«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіпкерлік дамыса, кіріс көп

Кәсіпкерлік дамыса, кіріс көп
ашық дереккөз
Кәсіпкерлік дамыса, кіріс көп

Кәсіпорындардың саны мен өнімділігі артып, табысы ұлғайған сайын олардың төлейтін салығының да көлемі өседі. Соның есебінен ел қазынасының қоржыны қомақтылана түспек. 2017 жылдың І тоқсанындағы кіріс бойынша жоспардың орындалуы мен қосымша резервтерді табу бойынша қандай жұмыстар атқарылғаны Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды. Оны журналистерге облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің талдау және тәуекелдер басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Сагадат Палванова және аталмыш басқарманың мемлекеттік кірістерді талдау бөлімінің бас маманы Жанбати Ибраев мәлімдеді. Баяндамашылар есебінен белгілі болғандай, тиісті мерзім ішінде мемлекеттік бюджеттің салықтар мен кеден төлемдерінің орындалуы 119,6 пайызды құраған. Болжам – 14192,9 миллион теңге болса, нақты түсім – 16978,8 миллион теңге. Өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 100,1 пайыз. Республикалық бюджеттің орындалуы 111,8 пайызға, яғни 630,2 миллион теңгеге артқан. Оның ішінде нақты түсім салық төлемдері бойынша – 48441 миллион, кеден төлемдері бойынша 1146,9 миллион теңгені құрапты. Барлық аудандар бойынша түсімдер 100 пайызға орындалған. Қосымша резервтерді іздеп табу бойынша жүргізілген жұмыстар нәтижесінде мемлекеттік бюджетке қосымша 1691,0 миллион теңге түскен. «Қосымша резервтерді табу, салық есептілігіне камералдық бақылау жүргізу кірістердің негізгі көзі болып табылады», – деп атап өтті бұл тұрғыда баяндамашылар. Сонымен қатар, жалған кәсіпорындар контрагенті бойынша атқарылған экономикалық бақылау, берешек соманы төмендету жұмыстарының нәтижесінде бюджет қоржыны молыға түскен. Мәжбүрлеп өндіру шараларын қолдану арқылы да қаржы өндірілуде. Сагадат Палванова өз сөзінде Елбасы Жолдауында белгіленген мақсаттар мемлекеттік кірістер органдарының күнделікті жұмысының тұрақты бағдаршысы болатындығын айтты. Осы орайда, ел экономикасын дамытудың басым бағыты – бизнес ортаны дамыту және түбегейлі жақсарту екендігін тілге тиек етіп, облыс бойынша шағын кәсіпкерліктен бюджетке түсетін салық пен қосымша міндетті төлемдер 35 пайызды құрайтындығын атап өтті. Шағын және орта бизнестен бюджетке кіріс түсімін ұлғайту мақсатында департамент арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлепті. Брифинг барысында баяндамашы осы жоспарларымен бөлісті. Жиын соңында журналистер тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар