«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қордайдың алтын дәуірі есік қағып тұр

Қордайдың алтын дәуірі есік қағып тұр
ашық дереккөз
Қордайдың алтын дәуірі есік қағып тұр

Өткен жылдың соңында облыс орталығында өткен «Taraz invest – AqroIChemicaI Day 2016» халықаралық инвестициялық форумында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен германиялық «Aurum Deutschland AG» компаниясының бас директоры Йоган Штоль арасында Қордай ауданында алтын кен орнын барлау және кен байытатын комбинат құрылысын бастау туралы келісімге қол қойылған болатын. Жуырда компания өкілдері аудандық Мәдениет үйінде аудан басшыларының және жергілікті тұрғындардың қатысуымен өндірістің қоршаған ортаға әсері мен әлеуметтік салаға ықпалы бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Оған облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев және облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары қатысты. 6e38b151e5c2bff587be9f3e304b5a3b_LӘлемнің алтын өндіретін алдыңғы қатарлы елдерінде қазіргі заманғы ең озық технологиямен кен игеру тәжірибелерін табысты жүргізіп келе жатқан германиялық бұл белгілі компания біздің облысқа да үлкен инвестиция әкелмек. Бұл қадам 2012 жылы 8 ақпанда Қазақстан мен Германия үкіметтері арасында жасалған шикізат, өнеркәсіп және технологиялық әріптестік туралы келісім аясында басталған. 2016 жылы 18 қаңтарда Инвестиция және даму министрлігі мен «Aurum Deutschland AG» ЖШС арасында Жамбыл облысының «Қаратас-Майбұлақ» іздеу алаңында алтын және асыл тас компоненттерін барлауға келісім жасалып, компания Қордай ауданындағы аталмыш алтын кен орындары негізінде тау-кен металлургиялық комбинатын салу бойынша шетелдік инвестор ретінде шығып отыр. Мемлекетаралық келісімдерден соң компания өкілдері «Қаратас-Майбұлақ» алаңына келіп геологиялық барлау жұмыстарын жүргізген болатын. Алғашқы нәтижелер кен орнында алтынның құрамы өндірістік көлемде бар екенін көрсетті. Сондай-ақ, бұған дейінгі белгісіз жаңа аумақтарда да алтынның мол қоры бары анықталған. Осыған негіздеп неміс компаниясы Ноғайбай ауылының маңынан салынатын жылдық қуаты 5-6 тоннаны құрайтын тау-кен металлургиялық зауытының жобасын әзірлеуде. Заманауи технологиялар мен жаңа құрал-жабдықтардың арқасында мұндай нәтижеге жетуге болатын көрінеді. Мұнда тас уату, елеу, тасымалдау, үюдің Германия, Швеция, Франция, Ресей елдерінен әкелінетін заманауи экологиялық қауіпсіз қондырғылар қолданылады. Қоғамдық тыңдауда компания бас директорының бірінші орынбасары Юрий Фадеев пен бас директордың көмекшісі Ерлан Жүсіпов Германия үкіметі шетелдерде жұмыс істейтін компаниялардың жұмысын қатаң бақылауда ұстайтынын ескертті. Өндіріс бағытындағы және экологиялық тұрғыдағы кез келген жобадан ауытқулар мен заң бұзушылықтар қатаң жазаланады. Сондықтан компания мұндағы барлық істі үлкен жауапкершілікпен және немістік дәлдікпен жүргізуге мүдделі. Олардың айтуынша, Қордай ауданында таулы қыратты жерлерде алтын өндірудің күрделілігін ескерген компания әлемде әлі қолданылып үлгермеген бірегей технология әкелмек және оны алғаш рет осында іске асырмақ. Ю.Фадеев өздерінің Қазақстанға келу себебін Елбасы Н.Назарбаевтың шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай туғызылып отырғанымен, ал неге Қордай ауданын таңдағанын компания бас директоры Йоган Штольдің осында туып-өскендігімен түсіндірді. Сөйтіп, үлкен бизнеспен айналысу үшін туған жеріне қайта оралып, Қарасу ауылдық округінде алтын кен орнын ашып ел игілігіне айналдырмақшы. Инвестициялық жобаның іске асуынан Қордай ауданына келетін пайда шаш-етектен. Кен қазу орындары мен байыту комбинатында 1200 жұмыс орны ашылмақ. Мұның сыртында осынша адамды азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсетумен айналысатын жергілікті кәсіпкерлердің көптеген жаңа жұмыс орындарын ашуына мүмкіндік туады. Ал жұмысшылардың дені жергілікті тұрғындардан болады. Компания жергілікті жастардан комбинатқа қажет мамандарды өздері даярлайды. Бұл үшін колледж ашылып, онда білім алу тегін жүзеге асырылатын болады. Жұмысшыларды Германия кәсіпорындарында тәжірибеден өткізіп отыру да қарастырылған. Комбинат жұмысшыларының орташа жалақысы 260 мың теңге көлемінде болжамдалуда. Жалпы құны 250 миллион еуроға бағаланған жобаның жүз пайыз акциясын иеленіп отырған германиялық компания мұндағы кен орнын барлаудың өзіне ғана 30 миллион доллар қаржы бөліп отыр. Кен орнын барлауға арналған жер көлемі 20 мың 164 гектар алқапты қамтиды. Оның құрамында Ноғайбай, Қордай және Қарасу ауылдық округтеріне қарайтын бірқатар шаруа қожалықтарының тәлімі егістіктері мен жайылымдықтары бар. Сондықтан кейбір жер иелерімен жерді пайдалануға келісімшартқа тұру дау-дамайға ұласып жатқанын айтпауға болмайды. Жерлерінен айырылу қаупі төніп тұрғандықтан, олардың басшылары жаңа өндірістің табиғатқа зиянын, экологиялық зардабын алға тартып, бұл жобаның жүзеге асқанын қаламайды. Ал жекенің емес, көптің мүддесін ойлайтындар қыруар пайдасын арқалап өз аяғымен келіп тұрған шетелдік үлкен инвестициядан бас тартуға болмайтынын айтады. Әрқайсысының қоғамда, аудан өмірінде өзіндік орны бар Біржан Әлімбет, Анатолий Шупта, Баян Қарамолдаева, Ержан Мәженов, Тұрған Жасыбаев, Александр Скрыпников, Бақыт Байтөле, Бекен Рамазанов сынды азаматтардың: «Қаншама жастарымыз жұмыссыз жүр, еліміздің өндірістік аймақтарына вахталық әдіспен барып жұмыс істеп жүргендері де аз емес. Тап сондай өндіріс орны өз жерімізде болуынан тұрақты және жоғары табысты жұмыс орнынан бөлек, ауданның экономикасын көтеріп, әлеуметтік мәселелерін шешуге де үлкен серпін берілер еді» деген ұжырымымен келіспеу қиын. Облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Юрий Пасечный, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев та оларды қолдаған уәжді сөздерін алға тартты. Шамамен бір жарым жылдан соң зауыт құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оған дейін кен орындарына жан-жақты барлау жүргізіледі, мамандар даярланады. Алдын ала болжам бойынша бір жылда 5100 килограмм алтынды концентрат өндіру жобаланып отыр. Алтын алдымен Доре қоспасы (алтын-күміс қоспасы) түрінде өндіріледі. Содан кейін Астана қаласындағы зауытқа қайта өңдеуге жіберіледі. Құрамында түсті металы бар өнімнің бір бөлігі Қазақстан мен көршілес елдердің (Ресей мен Қытай) металлургиялық кешендеріне жөнелтілмек. Жобаның толық іске қосылу мерзімі 2021 жылға белгіленген. – Жалпы алғанда, мұндай жоба біздің мемлекетіміз үшін аса тың жаңалық емес, – дейді аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайрат Мәметов. – Бүгінде оннан аса (оның ішінде біреуі Қордай ауданында) кен қазып, одан алтын өндірумен айналысатын өндіріс орындары бар және ешқайсысында экологиялық апат болған емес. Ал жаңа зауыт ашылғаннан кейін экологиялық бақылау үш тараптан: зауыттың өзі, экологиялық бақылау жөніндегі біздің мемлекеттік орган және германиялық осындай органдармен жүргізілетіні де табиғатқа, адам денсаулығына зиянның қалыпты нормадан аспайтынына сендіреді.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар