«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сыр бойының тарихынан сыр шерткен

Сыр бойының тарихынан сыр шерткен
ашық дереккөз
Сыр бойының тарихынан сыр шерткен

жәдігерлерді тараздықтар қызыға тамашалады

Көне Тараз тарихи-мәдени орталығындағы «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейінде «Сырдың сырлы шежіресі» атты көшпелі көрме ұйымдастырылды. Онда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында жинақталған құнды экспонаттар қойылып, жергілікті тұрғындар назарына ұсынылды. Көшпелі көрменің ашылу салтанатына ардагерлер, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты. Жамбылдықтарға Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Елзира Сағитжанова сыр елінің ыстық ықыласын жеткізді. – Елбасымыз айтқандай, «Сыр – Алаштың анасы» болса, «Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі». Қасиетті қос өңір көне дәуірдің, рухани тарихтың шежіресі, мәңгі өшпес мұралардың асыл көмбесі екендігі даусыз. Халқымыздың осындай рухани асыл қазыналарынан, көнеден керуен тартқан шежірелі Сыр елінің тарихынан, өлкеміздің өткені мен бүгінінен мағлұмат беру, сондай-ақ, мәдени тәжірибе алмасу және серіктестік жобалар аясында жұмыс жасау мақсатында өз облысымыздағы музейдегі құнды жәдігерлердің бірқатарын осында әкеліп отырмыз. Сыр бойы жұмбақ сырлы қорғандары, төбе-төбе обалары бар өткеннің өнегесі қордаланған өлке. Киелі Әулиеата өңірі, Жамбыл жері Қазақ хандығының туы алғаш тігілген мекен. Демек, бүгінгі көшпелі көрмеміздің мазмұны тереңде, – деді Е. Сағитжанова. Ол одан соң көрмеге қойылған жәдігерлерді таныстырып өтті. Тараздықтар көрмедегі археологиялық, этнографиялық экспонаттар және олардың фотосуреттерімен мұқият танысты. Көпшілік назарына ұсынылған басқа да жәдігерлер қатарында сақ тайпасының астанасы – Шірік – Рабат, Оғыз мемлекетінің бас қаласы – Жанкент, Қазақ хандығының орталығы – Сығанақ, 1925-1929 жылдары Қазақстанның астанасы болған Қызылорда қалаларының мобильді стендтері, музей қорындағы аса құнды зергерлік әшекей бұйымдар, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған заттай деректер Сыр өңірінің өткенінен сыр шертті. Сондай-ақ, жоңғар батырының дулығасына, ақындар Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Шахнамасы» мен Дүр Оңғардың домбырасына, әнші, композитор Нартай Бекежановтың сырнайына тараздықтар аса қызығушылық танытты.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар