Туған қалаға деген сүйіспеншілікті арттыруға ықпал ететін мәселе – тазалық. Әрбір тараздық қаланы өзінің үйіндей көрсе дейміз. Осы жерде мына бір жай еске түсіп отырғаны. Германияның қай қаласы немесе қандайда бір елді мекені болсын айнадай жалтырап жатады деседі ел. Тіпті, көшелерінде көлденең шөп жатпайтын көрінеді. Кәрі құрлықтағы осынау елге жолы түскен азаматтар осылай тамсанады. Осы тазалықты мемлекет істеп отырған жоқ, адамдарының санасының жоғарылығынан ғой. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» деп атап көрсетілген. Тегінде, немістерден туған қаланың немесе ауылдың тазалығын сақтауды үлгі етіп алудың артықшылығы болмас. Жыл сайын көктемде және күзде қаланы абаттандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазарту үшін екі айлық жарияланады. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен алған мәліметке қарағанда 1 наурыз – 1 мамыр айлары аралығында өткен екі айлық кезінде жұма, сенбі күндері 18 рет сенбілік ұйымдастырылып, оларға 76640 адам қатысқан. 319 техника жұмылдырылып, 4252 тонна қоқыс шығарылыпты. 51050 тал әктеліп, 13600 электр бағанасы сырланған. 76,9 километр арық жүйесі тазаланып, аршылған. Екі айлық кезінде жасыл желектің жағдайын жақсарту мақсатында 6115 тал-дарақ санитарлық жағдайда бұталған және 75 қураған ағаш түбінен кесіліпті. Қала бойынша 643027 шаршы метр аумақты қамтитын 7 саябақ, 38 сквер мен аллеяның аумақтары қоқыстан тазартылып, абаттандыру және көгеріштендіру жұмыстары жүргізілген. 63982 жасыл желек отырғызылған. Көше бойындағы 680000 шаршы метр көгал алаңы қоқыстан тазартылып, 6000 раушан гүлінің түбірі аршылып, жаңадан 2000 көгал алаңы орналастырылыпты. «Жасұлан-Флора» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыс орталығының негізгі көшелері мен скверлерін сәндік гүлмен безендіру жұмысын жүргізуде. Бүгінге дейін «Әулиеата» халықаралық әуежайы алдына, Төле би, Абай даңғылдарының бойына және Көне Тараз тарихи-мәдени орталығындағы «Мыңбұлақ» гүлзарына гүл отырғызылған. Ал Қарахан баба кесенесі маңындағы гүлзарға гүл егу жұмыстары 70 пайыз көлемінде жүзеге асырылыпты. Сондай-ақ, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС мен әуежайға барар жолдағы 31 гүл сауытына гүл көшеті отырғызылған. Қаладағы 17 субұрқақ іске қосылды. Осылайша гүлмен көмкеріліп жатқан қаланың көрікті көрінісіне субұрқақтардың аспанға атқылауы қосылып, кеш шыққан көктемнің шуақты күндері енді жеткенін паш еткендей. Қалалық әкімдік жыл сайын мекеме, кәсіпорын, оқу орындары ұжымдарын, жеке құрылымдарды жұмылдырып, облыс орталығын көріктендіруде, тазалығын сақтауда осындай жұмыс атқарып келеді. Алайда, қаланың тазалығы мен көркі бірінші кезекте әкімдікке емес, тұрғындарға керек екенін көбіміз ескере бермейтін сияқтымыз. Бұлай дейтініміз – бүгін тазаланған жер ертеңіне қайтадан қоқысқа толып жатады. Қоқысты арнайы белгіленген орындағы контейнер-жәшікке емес, көрінген жерге төге салатындар да бар. Тараз қалалық ішкі істер басқармасы жергілікті полиция қызметінің мәліметі бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 505-бабына сәйкес, елді мекен аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін биыл жыл басынан бері 2320 құқық бұзушылық анықталып, 36 азаматқа 1167820 теңге айыппұл салынып, 2284 азаматқа ескерту берілген. Ал көктемгі тазалық науқаны жүріп жатқан 1 наурыз бен 29 сәуір айлары аралығында 1700 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 17 азаматқа 428000 теңге айыппұл салыныпты. Туған қаласының тазалығына немқұрайлы қарайтын тараздықтардың тірлігіне қынжыласың. Ендігі жерде айыппұл арқалағандар мен ескерту алған екі мыңның үстіндегі адам өз әрекеттерінен қорытынды шығарса, қанеки!
Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді