Журналист, публицист Мейрамбек Төлепбергеннің жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
Белгілі журналист, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепбергеннің «Жүрек көзі» атты жаңа кітабы оқырманға жол тартты. Публицистикалық жазбалар мен әдеби-тарихи зерттеулер топтастырылған қаламгердің жаңа жинағы қалың көпшілікке арналған. Кітаптағы «Бұл дүние жүзі...», «Бұл дүние жарығы...», «Бұл дүние бақыты...» атты үш бөлімге топтастырылған жазбаларында автор ұлт пен қоғамның арқа тұтар тірегіне айналған тұлғалары хақында терең толғанып, орамды ойларымен бөліседі. Журналистік зерттеу арқылы да тың мәліметтер беруге ұмтылған қаламгер өзінің жүрек көзінің өткірлігін, қиялының ұшқырлығын, талғам, парасатының биіктігін аңғартқан.
Алматы қаласындағы «Хантәңірі» баспасынан жарық көрген кітаптың тұсаукесер рәсімі белгілі журналистің алпыс жылдық мерейтойына орай Тараз төрінде өтті. Оған елімізге белгілі азаматтар, зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер қатысты. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Серік Үмбетов, Бақытжан Әбдірайымов, белгілі ғалым Жақсыбек Құлекеев, «Қазақстан» РТРК» АҚ Аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан өз ойларын білдірді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков өңір басшысы Кәрім Көкірекбаевтың құттықтау хатын табыс етті. Рәсімге Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан өнер саласының танымал өкілдері қатысты.
Жаңа кітаптың тұсаукесерінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, жазушы Елен Әлімжан, өңір зерттеушісі Мақұлбек Рысдәулет, мәдениеттанушы Әлібек Әмзеев қаламгердің қуанышына ортақтасып, жаңа кітап жайлы ойларымен бөлісті.
Бұған дейін «Ақиқат алдында», «Заман сөзі», «Қаһарман Бақтыораз», «Сағасында Таластың бір ауыл бар» атты еңбектерімен көпшілік оқырманның көңілінен орын алған қаламгердің онға жуық кітабы жарық көрген. «Жүрек көзі» де өз оқырмандарының жүрегінен орын алып, жұртшылықтың іздеп жүріп, сүйсініп оқитын жинаққа айналады деп сенеміз.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Биыл Маралтай оқулары республикалық деңгейде өтті
- 4 желтоқсан, 2025
Әжелер ансамблі шын таланттың жарыққа шығатынына көз жеткізді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




