«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Саңыраулар қоғамының кәсіпорны көмекке зәру

Саңыраулар қоғамының  кәсіпорны көмекке  зәру
ашық дереккөз
Саңыраулар қоғамының кәсіпорны көмекке зәру

Тараз қаласындағы есту қабілеті төмен жандарға арналған тігін цехына қолдау керек

Тараз қаласындағы есту қабілеті төмен жандарға арналған тігін цехы қолдауға мұқтаж. Бүгінгі таңда мұнда 40-қа жуық адам қызмет етіп жатыр. Алайда оның өзі тұрақты емес. Мекеме басшылығының айтуынша, кәсіпорынның жұмысы тапсырысқа тікелей байланысты. Ал кәсіпорын ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. цех Ескі-тігін-машинасы«Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқу-өндірістік кәсіпорны» деп аталатын мекеме кеңес үкіметі кезінен бар. Сол заманда аталған кәсіпорында 400-ге жуық есту қабілеті нашар адам қызмет еткен екен. Тәуелсіздік алған жылдары мекеменің жұмысы тоқтап қалыпты. Бүгінде цех жұмысы енді-енді жолға қойылып келеді. Әйтсе де, шешімін күткен мәселелер жеткілікті. Кәсіпорын ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Мысалы, негізгі тігін бөлмесінің жылу жүйесі істен шыққан. Есік-терезелерінің тозығы жеткен. Әйтсе де, мұндай кемшіліктер цех қызметкерлерінің талпынысына тоқтау бола алмаған. Күн жылығаннан-ақ кей жұмысшылар тігін бөлмесіне көшіп алған. Ал цехтың қызу жұмысы пішу бөлмесінде жүріп жатыр. Бұл бөлікке жөндеу жұмыстары жүргізілген, есік-терезелері жаңа, іші жылы. Негізі кеңес үкіметі тұсында мұнда түрлі өнімдерді қалыпқа келтірген. Алайда бүкіл жұмысшылар осында іс тігіп отыр. Бір бұрышта пішілген жаймалар тең-тең болып тұр. Келесі жақта маталардың үстіне сызықтар сызылып, қырқылып жатыр. Ал енді бір шетте қызметкерлер іс тігіп отыр. Дегенмен, ескі тігін машиналары «кеңес үкіметінің көзіндей» боп әлі тұр. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, оларды жаңалап алуға қаржы жетіспеушілігі қолбайлау болып отыр екен. «Бұрын мұнда тек киім пішумен айналысатындар отыратын. Өкінішке қарай, тігін бөлмесі салқын болғандықтан, сығылысса да қыздарға осында жұмыс істеуге тура келеді», – дейді «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқу-өндірістік кәсіпорны» мекемесі директоры Айгүл Мәмбетәлиева. Айгүл Әнуарбекқызы тігін бөлмесін күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа тігін машиналарын алуды армандайды. «Қосымша қаражат түсіп жатса, ең бірінші осы бөлікті жөндеуден өткізетін едік. Сосын заманауи тігін машиналарын алуды жоспарлап жүрміз. Егер осы бөлмені іске қоссақ, тағы 40 тігіншіні жұмыспен қамтамасыз ете аламыз», – дейді кәсіпорын директоры. Жалпы, кәсіпорында 40-қа жуық есту қабілеті төмен жан еңбек етеді екен. Өкінішке қарай, мекеменің жұмыс істеуі – ұтып алған тапсырысына тікелей байланысты. Егер тапсырыс көп түссе, қосымша жұмысшы алуға тура келеді. Олармен әңгімемізді сурдоаудармашы жүргізді. «Мұнда жұмыс істегеніме көп болды. Өзіме өте ұнайды. Айлығымыз – 30-35 мың теңге. Тапсырыс көп түссе, жалақымыз да өсер еді. Ел тізгінін ұстап отырғандарға айтарым, бізге көп тапсырыс беріңіздерші», – деп түсіндірді Вера Геннадьевна Колпакова. Цех былтыр 340 миллион теңгенің тапсырысын алған. Бұл – «Қазақ саңыраулары қоғамы» кәсіпорындары арасындағы ең төмені. Өнімге тапсырыс беретіндер негізінен мемлекеттік мекемелер. Мұнда түрлі матрацтар, арнайы киімдер, жаймалар тігіледі. Мемлекеттік мекемелерге өнімге тапсырыс беру кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың кәсіпорындарына басымдық беру міндеттелген. Алайда кейде ондай тапсырыстардың қызығы мен шыжығы жетерлік. «Тапсырыс берушілердің арасынан пәленбай дүниені 2-3 апта ішінде әзірлеп бер дейтіндер табылады. Ондай қысқа мерзімде орындап шығу үшін күндіз-түні жұмыс істеуге тура келеді. Оның үстіне, бізде арнайы көлігіміз жоқ. Керекті материалды әкеліп, оны пішіп-тігеміз дегенше біраз уақыт қажет», – дейді Айгүл Әнуарбекқызы. Есту кемшілігі бар жандардың басқа да мәселелері жеткілікті. Мекеме көлігінің жоқтығы тапсырысты жеткізіп беру кезінде де қатты байқалады. Мәселен, жөнелтілуге дайын өнімдер Қазпошта қызметі арқылы жіберіледі екен. Оған қоса, есту кемшілігі бар жандарға көшеде жеке жүру қиын. Кәсіпорын директорының айтуынша, жақындап қалған көліктің даусын естімейтіндіктен, олар жиі жол апатына ұшырайды. Сондай-ақ, қоғамдық көлікпен тегін жүру жеңілдігі 2016 жылдан бері алынып тасталған. Мемлекет тарапынан есту кемшілігі бар адамдарға көмек көрсетілмейді деп айтуға да болмайды. Қазір оларға мемлекеттен есту аппараттары, кезекпен компьютер беріледі және тегін сурдоаударма қызметі ұсынылады. Мұндағы кейбір жұмысшылар «Жастар тәжірибесі» секілді түрлі бағдарламалармен келген. Алты ай мерзімі біткен соң, олар мұнда тұрақты жұмысқа қалады. Жалпы, облыста есту қабілетінен ада 800-ден аса адам бар. Соның 196-сы – оқушы, 185-і – жұмыссыз. Мекеме басшылығы мүмкіндігінше солардың бәріне қолдау көрсетіп, жұмыс тауып беруге тырысып жүр. Әрдайым олардың жолы бола береді деп айту қиын. Осы орайда, облыс көлеміндегі кез келген көмек артық етпейтінін айтады цех қызметкерлері. Кәсіпорынның кей ғимараттары басқа компанияларға жалға берілген. Әйтсе де, оларға есту қабілеті нашар жандарды жұмысқа алу туралы шарт жасалынған. Бос тұрған ғимараттарды басқаларға қолдануға беру қоғамдық бірлестіктің жарғысына қайшы келмейді. Айтпақшы, биыл «Қазақ саңыраулар қоғамының» құрылғанына 80 жыл толады. Осы орайда, аталған айтулы мерекені облыстық деңгейде тойлау жоспарда бар екен.

Абай ОТАР, журналист.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар