Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елең-алаң шақта мемлекетіміз тығырыққа тап болып, экономикалық дағдарыс халықты күйзеліске түсіргені есте. Сол кезде қаржы жетіспеушілігінен, әрбір ауыл жұпыны күй кешкен еді. Әйтсе де, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың сара саясатының арқасында ол ауыртпашылықтың бәрі артта қалды. Қиындықтар еңсеріліп, ауыл-аймақты дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Осы бағытта мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылданып, қыруар қаржы экономикамызды көтеруге жұмсалды. Соның нәтижесінде ел еңсесін көтерді. Бүгінде, өңірлердегі елді мекендерді дамыту бойынша қолға алынған игілікті істің шапағатын біздің ауданның тұрғындары да шынайы сезініп отырғанын айта кетуіміз керек. Елді мекендерді білім беру және денсаулық сақтау нысандарымен және электр энергиясымен қамтамасыз ету, ауызсу, газ кіргізу мәселелері ауданда біртіндеп жүзеге асырылып келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Дипломмен – ауылға» секілді көптеген мемлекеттік және салалық бағдарламалар бүгінде өз жемісін беруде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жеке кешенді жоспарларды әзірлеу арқылы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың ауқымы кеңейтіліп, кейбірі қайта жаңғыртудан өтті. Шағын және орта бизнес, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдар дамып, тұрғын үй құрылысы жандандырылды. Мемлекеттік, қаржылық, сервистік және басқа да қызметтерді алға бастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілгенін қазіргі кез келген елді мекеннің келбетінен айқын аңғаруға болады. Бүгінде ауыл және оларға іргелес аумақтардың тұрғындарына қажетті әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ету үшін жеткілікті өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құру шаралары қолға алынып отыр. Жалпы, аудандағы 42 елді мекен 17 ауылдық округке біріккен. Оның ішінде Қаратөбе ауылдық округіне Бектөбе, Қызылшарық, Бәйтерек секілді үш елді мекен кіреді. Бектөбе – аталған ауылдық округтің орталығы. Бұл ауыл аудан орталығынан 25 шақырым шалғай орналасқанымен, облыс орталығынан 4-ақ шақырым қашықтықта. Жалпы, округ тұрғындарының саны – 5230. Оның құрамындағы елді мекендер орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаса да, толық газдандырылған. Тек Бектөбе ауылындағы жаңа тұрғынжай алқабында ғана инфрақұрылым жоқ. Бұл мәселе алдағы уақытта шешіледі деп күтілуде. Негізінен, Қаратөбе ауылдық округінің экономикалық, әлеуметтік, мәдени және демографиялық жағдайы жыл сайын өсіп келеді. Мұндағы 171 шаруа қожалығы мен «Амангелді» өндірістік кооперативі, «БиномСтройДеталь», «Компания инвест mk», «Халал тағамдар» жауапкершілігі шектеулі серіктестері секілді жеті бірдей ірі өндіріс орнына мемлекеттік қолдау шаралары түрінде бағдарламалардың шарапаты тиіп отыр. Ақ егіс пен көкөніс, жеміс-жидек дақылдарынан бөлек, былтыр 100 гектарға қант қызылшасы егіліп, 1101 тонна өнім алынды. Алдағы уақытта қант қызылшасы алқабын кеңейту жоспарда бар. Округ аумағында ірі үш май құю бекеті жұмыс істейді. Бір ғана Бектөбенің өзінде 30 келушіге арналған амбулатория, орта және бастауыш мектептер мен балабақша, кітапхана, мәдениет үйі секілді мәдени-әлеуметтік нысандар ел игілігіне қызмет етуде. Өткен жылы Бектөбе ауылындағы Т.Омаров, Б.Момышұлы, Т.Әубәкіров, Жамбыл көшелеріндегі жолдар орта жөндеуден өтті. Биыл ауыл көпірін ағымдағы жөндеуден өткізбекшіміз. 8 миллион 666 мың теңгеге Амангелді орта мектебіне тасымалданып оқытылатын оқушылар үшін жаңа автобус сатып алмақшымыз. Жаңадан салынып жатқан тұрғын үй алқаптарының инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті қаржы бөлінді. Бірқатар көшелер мен аяқжолдар да жөнделетін болады. Ауылды сумен қамтамасыз ету және шағын дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу үшін оның жобалық-сметалық құжаттары жасалу үстінде. Орта мектеп терезелерін ауыстыру, ауылдық клубтың қазандығына газ тарту, мәдениет үйіне трансформатор орнату секілді жұмыстарды қосқанда, биыл осы ауылдың өзіне 389 миллион 73 мың теңге қаражат бөлінді. Қаратөбе ауылдық округіне қарасты ауылдардың көркеюіне, мал ұрлығы және өзге де ұсақ-түйек бұзақылықтың орын алмауына алдымен тұрғындарының ауызбіршілігі сеп болып отыр. Жастардың да бос уақытын тиімді пайдалануы үшін жағдай жасалған, спорт алаңдары жеткілікті. Мұндағы елді мекендердің өркениет көшінен қалмай, одан әрі дами түсуі – округ әкімі Қайрат Жатқанбаев пен округ әкімі жанындағы ардагерлер кеңесінің бірлесе жұмыс атқаруының жемісі. Жалпы, өңірлерде ауылдық аумақтарды дамыту бойынша ұйымдастыру жұмыстарын негізінен жергілікті атқарушы органдар атқарады. Әйтсе де аудан әкімі Мәден Мұсаев әр елді мекеннің даму әлеуетін анықтап, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жыл сайын мониторинг жүргізіп отыруды назардан тыс қалдырған емес. Себебі, біз әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына енуіміз үшін алдымен тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып алуымыз қажет. Осы үдеден шығуымыз үшін талмай еңбек ете беретін боламыз.
Бақыт Қазанбасов, аудан әкімінің орынбасары.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді