«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЗОБАЛАҢ

ЗОБАЛАҢ
ашық дереккөз
ЗОБАЛАҢ

1930 жылдың кірісі болатын. Сол жылы екі ауыл да жылдағы дәстүрлерімен құм ішіндегі қыстауларына көшпей, Таластың бойында қалып қойған еді. Лепес бабамның ауылы Қарамендіге таяу жердегі «Өлеңді көлде», Ханқожа бабамның ауылы Астаукөлдің күншығыс жағындағы «Кәріқыстауда» қыстап қалыпты. Екі ауылдың арасы шамалы ғана жер. Мен жеті жаста едім.  Қақаған қыстың ортасы. Біз Дәулетқожа, Жұмақожа және мен үшеуміз Ханекеңнің жанында жататынбыз. Таңертеңгі мезгілде апам (шешем Әнипа) барлығымызды суыт тұрғызып, жедел киіндіріп жатты. Қабақтары қатулы. Не болғанын біз қайдан білеміз.  Киініп, киіз үйден сыртқа шықсақ, шамасы он бес-жиырма аттылы әскер, барлығы  қарулы, біздің ауылды қоршап алыпты. Төреқожа жәкемді қолын байлап түйеге отырғызды. Іштеріндегі басшысы болуы керек, әскери киімі басқаларына қарағанда өзгешелеу, Қорақожа көкемнің қайда кеткенін сұрап дікілдеуде екен. Осы оқиғадан кейін арада бір күн уақыт өткенде Лепес бабамның ауылынан Ниязбек көкемді, Мұса жәкемді, біздің ауылдан Атақожа жәкемді де «қызылдар» қамаққа алды.

Сол уақытта біздің ауылда екі мыңға тарта жылқы, бес мыңға таяу қой, күш көліктері ретінде ғана пайдалануға арналған отызға тарта түйе болатын. Мүйізді ірі қаралардың дәл санын біздің ауылдағылардың ешқайсысы да  білмеуші еді. Тек Төреқожа жәкем көлемдеп қана санын топшылайтын. Малдардың барлығын өкімет алып кетті. Екі ауылдан сегізге тарта киіз үйді алды.  Ішіндегі мүліктердің біразын талан-таражға түсірді. Екі ауыл да қаңырап бос қалды. Ауыр қайғы басты. Менің әкем Жорақожа осы зобалаңнан бір жарым жылдай бұрын қайтыс болып кеткен болатын. Біздің екі ауылға да Кеңес үкіметінің белсенділері жиі келе беретін болып кетті. Байқасақ, олардың ендігі ойлағандары Қорақожа көкемді қолға түсіру екен. Қорақожа көкеме іздеу салынып, үкіметтің «жауы» болып жарияланғанын бәріміз анық білдік. Ол кісі де осындай сұмдықтың боларын алдын ала сезіп жүрген екен, ауылдан кетіп, жасырынып жүретін. Әсіресе, өз ағайындарымыздың ішінен шыққан «жансыздардың» жөн сілтеуімен қисынсыздан-қисынсыз тиісулер мен қоқан-лоққы көрсетулер тым көбейіп кетті. Амал жоқ,  бәріне де төзуге, барлығына да шыдауға тура келді.

Әлі есімде, ақпан айының орта кезі болып қалған еді. Уақыт кешкі мезгіл болып қалғанымен, бірақ күн ұясына әлі отыра қоймаған. Екі ауылдағы өңшең ойын балалары Икрамқожа, Әбетқожа, Дәулетқожа, Жұмақожа, Ізетқожа, Бердіқожа, Сейітбек, Телжан, Төребек  және мен барлығымыз ауылдан сәл тысқарырақта ойнап жүргенбіз. Бір уақытта барлығымыз да екі ауылдағы бүкіл әйелдер мен олардан қалмай қосыла барынша жылдам аяқтарын басып, ауылдың күнбатыс жағына қарай жедел бара жатқан Үмітай әжемді, Ханқожа атамды көріп қалдық. Ойынымызды тастай салып, бәріміз де солай қарай жүгіре жөнелдік. Кәріқыстаудың күнбатыс жағында Өлеңді көл мен Қарамендіге қарай өтетін өзек бар болатын. Сол өзектің біздің қыстау жақ бетіндегі қалың жыңғылдың арасымен Қорақожа көкем ауылға қарай келе жатыр екен. Астында бәйге көк қасқа аты бар. «Шошқа көз» деп атаушы еді оны. Біздер, өңшең балалар, алып-ұшып жүгіріп ол кісіге  жеткенімізде Қорақожа көкеме бізден бұрын жеткен Айымторы әпкем, көкемнің  әйелдері Күләйім, Жамал және шешелерім Әнипа, Құлжа, Жаңыл, Айткүл, Зейне, жеңгелерім Жаңылсақ, Сара, Шәйдікерім, Оңласын, Балқия, Ымиялар ол кісінің атының дәл қасына таяп келіп, ізетпен одан әрі жақындай алмай, жылап тұр екен барлықтары. Тек ол кісінің аттың үстіндегі бір жақ тізесін тастай етіп құшақтап, көк қасқа атқа жабыса сүйеніп еңіреп жылап тұрған Айымторы әпкемді көрдік. Осы уақытта біздің артымыздан Үмітай әжем де жетті. Көкемді қоршап алған барлықтарымыз дереу жол аштық ол кісіге. Аңырап жылаған бойда көкемнің екінші жақ тізесінен бас салып құшақтаған әжем: «Шырағым, ауылға жуыма. Бізді қанша ойлап, қимай, бұл маңды айналшықтай бергеніңмен енді кешігіп қаласың. Өкіметтің белсенділері, «жансыздары» біздің ауылды әбден торуылға алды» дегенде, «Қорақожа», – деп қоңыр даусымен әжемнің сөзін бөлген Ханқожа атам да біздің соңымыздан жеткен екен.

– Елден біраз ұзап кетпесең болмайды-ау түбінде. Күнгей жаққа қарай ассайшы. Сол жақта біраз жекжаттар да бар ғой», – дегеннен басқа ол кісі де ештеңе айтпады. Барлықтарының көздері анық ешнәрсеге жетпейді. Бірақ енді кешігуге болмайтынын бәрі де сезетін сияқты. Қорақожа көкем ешбір үн қатпады, тек өзінің бір жақ тізесін құшақтап, еңіреп жылап тұрған Айымторы әпкемнің басынан сипағаннан басқа. Осы бетте ешбірі де ләм-мим деместен атының басын кері бұрып, шамалы жер жүргеннен кейін кенет ол кісі кілт тоқтап, басын бір қырымен біз жаққа қарай бұрып, бізге үнсіз, қалың оймен біраз қарады. Бірақ ештеңе демеді. Шамалы уақыт осылай тұрды да, жүріп кетті. Көкемнің сол кездегі бейнесі әлі күнге дейін менің есімнен кетпейді. Ол кісі ат үстінде отырғанда сыртқы киімінің етегін ешуақытта жимай, ішігінің немесе камзолының артқы етектері атының сауырына дейін жетіп, екі етегі ердің екі жағындағы үзеңгілеріне дейін түсіп тұрушы еді. Мүмкін, ол кісінің барлығымызды осы соңғы рет көруі екенін іші сезіп, артында қалып бара жатқан бәрімізбен  қоштасқысы келді ме? Оны да терең ойлап, мүмкін бізді аяды ма? Мүмкін, әлдебір шаруалар туралы тапсырмалар берейін деді ме? Ондай ой келген жағдайда оны кімге айтады. Жұртта қалғандардың барлығының сиқы тағы белгілі болып тұр. Сол кездегі қалың ойдағы көкемнің не болса да барлығы ішінде кетті. Бәріміздің де бүкіл екі ауылдың сүйеніші болып отырған Қорақожа көкемді осы соңғы көруіміз болды.

Тамыз айының аяқ шеніне дейін біздің екі ауылдың да іргелері  бұзылмай отырды. Шамасы, бұдан былай отыра беруге болмайтынын сезген болуы керек, Ханекең келіндерін балаларымен бірге төркіндеріне жібере бастады. Қорақожа көкемнің үлкен әйелі Күләйім шешемнің төркіні Созақта болатын. Сондықтан ол кісі ешқайда кетпеді. Кенжеқожа жәкем ағаларын іздеп кеткеніне бір айдай уақыт болған. Ол кісінің әйелі Балқия жеңгем де үйде қалды. Апам мен Құлжа шешем екеуі Дәулетқожа, Жұмақожа және мені ертіп, үйдегілермен жылап қоштасып, Қаратау жақтағы төркіндеріне қарай жүріп кеттік. Бір жарым күндей жол жүріп, біз Сорбұлақтың басына келдік. Бұл өңірді апамдар өте жақсы біледі. Жылда жаз жайлауымыз Көсегенің көк жонына көшетін жолымыз. Осы Сорбұлақтың басында сәл тыныққаннан кейін, апам мен Құлжа шешем бір-бірімен жылап қоштасты. Мен де Дәулетқожа, Жұмақожа екеуімен қоштастым. Дәулетқожаны осы соңғы көруім екен. Біз апам екеуміз сәл күншығысқа таяулау жақты бетке алып, Үшбұлақта отырған нағашым Сапақ датқаның ауылына, ал Құлжа шешем  балаларын ертіп, Ақтоғайдағы әкесі Әділбек болыстың ауылына қарай жаяулап жүріп кеттік.  Апам екеуміз нағашы шешем Ұлтуардың қолына келдік. Ол кісілер де «қызылдардан» қашып, бой тасалап, Қаратаудың теріскей бетіндегі ата жұрты Үшбұлақ деген жердің маңайында отыр екен.

Көп ұзамай шешем Әнипаны да «қызылдар» ұстап, түрмеге отырғызды. Арада екі айдай уақыт өткен кез болатын. Мамыр айының соңы болуы керек шамамда. Лақ  белінің күнбатыс жағындағы Қостөбенің маңына шамасы қырық-елудей киіз үй тігілген екен. Байқасам, бүкіл байлардың мал-мүліктерін үкімет кәмпескелегеннен кейін осы өңірдегі елді солай шығарып, алғашқы бірлестіктер құру басталған кез сияқты. Сол ауылдың ішіне Шардарбек нағашымның үйі  елеусіздеу  болып көшіп келіпті. Мені сол үйге алып келді. Ертеңіне мені түйеге отырғызып, Пәрікүл жеңгем екеуміз Ойыққа қарай жүрдік. Бұндағы мақсат, мені шешем Әнипаға апару екен. Шамасы төрт-бес сағаттай уақытта Ойық ауылына жеттік. Ауылдың шет жағындағы «Қарабектің тамы» деген үйге келдік. Айналасы биік етіп лай кірпішпен дуалданған екен. Оны арнайы соққан екенін немесе бұрыннан бар үй ме, ол жағын білмедім. Сыртта қару асынған алты-жеті солдат тұр. Дуалдың іш жағы тола ұсталғандар. Пәрікүл жеңешем екеумізге рұқсат берсе керек, бізді ішке кіргізді. Шешем Әнипаны бас салып құшақтап, көп жыладым. Менің маңдайымнан  сипап: «Әлі-ақ үлкен кісі боласың, тектінің ұрпағысың ғой, жасыма шырағым», – деп бір кісі мені айналып, толғанып жатты. Апам: «Тойшыбек көкең ғой», – деп таныстырды. Бұрын елдің аманы, жұрттың орнында тұрғанында талай көрген шығармын ол кісіні, бірақ ол кезде балалықпен мән бермегенімді енді сезгендей болдым. Көзі көк, қарасұрлау кісі екен. Кешке дейін апаммен, нағашым Тойшыбекпен бірге дуалдың ішіндегі түрмеде болдық. Пәрікүл жеңешем  де бірге болды. Бұл жерде біздің ауылдардан ұсталынып әкетілген Ниязбек, Қорақожа көкемдер, Төреқожа, Мұса, Атақожа жәкемдердің ешқайсысы да жоқ екен. Кеш түсе Пәрікүл жеңешем екеуміз түйемізге мініп, Үшаралға қарай қайта қайттық. Тойшыбек нағашымды осы соңғы көруім екен.

Күздің орта кезі еді. Нағашыларымның ауылы отырған Қаратаудың теріскей бетіндегі Үшбұлақ, Қызыладырға ат жеккен екі арба келді. Арбалардың үстіне қанар тартып, көлеңке жасалған. Артқандары мал терілері, жүн. Бұл келгендер Дәнен руынан шыққан Бөрібай, Тайжан дегендер екен. Нағашыларымның өте жақын туыстары. Бұл кісілер осы ауылда екі-үш күндей жатып, маңайдағылардан жүн, тері жинап, арбаларын толтырғаннан соң, Әулиеатаға қарай жүретін болды. «Мына жалғызды Әнипаға жеткізіңдер. Сендердің келгендерің дұрыс болды ғой. Тірі болса сендердің жақсылықтарыңды қайтарар, болмаса қайтеміз, бір Құдайдан қайтар», – деп Ұлтуар шешем көзіне жас алып, мені арбаға, Бөрібайдың жанына отырғызды. Арада үш күндей жол жүріп, Әулиеатаға жеттік. Ертеңіне Бөрібай мені жетелеп, Атшабар төбенің күншығыс жағындағы бір үлкен үйдің жанына келдік. Бұл Әулиеата түрмесінің асханалары орналасқан жер екен. Шешем Әнипа осы жерде түрменің асханаларындағы ыдыс-аяқтарды жуатын көрінеді. Мұнда әкелгеніне алты айдай болыпты. Мені бас салып құшақтай алған шешем біраз жылап қалды. Бір қарасам Бөрібай да жылап тұр екен. Мен келгеннен соң шешем менен айырылғысы келмеді. Шамасы түрменің басшыларына жолыққан болуы керек, мені жанына алып, түрмеде бірге жатуға рұқсат етіпті. Сөйтіп, шешеммен бірге түрмеде бес айдай бірге жаттым.

1932 жылдың көктемі келді. Жергілікті өкімет Әулиеатаның күнбатыс жағындағы жазықтау келген жерге жүгері егіп жатыр екен. Сол жерге апамдарды жұмысқа шығарды. Бұрынғыдай емес, күнімен жұмыс істеп, жатарға түрмеге емес, Тайжан мен Бөрібайдың үйіне баратын болдық. Бір күні таңертең ерте тұрып, жүгері егіп жатқан жаққа қарай емес, қаланың тау жақ бетіне қарай жүріп кеттік. Қаладан көп ұзағаннан кейін тауларға жақындай бердік. Әр жерде күрке тігіп, егіс егіп жатқандар көп екен. Солардан сұрастыра жүріп, шешем екеуміз бір сайдың астындағы ауылға жеттік. Бұл жердің халқы  қырғыздар екен. Бір шағын үйдің жанына келгенде анадайдан Ханқожа бабамды тани кеттім. Мен шыдай алмай ол кісіге  қарай жүгіре жөнелдім. Ботадай боздап жылаған әжем Үмітайдың дауысын естідім. Ұзақ жылағаннан соң, мауқымыз басылып, жөн сұрасып, білісіп жаттық. 1930 жылдың көктемінде «қызылдар» Қорақожа көкемді де алдап қолға түсіріпті. «Егер де өзі келіп Кеңес үкіметіне берілетін болса, қамаудағы аға-інілері Төреқожа, Атақожа, Ниязбек, Мұсаларды түрмеден босатамыз» – деген бағытта ел арасына лақап жіберіпті. Кеңес үкіметінің шабармандары болып жүрген  белсенділер ел арасынан тың-тыңдап, Қорақожа көкемнің елден ұзай қоймағанын сезген екен. Қорекеңмен бірге қашып жүрген төрт-бес жігіттің бірі Шаян өзенінен өтіп бара жатып, Күнгейдегі елге қарай кетпек болған жолда өзеннің ортасында сілейіп тұрып қалған көкеме: «Қореке, не болып қалды, аманшылық па әйтеуір?» – деп қорқып жетіп келіпті. «Мен елден қашып, бүйтіп тірі қалғанша, кепілге ұсталған бауырларымды  босатайын деп шештім, жігіттер. Сендердің жолдарың болсын. Мен Ойыққа (аудан орталығы) қарай қайтамын», – деп атының басын кері бұрған екен. Сол бетте жолай ауылдағы әке-шешесіне де соқпай, аудан орталығы Ойық ауылына келіп, Кеңес үкіметіне өз еркімен беріліпті.

 Әнипа шешем екеуміз атам Ханқожа мен әжем Үмітайлармен қимай қоштасып, қайтадан Әулиеата түрмесіне оралдық. Амал не, бүкіл бір ел-жұртқа пана болып, атағы алысқа тараған ошақты еліндегі аса бір дәулетті отбасының бірі болған, осы өңірде ғана емес,  елден тыс алыс жерлерде  – Сұраншы батырдың асында, қазақ-қырғыз ат бәйгесінде,  тағы басқа ас-тойларда қосқан аты оза шапқан есіл көкемді бұдан кейін көрмейтінімді кім білген. Бүкіл есіл-дерті туып-өскен жері Үшарал өңіріне қарай жету болып, тоқсанға таяған жасында «топырақ өсіп-өнген жерімнен бұйырсын» деген оймен, еш жерге шыдай алмай, сол  жылдың күзінде Ханқожа атам мен әжем Үмітай Үшарал өңіріне қайта оралыпты. Ел ішінде жиі-жиі болып тұратын жиын-тойда барлық балаларын тек қана бір түсті атқа мінгізіп, бірдей ертоқым салдыртып ертіп жүретін, атпен адамша сөйлескен, белгілі атбегі болған есіл көкем қалың ашаршылықтың ортасында елдегі бір елеусіз жерде көз жұмыпты. Ең бір өкініштісі – өмірден өтерінде бірде-бір баласы қолдан жуып-шайып арулап аттандыра алмапты.

1932 жылдың мамыр айында апамды түрмеден босатты. Апам мені ертіп, елге қарай жаяу тартты, шамасы бес-алты күн өткен болуы керек, түс ауа Ақтөбенің тұсындағы Көкталдың өзеніне жеттік.

Бір күні Ақбөпе екеуміз саулық қойлардың ажыратылған қозыларын қайырып жүрсек, бір жағымыздан Зиябек нағашым елдің көзіне түспей, астыртын  келіп қалыпты. Ол кісінің бұлай жүруінің себебі бар еді. Өйткені темірдей қатаң тәртіптің орнаған уағы болатын. Елге жаппай келген ашаршылықтан адамдардың жейтін дәнеме таппай, қырылып жатқан кезі. Бірақ, байлардан кәмпескеленіп алынған малдардың негізінде құрылған Талас совхозында сол уақытта қыруар мал бар еді. Жергілікті үкіметтің «совхоздың мал отарларының маңынан бейсауат ешкім жүрмесін» деген тапсырмасы бар болатын. Нағашым көп тоқтамады. Бұтаның тасасында жасырынып тұрып маған тапсырма берді: «Ана жатқан қозылардың біреуін ұстап, аяғын буып, шидің жанына тастап кет. Кешкісін мен алып кетемін. Ұлтуар әжең ауырып жатыр, сол кісіге керек», – деді. Ұлтуар әжемді айтқанда менде қай жан қалады, орындайтын ишарат білдірдім. Нағашым кетіп қалды. Кешкісін қозыларды ауылға жақындататын кезде бір семіз қоңыр қозыны ұстап алып, аяғын жіппен қатты буып, нағашым белгілеген шидің түбіне қалдырып, қозыларды Ақбөпе екеуміз ауылға айдап кеттік. Көп ұзамай Ұлтуар әжем қайтыс болды деген хабарды естідік. Жетпіс бес жасына дейін осы өңірді мекендеген қайсыбір адамзаттан байлығымен де, бағымен де, тағымен де, ақылымен де оқ бойы алда келген шіркін әжем көсегенің көк жонындағы Бәйімбет сазында бұл дүниемен қоштасыпты. Мамыр айының бас жағында қозылар енесіне ілесіп ұзап жайылуға жарай бастаған кезде, біз өзгелермен бірге Қаратаудың жонындағы Бәйімбет сазы жайлауына келдік. Біздерді Зиябек нағашым ертіп барып, Ұлтуар әжемнің басына құран оқыды.

Осы жайлауда отырғанда менің денеме жара шығып, қатты ауырдым. Мені бөлектеп жатқызып, шимен қоршап қойды. Шамасы жұқпалы ауру деген болуы керек. Ұйықтап кеткен екенмін, сыңсып жылаған дауыстан оянып кеттім. Көзімді ашсам, қоршап қойған шиді лақтырып тастап, мені аймалап, жылап отырған Айымторы әпкемді көрдім.  Қыз бала қашанда өте бауырмал келеді емес пе? Менің үстіме шыққан жараның жұқпалы екеніне қарайтын емес, асты-үстіме түсіп аймалауда. Шіркін, бауыр болғаннан соң қиын екен. Шын сағынғандық, әрі сан алуан ауыр ойлар да келген шығар ойына, екі көзінен жас пора-пора ағуда. Ауылды «қызылдар» шауып, тоз-тозы шыққан кезде Айымторы әпкем Ханқожа атамдармен бірге жұртта қалғанын білетінмін. «Қызылдардың» белсенділерінің бірі бой жетіп отырған әпкемді өзінің інісіне алып беріпті. Бізбенен бірге бір күндей болып, кетерінде апамменен еңіреп жылап,  құшақтасып қоштасып болғаннан соң, сол көңілсіз мұңайған бойында менің жаныма келіп, бір жанымен отыра қалды да, бір жақ шекемнің тұсына маңдайын тигізіп, құлағымның тұсынан  жылағанын баса алмай, дірілдеген даусымен: «Айналайын Мырзажан, егер де осы қырғыннан тірі қалатындай заман туса елден, жерден ұзап кетпеңдер. Біз іздеп барғанымызда бұрынғы ауылдың отыратын жерінің айналасынан табатын болайық», – деп менің маңдайымнан, бетімнен қайта-қайта сүйіп, қимай қоштасты. Ол кісінің екі көзінен аққан жасы менің бір жақ бетімді мойныма дейін жуып жатқандай болды. Екі көзімнен еріксіз шығып жатқан жасты қолдарыммен кезек-кезек сүртіп жатқан менің жүрегімде сол кездегі Айымторы әпкемнің айтқан сөздері жатталып қалды. Бұл әпкем екеуміздің соңғы кездесуіміз екен. Жиырма күндей жатып мен аурудан жазылдым.

Жоғарыда сөз болған оқиға әкеміз Мырзақожа Жорақожаұлының әңгімесі. Ол кісі 1922 жылы қазіргі Сарысу ауданының Түгіскен ауылында туған. Әкесінен жеті жасында айырылып, үлкен атасы Ханқожаның қолында тәрбиеленеді. 1930 жылы бай баласы деген жаланың кесірінен шешесі Әнипамен бірге Әулиеата түрмесіне қамалған. Сол жылдардан бастап әкесі азан шақырып қойған Мырзақожа атын өзгертіп, Мырзаш аталып кеткен. Он жасынан еңбекке араласқан ол бала кезінде алған жарақатының салдарынан әскерге алынбай, мал шаруашылығында зоотехник болып жұмыс істеген. 1950 жылдан бастап зейнетке шыққанша сауда саласында жемісті еңбек етті. Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Зайыбы Ақбөпе Асқанбайқызы екеуі бес ұл мен екі қызды тәрбиелеп өсірді.

Қайратбек ЖОРАЕВ.

Сарысу ауданы.

А

 

Ұқсас жаңалықтар