Тұрар Рысқұлов ауданы ҰБТ көрсеткіші бойынша неге төмен болды?
Т. Рысқұлов ауданы мектеп бітірушілері өткен оқу жылында ҰБТ-ны ең жоғары нәтижемен аяқтап, облыста бірінші орыннан көрінген-ді. Аудан бойынша 361 түлек мемлекеттік білім грантына ие болған. Қ.Сұлтанбеков, Абай атындағы №1 және №2 лицей республикадағы ең үздік 100 мектептің қатарына енген. Ал, биылғы мектеп бітірушілер үшін ҰБТ сәтті бола қойған жоқ. Cынақ кезінде аудан мектептерінің білім көрсеткіштері бірінші орыннан сырғып ең төменгі орынға бір-ақ түсті. Осы өңірдегі ҰБТ-ның өткізілуі жөніндегі сауалдарымызға облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова былай деп жауап берді:
– Т. Рысқұлов ауданындағы комиссияның төрағалығына аудан әкімінің орынбасары Б. Әлпейісов бекітілген. Бітірушілерді аталмыш сынға сапалы дайындау – аудандық білім бөлімінің, сондай-ақ, білім беру ұйымдарының барлығының да басты міндеті. Өкінішке қарай, бұл сынақ барысында рысқұловтықтар ең төмен нәтиже көрсетті. Оның үстіне тапсырушылар таңертеңгі сағат 9. 00-ден 11. 30-ға дейін кідіртіліп, сынаққа екі жарым сағаттай кешігіп кірді. Мұның оқушылар үшін психологиялық тұрғыда белгілі бір деңгейде кері әсері болды. Оны жоққа шығармаймын. Дегенмен, білетін бала сынаққа екі жарым сағат кешігіп кірсе де, өзіндік білім деңгейін көрсете алуы тиіс еді. Қалай болғанда да, осынау орын алған жағдай аудан мектептерінде ҰБТ-ға дайындықтың төмендігін көрсетті. – Былтыр аталған аудан мектептері ҰБТ-да бірінші орын алды емес пе? – Енді әр жылғы бітірушілердің білім-білігі әрқалай болып келеді. Бір сыныпта бір ғана мұғалім сабақ бергенмен, жақсы оқитыны да, үлгерімі нашары да болатыны белгілі ғой. Жақсы білім көрсеткішіне қол жеткізу оқушының зерделілігіне, ұғымталдығына да байланысты. Жалпы, бұл орайда ата-аналар тарапынан да балаларының үйдегі дайындығын бақылау ісі кемшіндеу соқты ма деген ойдамын. Әсіресе, мектептер бірінші кезекте жәрдемге келіп, оларды ҰБТ-ға сатылай үздіксіз дайындауы, мектеп директорлары, аудандық әкімдік тарапынан да бұл іске тұрақты бақылау ұйымдастырылуы керек еді. Мысалы, оқушы қай пәннен қалыс қалып қойды, әр апта сайынғы орташа көрсеткіші қандай деңгейде екені, қай пәннен қанша тарауды білмейді, міне, осының барлығы да бүге-шігесіне дейін қамтылғанда мұншама төмен нәтижеге орын берілмес те еді. Меніңше, оқушы білімін «өткен аптада 89, бұл аптада 99 балл жинады» деп бағалау да тиімсіздеу, одан да олар тақырыптық мазмұн жағынан қандай сұрақтарға жауап бере алмады, міне, осы жағына көп көңіл аудару керек еді. Осы жағы кемшіндеу соқты деген ойдамын. Мұның басқа да факторлары бар. Қалай десек те, құландық түлектердің аудиторияға екі жарым сағат бойы кіре алмауы басты себеп емес. Мұның алдында өткен байқап көру сынақтарында жүз балл көрсетумен болған оқушының кем дегенде, 70-80 балл жинақтауына мүмкіндіктері болмады деп те айта алмаймын. Олардың білім көрсеткіштері төмен болғаны аудан мектептерінде әлі де көп жұмыстар өз дәрежесінде атқарылмай қалғандығын аңдатады. Рас, түлектер белгіленген тәртіпке сай тест тапсыру пунктіне таңертең азанмен келді, сағат он бір жарымға дейін ошарылып тұрды, жасөспірім бала қиналысқа да түсті, абыржыды. Осы істің басы-қасында Мемлекеттік комиссия, министрлік өкілдері, құқық қорғау мекемелерінің, сондай-ақ, білім саласындағы бақылау департаментінің өкілдері де жүрді. Олардың тараптарынан бұл іске түсіністік танытылып, сынақ мерзімінде ұйымдастырылуы керек еді. – Бұл іске байланысты қандай шаралар көрілді? – Облыста ҰБТ сынағының өткізілуі жайы таяу уақытта қайта каралатын болады. Оған дейін аудан әкімдері тиісті мектептер басшыларына қандай тәртіптік шара қолданылуы керектігін, олардың жіберген кемшіліктерін нақтылы анықтауға тиіс. Төмен нәтиже көрсеткен білім бөлімдерінің жұмысына зерделеу жүргізіп, тиісінше бағасын беретін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ.
Редакциядан: Ауданда ҰБТ кезінде кейбір бақылаушылар тарапынан келеңсіздіктің орын алуы оқушыларды психологиялық тұрғыдан қиын жағдайға да жеткізген. Соның салдарынан талапкер Шыңғыс Жолшыбек аудандық аурухананың жансақтау бөліміне ауыр жағдайда жеткізілген. ҰБТ алдында бұған дейін жүрек ақауы сырқатына байланысты екі рет ота жасатқан дімкәстеу балаларының тыныштау, бөлек аудиторияда сынақ тапсыруына мүмкіндік жасау жөніндегі ата-аналарының өтініші Білім және ғылым министрлігінен келген арнайы топ жетекшісі тарапынан қанағаттандырылмай тасталған. Екінші лекте сынақ тапсырғандар салқындатқышы тұрақты жұмыс істемеуінен №3 аудиторияның жайсыз болғанын да айтады. Соның салдарынан 3 талапкердің қан қысымы көтерілген, барлығының дерлік ауа жетпеуінен бастары ауырған, олардың медпункт көмегіне жүгінуіне де мүмкіндік берілмеген. Ата-аналардың айтуынша, бақылаушылар жедел медициналық көмек көрсетуге әзір тұруы тиіс медиктердің жеке ұялы телефондарын алып қою, балаларды дәретханаға жібермеу, жіберген күнде де ізме-із есігін ашып, қадағалап тұру секілді өрескелдіктерге жол берілген. Дәретхана демекші... мектеп ғимараты ішіне Ұлттық тестілеу орталығының бөлім басшысы, министрліктен келген арнайы топтың жетекшісі Салтанат Балқыбаеваның тікелей нұсқауымен 4 бірдей биотуалет кіргізіліп қоюын ҰБТ тапсырушыларға жасалған жағдай не болмаса мәдениеттілік деп те айту қиын-ау...
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді