Сарысумен мақтанатын боламыз әлі. Аудан аграрлық-индустриялық аймаққа айналмақ
- author «Ақ жол»
- 12 маусым, 2014
- 220
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев ауданда болған сапарында атқарылған жұмыстарға оң баға берді
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Сарысу ауданына іссапарын Жаңаталап ауылдық округіндегі «Жаңаталап» шаруа қожалығының егіс алқабынан бастады. Шаруашылық биылғы жылы 10 гектар алқапқа пияз егіпті.
– Қожалықта қанша адам еңбек етеді? – деген аймақ басшысының сауалына қожалық төрағасы Марқаш Мизамбаев: – 10 адам, – деп жауап беріп, жиын-терін кезінде адам саны бұдан екі есеге дейін артатынын жеткізді. Оның айтуына қарағанда, су жеткілікті. Әзірге, Шабақты өзенінің суын пайдаланып отырған жайы бар. Шіліңгір шілде айында «Ынталы» су қоймасының суын пайдаланбақ. Биыл қоймаға 36 миллион текше метр су жиналыпты. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің айтуына қарағанда, қойманың суы маңайындағы шаруа қожалықтарының егістіктеріне жеткілікті. Ауданда бір ғана су қоймасының барын ескерсек, облысымыздың өзге аудандарына қарағанда сарысулықтардың суды алтынға бағалайтынын аңғару қиын емес. Облыс әкімі шаруа қожалығының жұмысына сәттілік тілеп, болашақта пияздың өтімді болуы үшін қойма салу қажеттігіне тоқталып, ондай жағдайда өнім бағасының келер жылдың көктемінде екі есе өсетініне дәлелдер келтірді. Одан кейін өңір басшысы Байқадам ауылдық округіне қарасты Саудакент ауылындағы орман шаруашылығы мекемесіндегі көрмеде «Сыбаға» бағдарламасы арқылы мал өсіріп отырған шаруа қожалықтарын аралап көрді. «Абылай хан» шаруа қожалығының төрт түлікті өсірудегі тәжірибесі үйренуге тұрарлық болып шықты. Шаруашылық соңғы екі жылда ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы 2013 жылы 10 миллион, 2014 жылы 4 миллион қаржыға 125 мүйізді ірі қара сатып алыпты. Қожалық иесі осы малды өсіріп, болашақта өзге шаруаларға сатуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Үбайділда» шаруа қожалығы (төрағасы Ж.Сыздықов) түйе өсіріп, одан шұбат өндіруді, сөйтіп оны нарыққа шығаруды жоспарлағанымен арнайы цехтың жоқтығын тілге тиек етті. Облыс әкімі үстіміздегі жылдан бастап қымыз бен шұбат өндіруге де субсидияның беріле бастағандығын еске салды. Ауданда соңғы жылдары «Казагроқаржы» ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы лизингке 9 «Беларусь» тракторы алынған. Орташа құны 4,2-5 миллион теңгені құрайтын тракторлардың құнын өтеу жеті жылға есептелінген. Осы орайда облыс әкімі Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы алдағы уақытта шаруаларға жаңа мүмкіндіктер беретінін атап көрсетті. Келешекте мұндай техникаларды Беларуссиядағы Минск трактор жасау зауытымен тікелей келісімшарт жасасып, неғұрлым арзан бағаға алу жағы қарастырылып жатқандығын айтты.
Одан кейін облыс әкімі К.Көкірекбаевқа аудан әкімі Қанатбек Мәдібек аудандағы ауылшаруашылығы саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы кеңінен баяндап берді. Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығын қолдаудың түрлі бағдарламаларының нәтижесінде өз кәсібін ашуға ниет білдірген халықтың белсенділігі арта түскен. Мәселен, биылғы жылы сүт өнімдерін өңдеу цехы мен алмадан шырын жасау жөніндегі бизнес жоспарлар «Казагроқаржы» ауылшаруашылығын қолдау қоры қаржыландыратын жобалардың тізіміне еніп отыр екен. Аудан әкімі одан әрі егін шаруашылығындағы жай-күйді баяндады. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда егістік көлемі артып, 15763 гектарға жеткен. «Алайда, Талас пен Аса өзендерінің суының жетімсіздігінен бұл саланы қарқынды дамыту мүмкін болмай тұр. Егер Талас ауданындағы Сұлтан каналы арқылы суды реттеу жолға қойылса, Аса өзені арқылы су мәселесін шешуге болар еді» деді ол. Өкінішке қарай, бұл өзеннің суы ауданға соңғы жылдары шапағатын тигізген емес. Қ.Мәдібек сонымен қатар, ауылшаруашылығын ірілендірудің арқасында 86 шаруа қожалығының 22-ге біріккенін сөз етті. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Осы жерде облыс әкімі шаруа қожалықтарының басшыларымен жиын өткізіп, облысымыздағы ауыл шаруашылығының даму барысын сөз етті. – Елбасының тапсырмасымен Үкіметіміз ауыл шаруашылығын қолдаудың кешенді бағдарламасын жасағанын білесіздер. Соның арқасында өздеріңіз де «Сыбаға» бағдарламасымен мал өсіріп отырсыздар. «Казагроқаржы» ауылшаруашылығын қолдау қоры арқылы техникалар алғандарыңызды көріп отырмын. Бүгінде мал өсіремін, егін егемін, жаңадан кәсіп ашамын деушілерге мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған, несие түрлері екінші деңгейлі банктер арқылы берілуде. Менің ойымша, ауылдағы әр азамат несие алып, өз шаруасын ашса, артық өнімін базарға шығарып сатса, одан ең бірінші халық ұтары даусыз. Ондай жағдайда азық-түлікпен өзімізді-өзіміз қамтып, шетелдің тауарларына тәуелді болмас едік. Сондықтан, осы салада еңбек етіп жүрген мамандар мен әкімдер, банк қызметкерлері бірігіп, несие алудың жолын ауылдағы әр азаматқа түсіндіріп, жеткізе білсе жұмыссыздар саны мейлінше қысқарар еді деп ойлаймын. Рас, ауылда малы жоқ отбасылар да бар. Оларға да қарап отыруға болмайды. Мысалы, біз қазір жағдайы төмен отбасылар үшін арнайы бағдарлама жасаудамыз. Ол бойынша әр ауылда баяғыдай шикізат дайындау мекемесі сияқты құрылым құрып, жағдайы жоқ отбасына қарайласып, оларға мал беріп, кейін оның өсімімен есептесіп, артық малды келесі кезектегі адамға беруді ұйымдастырсақ па деген ойымыз бар, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Жиында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А.Нұралиев шаруа қожалықтарының жетекшілеріне несие алудың жолдары мен тиімділігін түсіндірді. Әсіресе, «Сыбаға» бағдарламасының ауыл тұрғындарына оңтайлы екендігін баса айтты. Мұнда өзге бағдарламадағыдай кепілдікке қоятын заттарға жеңілдіктер оңайлатылған. Сондай-ақ, 600 асыл тұқымды қойы бар шаруа да мемлекет тарапынан субсидия ала алады. Егер асыл тұқымды мал сатып алсаңыз, оның шығынының 50 пайызын мемлекет өтейді. – Мұның бәрі дұрыс, – деді алқалы жиында сөз алған шаруа қожалығының төрағасы Б.Иманбеков, – іріленсеңдер даму қорынан несие алу оңайға түседі деген соң 10 шаруа қожалығы бірігіп, «Саудакент» сүт кооперативін құрған едік. Кооперативте 180 гектар суармалы жер, 2 мың гектар жайылымдық, 150 гектар шабындық бар. Мемлекеттен несие алып, 100 сиырды сауып, өнімдерін өткізсек дегенбіз. Ойымызды жүзеге асыру үшін 30 миллион теңге қаражат керек екен. Бірақ, несие беруші банк иелері кепілдікке 60 миллион теңгенің нысанын қоясыздар деп талап етті. Ондай нысан Байқадам ауылында жоқ. Осы жағы бізге қиындық туғызуда. Мұның қандай да бір шешімі болар ма екен? Облыс басшысы шаруа қожалығы төрағасының сауалына орай облыстық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық дамыту басқармаларының басшыларына бизнес жоспарды зерттеп, мәселенің оң шешімі табылуына ықпал етуді тапсырды. Осы мәселе бойынша облыс әкімі: «облысымызда сүт өнімін сақтайтын 34 «танк-контейнер» сатып алынды. Егер шаруаңыз ілгері басса, сіздің де сол контейнерді алып пайдалануыңызға болар еді» – деді. Түстен кейін облыс басшысы Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласына атбасын бұрды. Алдымен, «Жарас» ЖШС мұнай өнімдерін сақтау және өңдеу зауытының жұмысымен танысты. 2011 жылы ашылған зауытта жылына 25000 тонна мұнай өнімдері өңделеді. Олардың қатарында мазут, дизель отыны және «Аи-80» бензині бар. Зауытта 35 адам тұрақты еңбек етуде, олардың айлық жалақысы 60 мың теңгені құрайды. Жоба инженері, жеке кәсіпкер Е.Жуаровтың айтуынша, биыл осы жерден газ сақтау стансасын (ГНС) салу жоспарланып жатыр екен. Жобаның құны 2 миллион долларды құрайды. Осы игілікті іс жүзеге асса, Жаңатас қаласында сұйытылған газдың бағасы біршама арзандайды, тағы да бірқатар жұмыс орны ашылатын болады. Мәселен, бүгінде бір литр газдың құны 65 теңге болса, алдағы уақытта 40 теңгеге дейін төмендейді. Бүгінде зауытта өндірілетін өнімдерге сұраныс өте жоғары. Осы орайда, облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы, алдымен жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы техникаларын жанар-жағармаймен қамту қажет екендігін ескертті. Келесі кезекте облыс әкімі бастаған топ бірінші мөлтек ауданда орналасқан №31 және №19 көпқабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер компания «АКМ Group» ЖШС жүргізіп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сметалық құны 120 пәтерлік №31 үй бойынша 329,5 миллион теңгені құрайды. Ал, №19 үйдің сметалық құны 271,3 миллион теңге. Алдағы уақытта №34, №35 үйлерге де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, Жаңатас қаласы бойынша қайта қалпына келтіруге жататын 20 көпқабатты тұрғын үй бар. Ал, 111 нысан апатты деп танылған. Өткен жылы 62 нысан бұзылып, қала сыртына шығарылыпты. Бұл бағыттағы жұмыстар шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша алдағы уақытта да кезең-кезеңімен атқарыла беретін болады. Бүгінде пәтер кезегінде тұрғандардың саны мыңға жуық. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшыларының және аудан әкімдігі қызметкерлерінің қатысуымен актив жиынын өткізді. Басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А.Нұралиевке алдағы уақытта облысымыздың барлық елді мекендеріне шығып, халыққа ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламаларды таныстырып, несие алудың шарттарын түсіндіріп, шаруа қожалықтарымен қоян-қолтық араласып жұмыс жасауды жүктесе, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Р.Тұрмаханбетоваға Жаңатас қаласындағы билбордтардың бүгінде тозығы жетіп тұрғанын, оларды жаңалауды міндеттеді. Аудан әкімі Қ.Мәдібекке Жаңатас қаласын абаттандыру жайын қолға алып, инфрақұрылымын реттеп, қаланың тазалығын қатаң қадағалауды тапсырды. Жалпы, аудан қызметкерлерін заманында аты дүркіреп шыққан шағын шаһардың даңқын қайтаруға атсалысуға шақырды. Алдағы уақытта «ЕуроХим тыңайтқыш» ЖШС Жаңатас қаласында минералды тыңайтқыштар шығаратын тау-кен байыту комбинатын іске қосады. Облыс әкімінің ауданға жасаған жұмыс сапарында облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов та бірге болды. «ЕуроХим тыңайтқыш» ЖШС-ның бас директоры И.Георгиади облыс әкіміне жұмыс барысын баяндап берді. Фосфор рудасын өндіру бойынша жобаның қуаттылығы жылына «Аралтөбе» және «Кесіктөбе» - 1000 миллион тоннаны, «Гиммельфарб» – 2270 миллион тоннаны құрайды. Жоба бойынша кешенді жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек. Мәселен, 2016 жылы осы қалада химиялық шикізат өңдейтін кешен, 2018 жылы Қаратау қаласында минералды тыңайтқыштар шығаратын өндіріс іске қосылады. Бірнеше жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Сол кезде Сарысумен мақтанатын боламыз әлі.
Сәулембай Әбсадықұлы, Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді