немесе Тұрмыстық қалдықтар бөлек жиналады
Экологиялық кодекстің талаптары бойынша жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің аумағын тазартуды көздейтін, коммуналдық қалдықтарды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыруға жауапты. Сол сияқты, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару заңнамалары бойынша елді мекендерді көгалдандыру және санитарлық тазарту жөніндегі жұмыстарды жүргізу де әкімдіктердің құзыретінде. Осыған байланысты жыл сайын жергілікті жерлерде көктемде, күзде санитарлық тазалық айлықтары ұйымдастырылады. Бүгінде облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтауға арналған 168 полигон бар. Оларға жыл сайын 75330 мың тоннадан астам қалдықтар шығарылады. 14 полигонның қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат кезеңдері аяқталған. Жалпы, полигондарды пайдалану нормаларына сәйкес қалдықтарды тасымалдау және орналастыру қызметтерімен облыстағы 379 елді мекеннің 197-сі ғана қамтылған. Яғни, 182 елді мекендерден шыққан қоқыстардың тасталып немесе жинақталып жатқан жерлері белгісіз. Полигондары жоқ немесе заңды құжаттарын рәсімдемеген елді мекендер негізінен Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі және Т. Рысқұлов аудандарында орналасқан. Бұл жерде елді мекендердің әрқайсысына жеке полигон ұйымдастыру міндеті қойылып отырған жоқ. Өзара жақын орналасқан бірнеше елді мекен үшін ортақ полигон жасауға болады. Немесе құжаттары толық рәсімделген, жұмыс істеп тұрған полигондарды пайдаланушы тұлғалармен келісімшарт арқылы да жұмыс істеуге болады. Мысалы, Жуалы ауданының Ақтөбе ауылдық округінде тұрмыстық қатты қалдықтар үшін полигон ашылмаған. Ал осы ауылдық округке қарасты Бәйтерек елді мекенінде 1 мыңнан астам адам тұрады. Әр адам күнделікті тұрмыста қолданған заттардан жылына орта есеппен 75-150 кило қалдық шығаратын болса, бұл – бір ауылдық округтің өзінен кем дегенде 75 тоннадан астам қоқыс кездейсоқ жерлерге тасталып жатыр деген сөз. Осының әсерінен жолдар бойындағы, әсіресе «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автомагистралының бойындағы кезінде топырақ алынған шұңқырлар қоқыс төгетін орындарға айналуда. Орын алып отырған мәселелерді кезең-кезеңмен ретке келтіру үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен облыс әкімдігі арнайы «Жол картасын» жасады. Онда негізінен тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды, сақтауды, ұдайы әкетуді, қайта өңдеуді, кәдеге жаратуды және залалсыздандыруды, сондай-ақ елді мекеннің аумағын тазартуды көздейтін, коммуналдық қалдықтарды жинаудың ұтымды және экологиялық қауіпсіз жүйесін ұйымдастыру мәселелері қамтылды. Алдымен жоспар бойынша сапалы қайталама шикізат алуға мүмкіндік беретін қалдықтарды бөліп жинау қолға алынуда. Қазір бұл жұмыстармен Тараз қаласында екі компания айналыса бастады. Біріншісі қаланың 1, 2, 4, 5, 7, 8, 9, 10, 11 және 12-шағын аудандарында 120-дан астам торлы контейнер қойса, екіншісі 3, 6 және 13-інші шағын аудандарда 40 торлы контейнер орнатты. Пластик, пластмассадан жасалған заттардың барлығы осы контейнерлер арқылы бөлек жиналуда. Пластик қалдықтарын өңдеп, одан сайдинг, макулатураны жинап, дәретхана қағазын шығарумен, қолданыстан шыққан автокөлік шиналарынан резина үгіндісін шығарумен айналысатын 5 шағын кәсіпорын бар. Сонымен бірге, қолданыстан шыққан автомобиль майлары да пиролиз әдісімен қайта өңделеді. Электр және электрондық жабдықтарды жинау жұмыстары іске асырылуда. Жыл сайын 338,1 тоннадан астам қайталама шикізат өңделеді. Бірақ олардың көлемі барлық жиналатын тұрмыстық қатты қалдықтардың 0,56 пайызы ғана. Атап айтқанда, Тараз қаласы аумағын аралау кезінде бірнеше жерде арнайы емес орындарда тасталған кездейсоқ қоқыстар анықталды. Қойбақов көшесінің бойында орналасқан №6 тұрғын үйдің, Асқаров көшесінің аяқ жағында орналасқан темір жол өткелінің, Сәтпаев көшесінде орналасқан «Нұралы» базарының маңында, Автобекетке қарама-қарсы орналасқан «Сарыкемер-Тараз» тас жолының бойында шашылып, үйіліп жатқан қоқыстар кездесті. «Хамукат» алқабы Көктөбе көшесі бойымен өтіп жатқан Сеңкібай өзенінің жағасы тұрмыстық қатты қалдықтарға толған. «Жігер» алқабы («Рассвет» саяжайы) Талас көшесінің аяқ жағынан өтетін Талас өзенінің жағасы тұрмыстық қатты қалдық тастайтын орынға айналған. «Ауыл-Береке» базарының артқы жағы Қосанов көшесінің бойымен өтіп жатқан «Қапал» каналының жағасында және канал ішінде әртүрлі қоқыс төгілген. Тексеру нәтижесі бойынша 2 құқық бұзушылық анықталды. Осы 2 әкімшілік іс бойынша 136140 теңге айыппұл салынды. Барлық қоқыстар жинақталып, арнайы орынға шығарылды. Қазір осы бағыттағы тексерулерді Байзақ ауданы бойынша жүргізу жоспарлануда. Тазалық пен жасыл желектер ғана ауаның, судың тазалығын қалыптастыратыны белгілі. Бұл өңірдегі экологиялық жағдай қалыпты болуына ерекше әсер етері сөзсіз. «Қазгидромет» кәсіпорнының өткен жылы жүргізген мониторингі бойынша Тараз, Шу және Жаңатас қалалары ластанудың көтеріңкі деңгейінде, яғни, екінші деңгейде болды. Ал Қаратау қаласы мен Қордай ауылы ластанудың төменгі, яғни, үшінші деңгейіне жатқызылды. (Осы қалаларда атмосфералық ауаның ластануын бақылауға арналған 5 стационарлық бекеттер жұмыс істейді, ауаның ластану индексі орташа 4,57 бірлік). Ауаның негізгі ластаушы компоненттеріне органикалық шаң-тозаң, күл, улы заттар СО, NO, NO2, SO2 жататыны белгілі. Жамбыл облысы өңірінің ластануы ұзақ уақыт бойы химия өндірісімен тікелей байланысты болды және бұл мәселе қазіргі таңда әлі де өзекті болып есептеледі. Бұл жағдайда қоршаған табиғи орта сапасын реттеу стратегиясының ең маңызды мәселесі халық денсаулығына және биосфераға ең күшті әсерін тигізетін факторлар мен көздерді анықтайтын және осы әсерге көбірек ұшырайтын биосфера элементтерін анықтайтын жүйе ұйымдастыру мәселесі болып табылады. Жалпы, зиянды заттардың стационарлық көздерінен ауаға шығарылатын шығарындылардың 42,0 пайызы облыстағы химиялық кәсіпорындардың үлесінде. Жылу-энергетика салысының үлесі – 18,0 пайыз, тау-кен өндірісі – 14,0 пайыз, газ саласы – 14,0 пайыз, коммуналдық сала – 10,0 пайыз және қалғаны басқа да салалар. Жылжымалы көздерден ауаға шығатын зиянды заттардың 70,0 пайыздан астамы жеке сектордағы автокөліктердің есебінен болуда. Мысалы, 2007 жылдары жеңіл автокөліктердің саны 100 мыңға жуық болса, қазір бұл көрсеткіш 3 есеге дейін ұлғайған. Облыс орталығы үшін өзекті болып келе жатқан күрделі мәселенің бірі – Тараз қаласының кәріз жүйелерінің тазарту қондырғыларымен қамтамасыз етілмеуі.
Нұрзат БЛЕШБАЕВ, облыс бойынша экология департаментінің бас маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді