Жас демей, кішіге ізет көрсетілсе, кісіліктің үлгісі осы. Әрине, әңгіме екі қолын қоярға жер таппай жүрген жастар туралы емес. Ал, терең білімімен топ жарған, дарындылығымен дара шыққан жеткіншектерге қалай қолдау көрсетсек те жарасады.
Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев талмай ізденіп, талай-талай білім аламанында озып шығып, мерейімізді асырып жүрген дарынды жастарды қабылдады. Дәстүрлі кездесуге биыл 113 озат оқушы шақырылған екен. Түрлі себептерге байланысты бірқатары келе алмай қалыпты. Облыс әкімінің қабылдауына шақырылған дарынды жастардың санын бекер тілге тиек еткен жоқпыз. Былтыр мұндай кездесуге 109 оқушы келген болатын. Биыл өнер, білім бәсекелерінде топ жарғандар қарасы өткен жылмен салыстырғанда едәуір артып отыр. Әсіресе, халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында жүлдегер атанғандар да жылдан-жылға көбейіп келеді. Жуырда ғана өткен ұлттық бірыңғай тестілеуден осындай бірегей білім додаларында жеңіске жетіп, жүлдегер атанған 83 түлектің босатылуы – осы сөзіміздің айғағы. – Биылғы оқу жылында халықаралық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарға қатысқан 229 оқушының 143-і үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Біздің оқушыларымыз халықаралық білім додаларында 62 медаль олжалады. Оның 19-ы алтын, 20-ы күміс, 23-і қола. Ал, республикалық пән олимпиадасында 47 оқушы жүлдеге қол жеткізді. Олимпиада қорытындысы бойынша облыс командасы екінші жыл қатарынан жалпы есепте алға шығып, «Ең үздік команда» атағын жеңіп алды. Облыстық дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік мектеп интернаты алтыншы мәрте «Ең үздік олимпиада мектебі» деген атақты иеленді. Сондай-ақ, республикалық ғылыми жобалар жарысында жамбылдық дарынды жастар 20 медаль еншілеп, «Республикалық ғылыми жарыстың үздік командасы» атанды. Бұл біз үшін – үлкен мақтаныш, – деді аймақ басшысы Кәрім Нәсбекұлы кездесуде. Талапты жастың қашанда жолы ашық. Облыс әкімі оқу жылы аяқталса да, талмай ізденіп, маусым-шілде айларында дүниежүзілік пән олимпиадаларына баруға дайындалып жүрген оқушылардың есімдерін атап өтті. Вьетнам, Индонезия, Оңтүстік Африка, Тайвань елдерінде өтетін білім додаларына облыстық дарынды ұлдарға арналған қазақ-түрік мектеп интернатының шәкірттері – Данияр Қамал (математикадан), Хафиз Жұмәділ, Роман Когай, Антон Хван (биологиядан), Жасұлан Биназар, Азамат Әмзебек (химиядан), Ұлықбек Әділбеков (информатикадан) қатысып, өз бақтарын сынамақ. Кездесуде жастарға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Талантты шәкірт тәрбиелеген ұстаздар да назардан тыс қалмады. Өз кезектерінде облыстың озат оқушылары да облыс басшысына деген жылы лебіздерін жеткізіп, ойларымен бөлісті. Халықаралық олимпиаданың жүлдегері Иса Данат пен республикалық пән олимпиадасының жеңімпазы, ҰБТ-да облыс бойынша ең жоғары 123 балл алған Анастасия Хан өздерінің қол жеткізген табыстары – білім саласына жасалып жатқан қамқорлықтың жемісі екенін тілге тиек етті. Ал байзақтық Наджия Назимова жоғары жетістікке мемлекеттік тілді меңгерудің арқасында жеткенін айтады. Өзге ұлт өкілдерін қазақ тілін үйренуге шақырған түрік қызы қазақшаға судай екен.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді