«Көп тіл білсең – көсегең көгереді» деген. Бірнеше тілді жетік меңгеріп, өздерінің ғылым мен білімге деген ізденістерін тереңдете түскен жастарымыздың қатары артып келеді. Облысымыздағы жоғары оқу орындарында бес-алты тілге дейін меңгерген дарынды студенттер бар. Осыны ескерген облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы наурыз айында полиглоттар клубын ашқан болатын. Аз уақытта жұмысын бір жүйеге түсірген аталмыш клуб мүшелері жақында облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовпен кездесті. Көне Тараз тарихи-мәдени орталығындағы Достық үйінде өткен кездесуде Ерқанат Нұрбапаұлы да клуб мүшелігіне салтанатты түрде қабылданды. Бұдан соң жиналған жастар өзара пікір алмасып, клубтың жан-жақты жұмысы туралы баяндады. Кездесуді жүргізіп отырған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенті, полиглоттар клубының президенті Сағи Алтынкөп қазақ, ағылшын тілдерінде өз жұмыстары және «Acoustic club» жобасы туралы қысқаша баяндап, алдағы жоспарлары жайлы тілге тиек етіп, клуб мүшелерімен таныстырды. Осы оқу ордасының студенттері Жохфнгир Матназаров пен Гүлбахар Сұлтанжан клубтың «Language School» жобасының мақсатын орыс, ағылшын, француз, қытай тілдерінде түсіндіріп берсе, Жандос Миятов «Debate club» жобасының жоспарын қазақ, ағылшын, неміс тілдерінде жеткізді. Сондай-ақ, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенті, полиглоттар клубының «Movie club» жобасын қазақ, ағылшын, осы колледждің тағы бір студенті Гүлназым Бейсенбаева «Grand talks» жобасының маңызды бағыттары жайлы мемлекеттік және ағылшын, жапон тілдерінде мәлімдеді. Ал ТарМПИ студенті ағылшын, орыс, кәріс тілдерінде клубтың әлеуметтік желідегі парақшаларына шолу жасады. «Тіл дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ақтоты Бұралқиева полиглот жастарды кәріс, түрік, қытай тілдерін тегін үйрететін курстарға белсенді түрде қатысуға шақырды. Қазақстан студенттері Альянсының облыстағы көшбасшысы Әлібек Мұратбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқығанда алған әсерімен бөлісті. Кездесу барысында қызықты бейнеролик көрсетіліп, жастарды көп тіл меңгеруге деген қызығушылығын арттыру жолдары талқыланды. Жиналғандар ұсыныс, пікірлерін білдіріп, емен-жарқын әңгімелесті. Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов кездесуден жақсы әсер алғанын айтып, клубтың талантты жастарына сәттілік тілеп, алдағы уақытта биік белестерге жетуге жігерлендірді. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева полиглоттар клубында алғашында 60-қа жуық студент болса, бүгінде олардың қатары артып келе жатқанын тілге тиек етті.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді