«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ветеринария қызметі біліктілікті талап етеді

Ветеринария қызметі біліктілікті талап етеді
ашық дереккөз
Ветеринария қызметі біліктілікті талап етеді

Конго-қырым геморрагиялық қызбасына қарсы іс-шаралар табиғи ошақта орналасқан аумақтардағы тұрғындарды қорғау жөніндегі жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен бөлінген 92625012 теңгеге кенеге қарсы қолданатын дәрі-дәрмектер сатып алынып, ал залалсыздандыру жұмыстарына аудандық бюджеттерден 45783000 теңге бөлінген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен өткен брифингте облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров осыны мәлімдеді. Кенеге қарсы көктем мезгіліндегі залалсыздандыру жұмыстары 12 сәуір мен 25 мамыр аралығында жүргізіледі. Тараз қаласы мен бес ауданның 68 елді мекенінің 14906 ауласындағы көлемі 6340718 шаршы метр болатын 21996 қора-жайда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланыпты. Басқарма басшысы ауру ошақтарындағы залалсыздандыру жұмыстарын облыстық бюджет есебінен сатып алынған «ДУК» автокөліктері атқарып жатқанын, биыл табиғи ошақта орналасқан аудандар да өз бюджеттері есебінен осындай арнайы техника алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Қатерлі ауруға қарсы облыстық әкімдіктің басшылығымен аудандық, ауылдық әкімдіктердің, басқа да тиісті құрылымдардың алдын алу шараларын атқаруы бір басқа, тұрғындар тарапынан да сақтық шаралары қатаң сақталуы қажет. Хабарламашы осы мәселеге баса назар аударды. Одан әрі О. Бердияров былтырғы 8 тамызда құрылған басқарманың негізгі міндеттерін атап көрсетіп, облыстағы ветеринарлық іс-шараларды құрамында 154 ветеринариялық пункті бар 11 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын атқарып жатқанын жеткізді. Бұл мекемелерде арнаулы орта және жоғары білімді 751 ветеринар-маман жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта бюджет есебінен 1043 білімгер арнайы орта оқу орындарында ветеринар мамандығына оқытылуда. Олар алдағы уақытта ауылдық жерлерде жетіспей жатқан және зейнетке шығатын мамандардың орнын толтырады. Былтыр республикалық бюджеттен эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізуге 1 миллиард 107 миллион теңге және бруцеллезге шалдыққан қой-ешкі малын санитарлық союды ұйымдастыру мен өтемақы төлеуге 104,0 миллион теңге бөлініп, жоспарлы вакцина, қан сынамаларын алу жұмыстары толығымен орындалған. Басқарма басшысы ветеринария саласындағы мемлекеттік маңызы бар шаралардың бірі – ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру жұмыстары екеніне де тоқталып өтті. «Себебі, жануарларды бірдейлендіру арқылы ғана малдың нақты есебі алынып, дер кезінде ветеринарлық көмек көрсетуге, малға жұқпалы ауруларға қарсы вакцинаны уақытында егуге, диагностикалық шараларды жүргізуді жүзеге асыруға қол жеткізуге болады», – дейді. Осыған байланысты атқарылған жұмыстарды нақты мәліметтерге жүгіне отырып жеткізген хабарламашы облыс бойынша 160 сібір жарасы ошағының көміндісінің жер теліміне мемлекеттік актісі рәсімделгенін, сонымен қатар 174 сібір жарасы ошағының көміндісі топографиялық картасына енгізілгенін алға тартты. Осы жұмыстарды жүргізуге биыл аудандық бюджеттерден 1 миллион 430 мың теңге бөлініп, осы айдың соңына дейін тиісті жұмыстарды аяқтау көзделген. Брифингте бұдан басқа да атқарылған, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар да сөз болды. Жаңадан құрылған басқарманың атқаратын жұмысы көп-ақ. Сондықтан да болар республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін мазалаған сұрақ та аз болған жоқ. Әріптестер тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына басқарма басшысы нақты жауаптар қайтарды.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар