі. Сондықтан онда өндіріс ерекше дамыған. Ал Жамбыл облысының электр қуатына деген сұранысы 450 МВТ. Сондықтан сапарымды Қордай ауданынан бастап, мұндағы неміс технологиясы бойынша орнатылған жел электр стансасының жұмысымен танысып, өте риза болдым. Бүгінде орнатылған 50 қондырғы 50 МВТ энергия өндіріп тұр. Сол сияқты Жуалы ауданындағы күн электр стансасының да жұмысымен таныспақшымын. Аталған арзан электр энергиясын беретін орындар қағаз жүзінде емес, шын мәнінде жұмыс істеп тұрғаны қуантады, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Одан әрі мәртебелі қонақ санаулы күндерден соң ЭКСПО –2017 халықаралық көрмесі қонақтарға есігін айқара ашатынын, онда «Болашақтың энергиясы» көрсетілетінін, ал Жамбыл облысы осы айтулы істі шын мәнінде іс жүзіне асырып жатқандарына өте риза екендігін білдірді. Кәсіпкерлерді Германия еліндегідей «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы бойында қызмет көрсететін заманауи, типтік жобамен сервистік орындар ашуға шақырды. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары қант қызылшасын өсіруге ерекше назар аударуды ұсынды. Көрші өзбек елімен қарым-қатынас жақсарып, алыс-беріс артады. Сол кезде көкөністің бағасы төмендейді. Ал балтамырдың пайдасы ұшан-теңіз әрі тәтті түбір екі-ақ облыста өсіріледі. Сол себепті кәсіпкерлерге осы сала толағай табыс әкелетінін баса айтты.

* * *

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед облысқа жұмыс сапары барысында Тараз қаласының «Арай» тұрғынжай алқабындағы тұрғын үй құрылысының жұмысымен танысты. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында іргетасы биылғы сәуір айында қаланған екі үйдің құрылысын жүргізіп жатқан құрылысшылармен ашық-жарқын әңгімелескен партия Төрағасының бірінші орынбасары олардың жалақыларының мөлшеріне де назар аударды. Облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев Мұхтар Абрарұлына құрылыс басындағы арнайы орнатылған схема арқылы тәуелсіздік жылдарында тұрғын үй құрылысында атқарылған жұмыстар туралы қысқаша хабардар етті. Сонымен қатар кейінгі жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үймен қатар, білім беру саласында пайдалануға берілген және құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарды да баяндады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қолға алынған бірінші үйдің құрылысын Марат Рахманбердиев жетекшілік ететін «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары жүргізуде. Жобаның құны – 655,7 миллион теңге. Қаржы Ұлттық қор мен жергілікті бюджеттен бөлінген. 4,7 мың шаршы метр аумақты алатын көп қабатты тұрғын үйде бір бөлмелі – 15, екі бөлмелі – 30 және үш бөлмелі 35 пәтер болады. Екінші үйдің құрылысын «Бином» ЖШС-ның құрылысшылары қолға алыпты. Бұл тұрғын үйдің жобалық құны 556,4 миллион теңге. Мұның да жобасы бірінші үйдікіндей. Құрылыстары бір мезгілде басталған екі көп қабатты тұрғын үйді де келер жылы пайдалануға беру жоспарланған. Қоныстанушылар пәтерлерге жалдық тәсілмен қол жеткізбек. Ал сегіз жылдан соң, жеке меншікке өткеріледі. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары осы маңдағы бес қабатты тұрғын үйлердің архитектуралық ерекшеліктері мен сәулетіне сүйсініп, жалпы тұрғын үй құрылысының қарқынын жоғары бағалады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаланың шығыс жағынан жаңа шағын ауданның құрылысы басталғанынан да хабардар етті. Тараз қаласының жыл сайын көркейіп, ұлғайып жатқанына риза болған Мұхтар Абрарұлы басқа өңірлерге қарағанда мұнда баспана бағасының біршама арзан екенін де атап көрсетті. М.Құл-Мұхаммедтің тағы бір баса назар аударғаны жалақы мөлшері болды. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеевке қарапайым еңбек адамдарының жалақы мөлшерін көбейтуді үнемі назарда ұстауды тапсырды.

«Ақ жолдың» тілшілер тобы: Құрманбек ӘЛІМЖАН, Серік ҚҰРАЛБАЙ, Амангелді ӘБІЛ.

Қордай, Меркі аудандары және Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар