Қазақстан халқы бірлігі күнін сарысулықтар сән-салтанатымен атап өтті. Мереке аясында еліміздің әр түкпірінен айтыскер ақындарды шақырып, жыр додасын өткізу бұл ауданда дәстүрге айналған. Алдыңғы жылдары мерекелік айтысқа жергілікті кәсіпкер Дәулеталды Жанбаев демеушілік жасап келсе, осы жолы белгілі кәсіпкер, Саудакент ауылының түлегі Жанболат Бекмұсаев айтыскерлерді қаржылай қолдады. Сондай-ақ, ол аудан орталығындағы ата-ананың қарауынсыз қалғандарға арналған интернаттағы 80 жетім баланы қажетті заттармен қамтамасыз етті. Саудакент ауылдық Мәдениет үйінде өткен ақындар айтысын аудан әкімі Балабек Нарбаев және қадірлі ана, еңбек ардагері Тұрсынай Бекмұсакеліні ашып, ақындарға сәттілік тіледі. Мұнан соң айтыс алматылық Шұғайып Сезімхан мен Жамбыл ауданының ақыны Нұрлыбек Құрмановтың сөз сайысымен басталып кетті. Келесі сәтте шымкенттік Анар Жапарқұлова мен сарыағаштық Жарқынбек Наушабаев айтыс көркін қыздырды. Ақындар бұл күні бірлікті, берекелі тірлікті жырлады. Арқадан ат арытып келген қарағандылық Ботагөз Мұхидин мен байзақтық Дархан Әбдіманат қыз бен жігіт айтысын жасап, көрерменді қызыққа бөледі. «Ақын жігіттер өзіңе үздігеді, ал соған қызық болды нанатының, оларға да жылы сөз арнап жүрсің, сыйластықтың көрсетіп жаңа түрін, түбі Дархан екенін ойламайсың. Қасыңда адал жан боп қалатұғын, Ботакөз сен дәлелдеп жүргендейсің, қыздардың 40 жаны болатынын» деген Дарханның әзіліне Ботакөз: «Бұл Жамбыл сенің мекенің, емессің Дархан бөтенім, сенсіз де жақсы жар тауып, мақсатыма жетемін. Білемісің Дархан қыздардың 40 жаны болса да жүрегі жалғыз екенін» деп әдемі әзілмен жауап бере білді. Әсіресе, қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы арасында өткен айтыс мазмұнды сөз, салмақты ойларымен ерекшеленді. Ал жыр додасы атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен қызылордалық Мөлдір Айтбаеваның айтысымен түйінделді. Өр мінезді Махамбеттің елінен келген Шалқарбай да, жырдың елі сырдан келген Мөлдір де кестелі өлеңнің тиегін ағытты. Қыз бен жігіттің жарасымды айтысын жасады. Сондай-ақ тараздық күйші Дидар Басықараев пен сарысулық күйші Ғалымжан Рыспанов күй тартысын жасап, жұртты желпінтіп, серпілтіп тастады. Осылайша, бұл айтыс Саудакент ауылының тұрғындарына рухани демалыс сыйлады. Айтысты аудан әкімі Балабек Нарбаев пен кәсіпкер Жанболат Бекмұсаев қорытындылап, айтыскерлерге алғысын білдіріп, қаржылай құрмет көрсетті.
* * * Айтыс керуені сейсенбі күні Қамқалы ауылдық округінде жалғасты. Қамқалыға өнерпаздарды айтыскер Алик Бекмұсаев бастап барды. Қамқалы клубына лық толып, қаумалаған тұрғындардың алдында Дархан Әбдіманат пен тараздық Дидар Апбасов, Ботакөз Мұхидин мен Алик Бекмұсаев, Нұрлыбек Құрманов пен Есет Досалы әдемі, өрнекті айтыс жасады. Әнші Рима Әлібекова әннен шашу шашты. Бұл айтысқа да кәсіпкер Жанболат Бекмұсаев демеушілік көрсетті. Себебі, Қамқалы бұл азаматтың туып-өскен жері екен. Кәсіпкер туған ауылында айтыс өткізіп, өнерге сусап отырған ауылдастарының алғысына бөленді. Айтысты Қамқалы ауылдық округінің әкімі Жанқозы Жаркенов қорытындылап, барлық айтыскерлерге алғысын білдірді. Осылайша, шалғайдағы Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылының тұрғындары да айтыс думанын тамашалады.
Нұрым сырғабаев, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді