Елбасы тапсырмасына сай, 2015 жылдың сәуір айынан бастап тұрғын үйге берілген ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы іске қосылған болатын. Бағдарламаның мақсаты – ипотекалық борышкерлердің басым бөлігіне қарыздарын жабуды жеңілдету, проблемалық несиелер санын азайту және экономиканың долларға тәуелділігі деңгейін төмендету болып табылады. Республика бойынша екінші деңгейлі банктерге аталған бағдарламаны орындау үшін 130 миллиард теңге бөлінген. Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалық етуімен өңірдегі екінші деңгейлі банктердің осы мақсатты қаржыны игеру барысы жөнінде кеңес өтті. Оған екінші деңгейлі банктердің облыстағы филиалдарының басшылары қатысты. Қайта қаржыландыруға 2004 жылдың 1 қаңтары мен 2009 жылдың 31 желтоқсаны аралығында алынған ипотекалық несиелер жатады. Қарыз бойынша қалдық 36 миллион 470 мың теңгеден аспауы қажет. Қайта қаржыландырылған несие бойынша сыйақының жылдық мөлшерлемесі 3 пайыздан аспауы тиіс. Бағдарлама аясында қайта қаржыландыруға өтініш 10 жыл бойы, яғни 2025 жылға дейін қабылданады. Облыс бойынша бүгінде осыған байланысты 2319 өтінім келіп түскен. Оның 6 миллиард теңгені құрайтын 1847-сі мақұлданып, 1734 өтінім қайта қаржыландырылған. Жиында «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі» РММ Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин бағдарламаны жүзеге асыру ісіне екінші деңгейлі 10 банктің филиалдары қатысып жатқандығын айтып, оның негізгі шарттары мен кейінгі өзгерістеріне де тоқталып өтті. Хабарламашы қайта қаржыландыру тетіктеріндегі өзгерістермен қоса, бағдарламаның жаңа мазмұнына алдын ала және қосымша лимит есебінен қайта қаржыландыру әдістері қосымша енгізілгенін де атап өтті. Оның айтуынша, 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін салымды мерзімінен бұрын игеріп үлгерген және қарыз алушының қайта қаржыландыруға мақұлданған, бірақ орындалмаған өтінімдері бар банктер алдын ала лимитті де қолдана алады. Олардың қатарында «АТФ Банк» пен «Forte Bank» акционерлік қоғамдары бар. Аталмыш банктер алдын ала лимит шеңберінде өз қаражаттары есебінен қайта қаржыландыруды жалғастыра береді. Евгений Шарыгин банк өкілдеріне қосымша лимит бойынша қайта қаржыландыру шарттары мен басқа да өзгерістерді түсіндіріп, облысымыз республика бойынша келіп түскен және қайта қаржыландырылған өтінімдер бойынша 4-орынға жайғасқанын, бұның жақсы көрсеткіш екендігін атап өтті. Бекболат Серікбекұлы банк өкілдеріне сұрақтар қойып, бағдарламаға несие алушыларды тарту және іздестіру, өтінімі мақұлданған, бірақ әзірге қайта қаржыландырылмаған несие алушыларға қатысты алдын ала лимиттерді игеру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды нақтылады. Сонымен қатар, екінші деңгейлі банктер мен Ұлттық банк басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді