Қолында – Құраны, иығында – қыраны, өзі – елдің ұраны
Көне жұртымыздың ертедегі бір кіндігі болған Созақ қаласы Қаратаудың теріскейінде. Қазір қала орнында шағын елді мекендер, шөккен бурадай әр жерде бір шашылып қалған қорғандар мен қорымдар. Бір қарағанда кісі қызығар штеме де жоқ сияқты көрінетін осынау салқар далада ел-жұртты баурап алар не бар деген сұрақ көкейде тұрады. Дамуымыздың алағай да бұлағай бір кезеңінде дәл осы өңір елге астана болды дегенге сене қою да қиын. Бұл сырт көзге ғана... Көзі қарақты қауым бұл өңірдің арғы-бергісінен ойлана сыр тартар еді. Бағзыдан келе жатқан халқымыздың киелі бір кіндігі осы Созақ. Тарлан тарихтың талай құпиясын ішіне бүккен өлке бұл. Құм басқан қала да, түз кешкен дана да бар мұнда. Ең бастысы, Созақта соңғы жылдары елімен қайта қауышқан қасиетті Қарабура әулие жатыр. Жалғыз Қарабура ғана емес, Баба Ата, Баба Түкті Шашты Әзиз, тағы басқа мұсылман қауымына қасиетті талай тұлғалар, кесенелер, киелі орындар да осында. Бір ғана Қарабура есімі мен ескерткішінің өзі көп нәрсені айтып, шежіре шертіп тұрғандай. Сан ғасыр артта қалса да жұртының жүрегіне ұялап қалған бұл тұлға соңғы он-он бес жылдың көлемінде қайтадан ел бесігін тербей бастады...
Қарабура асы 1997 жылғы маусымда өткен еді. Бұл өзі Созақ жерінде кең ауқымда, республикалық көлемде ұйымдастырылған іргелі іс-шара болатын. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен, көршілес республикалардан ағылған жұрт нөпірін көріп, ел рухының ұлан асу биікке көтерілгенін байқап едік. Тәуелсіздік деген тәтті сөздің сырын ұғынғандай, еркіндік самалын ерекше сезінгендей болғанбыз. Сол тұста «Қарабура» қоғамдық қоры құрылып, оның басында Әбдірахман Омбаев, Құрал Ержанов сынды айтулы азаматтар тұрғаны, оларды бүкіл зиялы қауым, қалың ел-жұрт, Қарабура әулие ұрпақтары жаппай қолдағаны, сөйтіп, мұның бәрі санамызда серпіліс туғызған кезеңдік оқиғаға, халық-тық қозғалысқа айналғаны ұмытылар ма?.. Осылайша өз-өзінен жыл сайын маусым айының 14-15-інде Созақта Қарабура әулиені еске алу дәстүрі қалыптасты. Биыл бұл шараны жамбылдықтар атынан өткізу Сарысу ауданы жамағатының еншісіне бұйырыпты... Бүгінде баба кесенесі зиярат етушілер легі ешқашан үзілмеген киелі орынға айналып отыр. Алыс-жақын жылдарда кесенеге келушілер бір сәтке де толастамаған. Өмірде жолы болғандар да, болмағандар да, бақытты да, бақытсыз да осы ұлы бабасының кесенесіне тәу етіп, Алладан рақым, медет болуын тілейді, асқан-тасқан кездері үшін кешірім өтінеді, жабыққан-зарыққан шақтарында күш-қуат сұрайды, басы ауырып, балтыры сыздағанда жанына шипа іздейді. Баба зиратының басына таутеке мүйізі қойылған екен. Бұл сол дәуірде қалыптасқан дәстүр болса керек. Оның қандай символдық мәні бар екені жөнінде әртүрлі болжам бар. Ескерткіштің сыртқы көрінісінің өзі адам денесі тәрізді буылтық-буылтық, саз балшықтан өрілсе де бойында қан ойнап тұрған адамның жанды бейнесіне көбірек ұқсайды. Мына талды қараңызшы... Көнекөздердің айтуынша, бір шоқ болып сол бір ықылым заманнан бері шөл даланың үстінде осы мазармен бірге жасап келе жатыр. Оның кереметі сонда. Түпкі діңгегі кейде жалаңаштанып, жоғары жағы мүлдем қурап қалған кезі де болған екен. Бірақ, қайтадан көктеп, қайтадан көкке ұмтылған, жапырақ жайған. Осы кесене іргесінде жеті бірдей ірі тұлғаның бейіті бар. Оның біреуінің ғана аты-жөні белгісіз болып келген-ді. Кесенені қайта көтергенде олар ұмыт қалмапты. Бәрінің де аты-жөні біртектес қара мәрмәр тасқа жазылып, рет-ретімен орналастырылған. Жалпы олардың ғана емес, кең-байтақ Отанымыздың әр жерінен белгілі қайраткерлердің, тарихи адамдардың аты-жөні, топырағы осында әкелініп қойылуда. Сөйтіп, бұл жер үлкен Ұлттық пантеонға да айнала бастады. Бұған Мекке мен Мәдина қалаларынан ең соңғы пайғамбарымыз Мұхаммедтің де жатқан жерінен топырақ әкелінуі, аты-жөнінің тасқа басылуы түрткі болған еді. Алғашқыда ұйғыр Шахасум Ахунның, сарыүйсін Белгібай қажының, тарақты Шілмембет бидің, қоңырат Құрбан Атаның, өзбек Қожамқұлдың, Дәулет батырдың, Әбдісаттар дамолланың, Қарабура әулиенің әйелі Тынышбаланың сүйектері қайта жерленіп, есімдері тас тізімге әспеттеп жазылған еді. Кейінірек тізім әл-Фараби, Бәйдібек баба, Домалақ ене, Бегім ана, Зеңгі баба тәрізді тарихи тұлғалар, сондай-ақ, қоғам қайраткері Серік Үмбетовтің ұйымдастыруымен Жетісу өлкесінің бірқатар ардақты азаматтарының есімдерімен толыға түсті. Бұл іс одан әрі де жалғаспақ. Мұның үлкен мәні бар. Ол ел бірлігін нығайтуға, ынтымақты жарастыруға үндеп тұрады. Әу басында мұны Мұхаммед пайғамбарымыздың өзі қаламап па еді?.. Дүниеден өтер сәтіндегі бір өсиетінде «Мен өзімді өкіл етіп жіберген Жаратушыға қайтіп ораламын. Соңғы өсиетім сол, бірліктеріңді сақта! Бір-біріңді құрмет тұт! Сүйе біл, сүйсіне біл, жәрдемдес! Дінің мен байсалдылығыңды бір-біріңе ғибратта. Қайырымды іс қыл – осылармен бақытты болар адамдар! Қалғанының барлығы апатқа соқтырады» дегені, сірә, естен шығар ма?! Тек, жалпақшешейлікке салынып, аталмыш пантеонды жаппай қорымға айналдырып алмасақ жарар еді... Қарабура әулие – пайғамбарымыздың осы өсиетін пір тұтқан, үнемі қайталап отырған, өзі де дүниенің байлығына қызықпаған, бар өмірін имандылыққа арнаған жан. Қожа-Ахмет Яссауидің өзін соңғы сапарға шығарып салуды Қарабураға сеніп тапсыруы – соның дәлелі. Сондықтан да ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы әруақтардың басын қосып, бәрінің үндес, мүдделес екенін таныту абыройлы іс болса керек. Өйткені осы қасиетті кесененің төңірегіне топтасқан тарихи тұлғалардың көзі тірісінде де көздеген мақсаты туған халқын, қала берді бүкіл түрік, мұсылман баласын иманды, мейірімді жұрт ету, іргелі ел атандыру болса керек. Ендеше Пантеон жасау идеясы сол әруақтар өздерінен қалған бүгінгі ел мен жердің азат, еркін әрі байтақ қонысты иеленіп отырғанын сезіп жатсын деген тілектен туған деп білеміз. Бұдан да зор мақсат – қазіргі ұрпақтың тарихи дәстүрден тағылым алуы, мәңгүрттік-тен арылуы, аталар жолын абыроймен жалғастыруы болса керек. Осындайда Қарабура шыбығы жөніндегі әңгіме еріксіз еске оралады. Әрдайым талас-тартыс бола қалса, жұрт Қарабура шыбығы жөніндегі әңгімені алға тартып отырған. Қай заманда да толық ақиқатқа жету оңай болмаған. Сондай кезде ант-су ішу, қарғану, ең беделді тұлғаны куәлікке тарту деген бар. Өйткені қазақ әдебиетінің бір алыбы Ғабиден Мұстафин айтпақшы, «шындықтың мекені – шыңда». Бұған талай-талай мысалдар келтіруге болады. Бір жолы дүйім елдің малын ұрлап кеткен бір ұры қолға түседі. Пәленің бәрін істеп жүрген сол екенін білгенімен, дәлелдеу оңай емес. Не істеу керек?.. Шындыққа жетуге талпынғандар ең соңғы әрекетке баруға мәжбүр болады. Ол – әлгі ұрлыққа барған бейбаққа «Егер сен адал болсаң, Қарабура шыбығын кесуге келісесің бе» деген сұрақты төтесінен қояды. Міне, осы кезде ұрының үні шықпай, тілі күрмеліп, мойындауға мәжбүр болыпты. Бұл жай нәрсе емес, елге кең таралған, шындықтың ең биік шыңы ретінде мойындалған амал екен, әрбір жұмыр басты пенде үшін ең жауапты емтихан болса керек. Ол айтуға ғана оңай. Бұрынғы түсінік-танымның бәрін жоққа шығарған заманның өкілі болғандықтан мұның бәрі бізге әлі де күлкілі көрінуі мүмкін. Шындығында адам бойында сенім болуы тиіс. Біздің бойымыздағы ондай сенім Құдайсыз қоғам әсерімен азайған, не мүлде жоғалған. Енді соны қайырып аламыз деп талпынып жүрген жоқпыз ба?.. Пенделік қасиеттерден жоғары тұрған, сондықтан да кіршіксіз тазалығына, ақтығы мен адалдығына шүбә келмейтін адамдар бар екені де рас. Сондай тұлғаның бірі, бәлкім, бірегейі осы Қарабура бабамыз деуге толық негіз бар. Шынында да ғажап емес пе, арада талай ғасыр артта қалса да, осынау тұлғаға қатысты ақиқат пен аңызға толы әңгімелер ұмытылмаған, кесенесінен шырақшылар үзілмеген, беделіне қылау түспеген. Бұл өзінше бір тылсым тарих, тұңғиық сыр. Бұл өлке талайларды, оның ішінде Қарабураны пір тұтқан, шежіресін содан бастаған, еліне ұран еткен тама тайпасын үнемі өзіне, төңірегіне тартып тұрған. Осы өлкенің бір құдіреті, бір тарту күші бар деп ойлауға әбден болады. Жалпы, тамалардың негізгі қоныстанған жері Батыс Қазақстан екені белгілі. Бірақ, тәуекелшілдігі ме, әлде, тағдыр талайы ма, басқа себептері бар ма, бұл тайпаның ізін тарихтың түрлі кезеңдерінде Алтайдан, Ақжайықтан, Арқадан ғана емес, Оңтүстіктен де жиі ұшыратамыз. Ә. Кекілбаев «Елдік пен ерлік киесі» деген эссесінде «Қайткен күнде де тамалардың Жетісу мен Қаратауда жүргенде мұсылман дініне кіргені рас, сол кезде «Қарабура» деген ұранға ие болғаны рас» десе, М. Мағауин Шыңғыс хан жөніндегі деректі хикаяттарында «Шыңғыс ханның тікелей жарлығымен құрылған, кейінгі ұлыс хандары одан әрмен күш беріп, ақыр түбінде қуатты тайпаға айналдырған ендігі бір үлкен қауым – тама... Тама – ұлы қаған жасақтаған ішкі әскер» деп тағы бір тарихтың шетін шығарады. Мұның өзі Шора, Есет, Құрман, Сеңгірбек, Жұма, Танаш, тағы басқа көптеген ұлы батырлардың осы елден шығуының түп негізі, батырлық дәстүрдің бастауы емес пе екен? Ал Абылайхан заманынан бері Арқада Жағалбайлы, Алшын, Тарақтылармен тізе қоса тоғыз болыс ел болғаны, Сарысу бойын жайлағаны – күні кешегі тарих. Созақ, Саудакент аймағы Оңтүстіктен Арқаға Бетпақ-дала арқылы Есіл мен Ертіске, одан әрі Батыс Сібір өңіріне апаратын керуен жолдарының шығар тұсы... Солардың ішінде Хан жолы Мойынқұм – Шу алабын, Қарқаралы жолы Созақ, Қаратау өңірін Сарыарқамен жалғастырып жатады екен. Осы айтылған Хан жолымен Абылайхан Жетісуға сапар шексе, Қарқаралы жолымен атақты Г. Н. Потанин Қоқанға қарай жүріп өткен деседі. Осыған байланысты ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан өзінің «Ежелгі керуен жолдары – Бетпақдала құмы арқылы» атты мақаласында «Жол тас шоқылар мен жазықтарды бетке ала тікелей солтүстікке, Мұңлы және Қулы тауларына қарай кетеді. Орта ғасырларда бұл таулар ауқымы кең, тамаша айлақтың бірі болған, ал, одан әрідегі замандарда бұл жерді қазақ-тамалар қыста жайлайтын еді» деп жазғаны тарихтан белгілі. Шындығында Арқадағы Қулы, Мұңлы таулары – тама-лардың өткен ғасырларда мекендеген өлкесі. Сол Арқада жүрген кездерде де әлгі керуен жолдары арқылы тама тайпасының көштері өздерінің піріне, ұранына айналған Қарабураға, Қарабура дамылдап жатқан Созақ өңіріне қайта-қайта айналып соғып отырған тәрізді. Терең тарихқа үңілуден үркітетін, әулиелі мекендердің маңынан жүргізбейтін кешегі кеңес дәуірі Созаққа, ондағы Қарабура әулие ескерткіштеріне мән бермегені түсінікті. Ұлттық салт-дәстүр, діни нанымымыз, өткен тарихымыз толық жоққа шығарылған тұста басқаша болуы мүмкін бе еді?.. Мән бермеді деу бер жағы ғана, саяси тұрғыдан жазалауға ұшыраған өлке десек те, артық айтқандық болмас еді. Большевиктік биліктің жергілікті халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығына ашық қарсы шыққан да осы өңір жұрты емес пе... Ол тарихқа Созақ көтерілісі деген атпен енген жоқ па еді? Көршілес Сарысу елі де қатты толқыған. Кеудені кек кернеген кезде қылышқа қол созған. Сонда бұлар күш тең еместігін біле тұра кімге сүйенді, кімге сыйынды? Таңырқайсың... Дәу де болса, көкте – Құдайға, жерде – осы Қарабура әулие әруағына сыйынған шығар-ау... Созақпен тағдырлас, іргелес Саудакентте кеңес заманында құрылған ауданға Қарабура ұрпақтары – ел жақсыларының өзекжарды өтінішімен Арқада ата меке-ніне айналған Сарысу өңірі мен өзенінің аты беріліпті. Сарысу – туған жерге деген сарғайған сағыныштан туған атау екен, Сарысу – өскен, өркен жайған өлкеге айнымас адал-дықты, шексіз сүйіспеншілікті білдірудің белгісі екен. Осы ауданды, олармен жалғас Талас, Мойынқұм аумағын өмір сүруге жайлы өлке деп ешкім айта алмас. Сонда да жұрт тастап кетіп жатқан жоқ. Осының өзі ерлік тәрізді көрінеді. Осындайда кейбір саясатшылардың өмір сүруге қолайсыз, экономикалық тиімсіз саналатын шалғай елді мекендерді азайту, қысқарту жөнінде «көрегендік» ұсыныстар жасап жататыны жанға батады... Осындай ойдың, осындай пікірдің өзі отаншылдық сезімге сызат түсіреді деп неге ойланбаймыз? Оның есесіне қалпына келтіру, гүлдендіру жөнінде айтпай-мыз ба? ...Қарабураның тарихи тұлғасы сан қырлы. Ол жіті зерттеліп біткен жоқ. Ол туралы жазылған көркем әдебиет туындылары – өлең, дастан, эссе, хикаялар да әлденеше том болып қалған шығар. Әлі де зерттеле, тиянақтала жатар. Десек те, қарапайым пенде бола отырып осыншама беделге қалай жетті, саясаттың аумалы-төкпелі толқындары, уақыттың тегеурінді ағыстары оның есімі мен еңбегін жұрт жүрегінен қалайша өшіре алмады деген сұрақ көкейде тұрады. Шамасы, мұны жалаң сөзбен жеткізе алмайтын, уақыт пен кеңістікке бағынбайтын рухани құбылыс дегеніміз дұрыс болар. Ең әуелі, Қарабура бабамыз қолына Құран ұстаған дін қайраткері, рухани ұстаз, содан кейін ел бастаған серке, иығына қыран қонған батыр. Осы үш сипаты әулиелік қасиетін құрайды әрі асқақтатады деп ойлаймын. Қазақтың қабырғалы қаламгерлері Хамит Ерғалиев, Қуандық Шаңғытбаев, Қадыр Мырзалиев, Маралтай Ыбыраев жырларында сол сипаттар мен өміршең өнегелер шебер өрнектелсе, ақын Тынышбай Рақымның ән-өлеңінде «оң қолында Құран болған, иығына қыран қонған, аты елге ұран болған» дейтіні баба тұлғасының нақты бағасындай әрі бүгінгі қауым үшін жақсылықтың жұпарындай сезіледі. Иә, қолында – Құраны, иығында – қыраны, өзі – елдің ұраны... Міне, соңғы жылдары осындай әулиеге деген ел махаббаты өлшеусіз өсе түскені анық байқалады.
Болат МӘУЛЕНОВ, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді