Арқасын кеңге салғандар

Арқасын кеңге салғандар
ашық дереккөз
Арқасын кеңге салғандар

Меркі ауданында бюджеттің орындалуы мен салық жинау мәз емес

Меркі ауданы үстіміздегі жылдың бес айы ішінде бюджеттің кіріс бөлігін 83,6 пайызға ғана орындады. Дәлірек айтқанда болжамдағы сомаға бір миллион теңге түспей отыр. Сандар сырына тереңірек үңілсек, әлеуметтік және жеке табыс салығының орындалмай отырғанын анық көреміз. Бюджеттің шығыс бөлігі жоспардағы 3065,9 миллион теңгенің орнына 2676,3 миллион теңгеге орындалып, 87,3 пайызды құраған. Сонда 390 миллион теңге қаржы игерілмеген. Біз осының себебі мен салдарын білу мақсатымен аудан әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Азамат Қасабековті әңгімеге тарттық. Ол: – Иә, бюджеттің орындалмай отырғаны рас. Облыстық басқарма бізге өткен жылғыға қарағанда 300 миллион теңге артық жоспар берді. Биылғы болжам 1,5 миллиард теңге. Осыны төмендету туралы ұсынысымызды басқармаға жолдадық, алайда нақтылы жауап ала алмадық. Иә, өткен жылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінде жұмыс істеген корейлік «Ки-Си-Си» компаниясы биыл жоқ. Сөйтіп, олардан түсіп тұрған 200 миллион теңге биыл түспей отыр.

Бюджеттің орындалмауына жалғыз бұл ғана кедергі болып отырған жоқ. Біз қаржы бөлімінің бес ай ішіндегі атқарған жұмысына талдау жасағанымызда тек құрылыс саласына бөлінген 207 миллион теңгенің игерілмей отырғанын анықтадық. Сөзіміз дәлелді болу үшін айтайық, Интернациональный ауылында салынуға тиісті 300 орындық мектеп ғимараты салынатын орыннан жерасты суы шығып кетуіне байланысты құрылысқа бөлінген 156 миллион теңгені мердігерлер игере алмай отырғанын немен түсіндіруге болады? Тәтті ауылы мен Талдыбұлақ бөлімшесіндегі тұрғын халыққа ауызсу беруге бөлінген 45 миллион теңге де әлі игерілмеген. Ал, мәдениет бөліміне берілген 60,7 миллион теңге қаражаттың мұрты да бұзылмаған. Біз Ақтоған ауылындағы Мәдениет үйі «жөнделіп жатқан шығар» деген оймен сол ауылға арнайы атбасын бұрдық. Өкінішке қарай клубтың есігіндегі қара құлыпты көріп, кері қайттық. Игерілмеген бюджеттік қаражат тізімінде он төрт ауылдық аймаққа бөлінген 45,5 миллион теңге, өңірлерді дамытуға бөлінген 24 миллион теңге бар. Мәселен, «Жұлдыз» балалар лагерін күрделі жөндеуден өткізуге бөлінген 20 миллион теңге қаржы күні бүгінге дейін игерілмеген. Балалардың жазғы демалыс маусымы басталып та кетті, сонда жөндеу жұмыстары қашан жүргізіледі? Ең сорақысы жоғарыда аты аталған нысандарды жөндеуге бөлінген қаражат осы күнге дейін конкурсқа (тендерге) түспеген. Жылдың ортасы болды. Сонда олар қақаған қыста жұмыс істей ме? Біз салық төлемдерінің түсуіне де сараптама жасадық. Ауданда 440 заңды тұлға тіркелген, соның 371-і ғана жұмыс істейді екен. Ал, жеке кәсіпкерлер саны 5033. Бюджет салықтан құралады десек, өткен бес айда жылдық болжамдағы 3 миллиард 203 миллион 315 мың теңгенің орнына мемлекеттік бюджетке 1 миллиард 208 миллион 596 мың 900 теңге салық түскен. Ал, аудандық бюджет 83,6 пайызға орындалған. Аудандық салық басқармасының басшысы Мұратбек Сырлыбаевтың айтуына қарағанда, бес айға бекітілген болжам бойынша 121,2 миллион теңгеге салық кем түскен. – Жоспар өткен жылға қарағанда 342 миллион теңгеге көп, – дейді Мұратбек Мырзауытбекұлы, – Салықтың орындалмауының өзіндік себептері де жоқ емес. Мәселен, инвестициялық жобаларды ұтып алғандардың басым көпшілігі өңірден келген мердігерлер. Мысалы, «Талап-құрылыс» серіктестігі Талас ауданынан болған соң әлеуметтік және табыс салығы сол ауданда қалады. Басқаны былай қойып, Меркі қант зауытының өзі Орталық «Азиясахар» компаниясына бағынышты екені, оның Алматы облысының Бостандық ауылында тіркелгені де біздің ауданға салықтың толық түспейтінін білдірсе керек. Біздіңше бұл сыныққа сылтау. Әйтпесе, аудан әкімі алғыр болса, бұл мәселелерді де шешуге болар еді. «Жоспар өткен жылға қарағанда көп» деп қол қусырып, аспанға қарап отыруға болмайды. Ең бастысы, себеп-салдар іздемей, сылтау айтпай нақты іске көшіп, бойкүйездік пен салғырттықтан арылу қажет деп ойлаймыз. Сонда ғана болжамдағы меже алынады.

Меркі ауданы.

Сейсен ҚОЖЕКЕ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар