«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ІРІЛЕНДІРУ ІЛГЕРІЛЕУГЕ БАСТАЙДЫ

ІРІЛЕНДІРУ ІЛГЕРІЛЕУГЕ БАСТАЙДЫ
ашық дереккөз
ІРІЛЕНДІРУ ІЛГЕРІЛЕУГЕ БАСТАЙДЫ

ауданда ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда

Бүгінде ел қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын түсіне де бастағандай. Азық-түлікті сырттан әкеліп сататын бизнес өкілдерінің орнын жергілікті тауар өндірушілер алмастыратын күн де туып келеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында атап өткендей, еліміздің ауыл шаруашылығының әлеуеті өте зор, «қазақстандық бренд» атанатын өнім өндіруге қауқары әбден жетеді. Оның негізгі жолының бірі – саланы қайта құрылымдап, шикізатты емес, өнім өндіруді жолға қою. Бұл іс жұмыла жүзеге асырғанда ғана нәтижелі болмақ. Оның реті – кооперативтер құру. Елімізде былтыр ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қолға алына бастағалы бері, жер-жерде жұртшылықтың еңбек етуге ынтасы артты. Оған жақында Кеңес ауылында болғанымызда да анық көз жеткіздік. Ауыл тұрғындары кооперативтер құру туралы дұрыс үгіт-насихат жүргізілсе, неге жұмыс істемеске дейді. Шынында да кооператив құру үшін не істеу керек? Осы сауалды облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының кеңесші-менеджері Нұрдәулет Зикенге қойған едік. Елімізде «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңы қолданысқа енгізілді, – деді ол, – аталған заңның мақсаты ауыл шаруашылығы кооперативтері мен қауымдастықтарының (мүшелерінің) құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ, олардың құрылуы, қайта ұйымдастырылуы және таратылуы тәртіптерін айқындайды. Ауыл шаруашылығы кооперативі – коммерциялық ұйым. Тиісті заңнамаларға сәйкес тыйым салынбаған қызметтің кез келген түрін жүзеге асыруға, қызметтің бір немесе бірнеше түрлерімен айналысуға құқылы. Бұл оның жарғысында да жазылып көрсетіледі. Шаруашылық нысаны құрылтай жиналысы мен кемінде үш құрылтайшының шешімдеріне сәйкес құрылады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтері қызметіне негізгі түрлері сала өнімін өндіру, балық өсіру шаруашылығы өнімін өндіру, қайта өңдеу, өткізу, сақтау, өндіріс құралдарымен және материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау және кооперативтің мүшелеріне, сондай-ақ кооперативтің қауымдасқан мүшелеріне сервистік қызмет көрсетудің басқа да түрлері жатады екен. Бүгінде облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының қолдауымен осындай бірқатар ауыл шаруашылық құрылымы құрылып, жұмыс істеуде. Олардың саны әзірге – төртеу. Әділет департаментіне де тіркелген. Осылай Бостандық, Берікқара ауылдарында – «Табыс», Аққұм ауылында – «Береке», Қаратау қаласында «Талас-Қымыз» ауыл шаруашылығы кооперативтері өз жұмыстарын бастаған. Соңғы аталған кооперативтің жетекшісі Серікбай Бапақовпен сұхбаттасқанымызда: – Жылқы өсіріп, бие сауып, қымыз өндіріп отырған қожалықтар бірігіп, кооператив құрдық, мал қоралар, жайылымдық, шабындықтар бар. Алғашқы жиынымызда жемшөп дайындау үшін трактор және сауын аппараттарын, механикалық күбілер, тағы басқа құрал-жабдықтар алуға байланысты бизнес-жоспар жасадық. Қымызды сақтау үшін шағын тоңазытқыштар алу да ойымызда бар. Тұтынушыларымызға қымызымызды арнайы ыдыстарға құйып ұсынсақ па дейміз, – деді ол. Ойға алған істі жүзеге асыру, сөз жоқ, тікелей қаражатқа тәуелді. Бұл ретте шаруалар Елбасының биылғы Жолдауында атап көрсетілгендей, жаңадан кәсіп ашамын деушілерге берілетін 16 миллион теңгеге дейін несие беру жөніндегі бағдарламаға арқа сүйеп отыр. – Біз құрылған кооперативтерге бизнес-жоспар жасауға ғана емес, несие алуына да көмек қолымызды созамыз, – дейді Нұрдәулет Зикен. Қала және ауыл тұрғындардың бірігіп еңбек етеміз деген ниетін кім құптамас, кім қуанбас? Міне, бұл іс жұмыссыздыққа тосқауыл қойып қана қоймайды, сөрелерімізді экологиялық таза азық-түлік өнімдерімен толтыруымызға да септеспек. Өркениет көшіне ілесу дегеніміздің өзі де осы емес пе? Серікбай Бапақов болса, қымыз өндіруді жүйелі жолға қойса, той-домалақта арақ-шарап қоюды азайтып, қымыздың емханаларда ем орнына ас мәзіріне енгізіліп, тіпті мектеп, балабақшаларда да сусын ретінде кеңінен пайдаланылатынына сенімді.

Сәулембай әбсадықұлы, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар