Тараз қаласында «ФортеБанк» акционерлік қоғамы облыстық филиалының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл – бұған дейін де пайдалануда болған, заманауи үлгідегі жөндеуден өткеннен кейін жоғарыда аталған мекеменің бағыныстылығына өткен нысан. 2013 жылдан бастап мұнда «Альянс банк» жұмыс істеген-ді. Ал бүгінде «Альянс банк», «Темір банк» және «ФортеБанк»-тің біріккен құрылымы өз жұмысын бастап отыр. Филиалдың орталық кеңсесінің ашылу салтанатына облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, «ФортеБанк» АҚ-ның басқарма төрағасы Мағжан Әуезов қатысты. Кәрім Нәсбекұлы қатысушыларды айтулы оқиғамен құттықтап: «Қала халқының саны жылма-жыл өсіп келеді. Соған сәйкес шағын кәсіпкерлік те желісін кеңге жаюда. Өткен жылмен салыстырғанда биыл бірінші тоқсанның өзінде өңірімізде шағын бизнес 6 пайызға өскен. Облыста екінші деңгейлі 16 банк бар. Ал мына банк – олардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі», – деп атап өтті.
Бүгінде екінші деңгейлі банктер 107 миллиард теңгені ел экономикасына жаратуда. Әсіресе, Ұлттық банкке халықтың сенімі артып, депозитке 70 миллиард теңге салып отыр, яғни бұл жалпы банктік салымдардың 66 пайызын құрайды. Оның ішінде 11,1 миллиард теңгесі «ФортеБанктің» еншісінде болса, соның 3,2 миллиард теңгесі заңды тұлғаларға, ал 7,9 миллиард теңгесі жеке тұлғаларға тиесілі екен. Бұл – «ФортеБанктің» дамып келе жатқанының айғағы. Облыс басшысы банк ұжымына сәттілік тілеп, жаңа нысанның пайдаланылуға берілуі облыс тұрғындарына үлкен көмек болатынына сенім білдірді.
«ФортеБанк» АҚ басқарма төрағасы Мағжан Мұратұлы банк үшін Жамбыл өңірі – маңызды аймақ саналатынын жеткізді. Облыс әкімдігімен жасалған өзара келісімшарт нәтижесінде 11,1 миллиард теңгені құрайтын банк қаражаты көлемін арттыру жоспарланып отырғандығын тілге тиек етті. Ол банк клиенттерінің 26 мыңын жеке тұлғалар, 2 мыңын заңды тұлғалар құрайтынын да айтып өтіп: «ФортеБанкті» таңдағандары үшін біз клиенттерімізге алғыс айтамыз. Клиенттің бізге деген оң көзқарасы қалыптасу үшін қызмет көрсетуді барынша жақсарта бермекпіз», – деді. Орталық кеңсе ғимараты расымен де қала көркін ашатын сәулеттік айшыққа ие. «HI-Tech» стиліндегі банк толықтай заманауи техникамен жабдықталған. Банктің Тараз қаласында бұдан бөлек үш бөлімшесі бар. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен «ФортеБанк» АҚ басқарма төрағасы Мағжан Әуезов ғимараттың лентасын қиып, өзара әріптестік ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Энергиясы ешқашан азаймайды
- 4 желтоқсан, 2025
Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшеді
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




