Дәстүрге айналған республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерінің баспасөз туры биыл Жамбыл ауданынан басталды. Ауданда қолға алынып, атқарылып жатқан игі жұмыстармен журналистерді, сол арқылы жұртшылықты таныстыру мақсатында өткізілетін бұл турға жамбылдықтар ең үздік деген жеті нысанды ұсынды. Солардың бірі – ауданға қарасты Қаракемер ауылдық округінде орналасқан интенсивті алма бағын өсірумен айналысатын «ALTYN ALMA» ауылдық кооперативі. 10 отбасы бірігіп 50 гектар жерге өткен жылы алманың «Бреборн», «Голден Делишес», «Элстар», «Гала» сынды сұрыптарын еккен екен. Жалпы құны 471,6 миллион теңгені құрайтын жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қаржыландырылған. Бір өкініштісі, өткен жылы отырғызылған шыбықтардың 30 пайызға жуығы көктемей қалса керек. Енді солардың орнына қайта көшет отырғызу жұмыстары жүргізілуде.
Шағын болса да шаруасын шалқытып отырған жеке кәсіпкер Кемелхан Құлсеріктің ісі де айтуға тұрарлық. Өз үйінің ауласынан мал бордақылау алаңын ұйымдастырып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 6 миллион теңге несиеге қол жеткізген ол сол қаржыға 32 бас ірі қара мал алған. «Қазақтың жанына жақын кәсіп – мал шаруашылығы. Кезінде әкем – фермер, анам – сауыншы болған. Бүгінде сол істі біз жалғап отырмыз. Сондықтан, болашақта мал санын арттырып, кәсібімді бұдан әрі өркендету ойымда бар», – дейді шаруашылық жетекшісі.
Ал индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде аймақтық Индустрияландыру картасына енгізілген «Аса DAMU» ЖШС-ның құс фабрикасы аудандағы ғана емес, облыстағы ірі өндіріс орны болатын түрі бар. Еңбек ауылының аумағында орналасқан фабрика жобасының жалпы құны 2 миллиард 550 миллион теңге. Нақты кезеңде ондағы құрылыс жұмысының 60 пайыздан астамы атқарылған. 20 адам тұрақты жұмыс істеп жүр. Ал фабрика толық қуатында іске кіріскенде мұнда 100 адамға дейін еңбек ететін болады. Сондай-ақ, онда бір мезетте 316 мың бас тауық және 84 мың бас балапан өсіріліп, жылына 84-90 миллион дана жұмыртқа, 227-280 тонна құс еті нарыққа шығарылмақшы. «КазУпакТрейд» ЖШС-на қарасты «KAZGYPS» гипс өңдеу цехына 918 миллион теңге инвестиция салынып, өткен жылдың соңында пайдалануға берілген. Бұл зауытта құрылыс гипсі өндірілуде. Алдағы уақытта гипсокартон шығару жоспары бар. Сонда жылына 180 мың тонна құрылыс гипсі мен 100 мың текше метр гипсокартон өндірілетін болады. Ал бүгінде дайын тауар өз өңірімізбен қатар, еліміздің өзге облыстарына және көршілес Қырғыз Республикасына жөнелтілуде. Журналистер ат басын бұрған келесі нысан «Бірлік» шаруа қожалығы болды. 2008 жылы құрылған бұл қожалықта бүгінде 300-ден аса мүйізді ірі қара, 65 бас жылқы және 800-ден аса қой бар екен. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 100 бас сиыр мен «Каз Агро Қаржы» мекемесі арқылы тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуге 112 миллион теңге несие алған. Оған 137 миллион теңге өз қаражатын қосып, ферма салу жұмыстарын жалғастыруда. «КамАЗ» жүк көлігі, астық комбайны, тіркемесі мен соқасы, тракторы бар шаруа қожалығы егін егумен де айналысады. Олардың қатарында жүгері, мақсары, көкөніс пен көпжылдық шөп бар. Аудандағы дәл осындай көпсалалы қожалықтың бірі – «Тимофеев А.Н.». Гродеково ауылында орналасқан ол қожалық та егін және мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. 15 дана трактор және басқа да техникалары бар. Шаруашылық жетекшісі Андрей Тимофеев 1994 жылы құрылған қожалықты бүгінде өз қаржысымен-ақ дамытып отырғанын айтады. Жалпақтөбе ауылының тұрғындарын «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы ауызсумен жарылқаған жұмысқа да куә болдық. Жалпы ұзындығы 104,91 шақырым болатын су құбыры ауыл көшелеріне толық тартылғанымен, әлі де барлық үйдің ауласына толық кіргізіле қоймаған. Ауыл әкімі Ержан Данаев бұл бағыттағы жұмыстар қызу жүргізіліп жатқанын айтады.
Маржан рақай, «Ақ жол».
Жамбыл ауданы.
Суреттерді түсірген автор.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді