«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күш – білімде, білім – кітапта

Күш – білімде,  білім – кітапта
ашық дереккөз
Күш – білімде, білім – кітапта

Тараздағы кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі шығармаларға сұраныс қандай?

«Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге», – деп Абай атамыз айтқандай, кітап – адам өмірінің таусылмас рухани қазынасы, ғылым-білімнің көзі, өнер мен тəрбие құралы, сырласы әрі ақылшы досы. «Күш – білімде, білім – кітапта» деп бізден бұрын да даналардың айтқаны соған саяды. Яғни, кітап – шебер ұстаз, тілсіз мұғалім. Ол қай заманнан бері солай болған, солай болып қала береді де. Аға буын өкілдерінен кітапқа қалай сусап, қалай құмартып оқып өскенін талай естігенбіз. Ал бүгінгі жастар солай кітап оқи ма? Өз халқының, туған елінің ақын-жазушылары мен тарихшыларының шығармаларына қызығушылық таныта ма? Осы сұрақтар төңірегінде ойлана қалсақ, әрқилы жауаптарға тап болатынымыз жасырын емес. Бірі – кітаптың орнын бүгінде ғаламтор алмастыруда десе, енді бірі кітап оқуға уақыттың жоқтығын айтады. Ал үшінші біреулердің ойы бұл пікірлерге мүлде кереғар. Олар жастардың біраз бөлігі әлі де кітап оқуға құмар екенін, сүйікті авторларын іздеп оқитындықтарын жеткізеді. Осы үшінші топ бүгінде қазақ авторларының кітаптары, жаңа жинақтары қат, іздеген кітаптың табылуы мұң екенін тілге тиек етіп келеді. Жуырда Айгүл Естен есімді әлеуметтік желі қолданушыларының бірі өз парақшасында кітап дүкеніндегі қазақ авторларының «белгісіз аралдай» күй кешіп тұрғанын ашып жазған болатын. Ол өз қаласындағы «Меломан» кітап дүкеніне барып қазақ тіліндегі әдебиеттерді әрең тапқанын, санаулы ғана авторлардың бірен-саран жинақтары көптеген кітап сөрелерінің «жетім бұрышында» елеусіз жатқанын айтып, ашынған еді. Әлеуметтік желі қолданушысының бұған қатысты сауалына аталмыш кітап дүкеніндегі сатушылар қазақ авторларына сұраныстың жоқтығын алға тартыпты. Осы орайда біз де облыс орталығындағы кітап дүкендеріне барып, қазақ авторларына деген сұраныстың қай деңгейде екенін білген едік. Ең алдымен шаһардың орталық алаңына таяу маңдағы Шерхан Мұртаза атындағы кітап дүкеніне бас сұқтық. Дүкеннің тыныс-тіршілігін бақылап, кітаптарға көз жүгіртіп, танысып өттім. Менің дүкенде біршама уақыт тұрғаныма қарамастан кітап дүкеніне менен өзге ешкімнің бас сұқпағанын байқадым. Сатушының өзі қолындағы кітаптан бас алмай оқу үстінде. Ұзақ аялдаған маған сатушы әйел: «Қандай кітап іздеп едіңіз?» деп, көмек қажеттігін сұрады. Мен мән-жайымды айтып, кітап дүкенінің меңгерушісіне жолықпақ ниетімді жеткіздім. Ғимараттың ішкі жағындағы бөлмені нұсқаған ол, қолындағы кітабына қайта үңілді. Меңгеруші Тұрарбек Міртаев сөзінің басын бұл кітап дүкенінің 2000 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанын, өзінің де содан бастап осында қызмет етіп келе жатқанын тілге тиек етуден бастады. – Дүкеннің ашылған алғашқы жылдары кітапқа деген жұрттың қызығушылығы, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігі қазіргіден жоғары болатын. Онда түрлі авторларды сұрап, іздеп оқитындар бар еді. Қазақтың классик ақын-жазушыларының шығармаларының да сол кездегі өтімі жылдамырақ болатын. 2005-2007 жылдардан бастап күрт кеміді. Бүгінде қазақ авторларын ғана емес, жалпы кітап оқитындар азайып кеткендей. Өзіңіз байқағандай бізде қазақ тіліндегі дүниелер көп. Қазақ көркем әдебиеттерін дүкеннің басты бөлігіне жайғастырғанбыз. Алайда ілуде бір болмаса, олардың да өтімі сирек. «Атамұра» баспа корпорациясына қарағаннан соң мұнда көбіне осы баспаның кітаптары сатылымға шығарылады. Ал оқырмандардың сұранысы болып жатса, кез келген баспаға хабарласып, қажетті авторлардың шығармаларын алдыртуға ықылас білдіреміз. Тәулігіне төрт-бес қазақ ақын-жазушыларының кітаптары өтсе, қуанамыз. Кейбір жастар ақтарып, қарап, танысып кетеді. Бірақ алуға ниет танытпайды. Олардан аракідік «интернеттен тауып, оқи саламыз»деген сөздерді естіп қалып жатамын, – деген кітап дүкенінің меңгерушісі Т.Міртаев, қазақ авторларының кітаптарының орташа бағалары 800-1500 теңгені құрайтынын жеткізді. Дүкеннен шығып бара жатып, екі жас жігіттің қазақша кітаптарды бірінен соң бірін парақтап тұрғанын көріп, сөзге тарттық. «Қандай кітап іздедіңдер, проза ма, поэзия ма, қайсысын іздедіңіздер?» деген сауалымызға «Ұстазымыздың туған күніне кітап сыйласақ па деп едік. Соған Мұқағали болмаса Абайдың кітабын аламыз ба деп тұрмыз...» деп жауап берді өздерінің студент екенін айтқан қос жігіт. Сатушы қазақ прозасынан басқа да авторларды ұсынып көріп еді, олар ыңғай таныта қоймады... Бұдан кейін қаладағы «Букинист» және «Кітап» дүкендеріне бет түзедік. Аталмыш қос кітап дүкені бір-біріне таяу орналасқанымен, екеуінен де қазақ авторларының шығармаларын табу оңайға түспеді. «Кітап» дүкенінің аты қазақша болғанымен ішінен қазақ авторларының қазақша шығармаларын табу қиын. Бір бұрыштан әзер көзіміз шалғанымен, онда тек Абайдың, Мұхтар Шаханов пен Мұхтар Әуезовтің, Мұқағалидың бір-бір кітаптарын және Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесін» ғана таптық. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Мағауиннің кітаптарын сұрағанымызда ұлты орыс сатушы әйел білмегендей ишарат жасады. «Букинисте» де осыған ұқсас жағдай. Қазақ ақын-жазушыларынан Абай мен Мұқағали, қалған бір-екі терминдік жинақтар мен ғылыми кітаптар ғана бар. – Бізде біраз қазақ авторлары болған. Өтіп кетті. Қалғаны осылар. Дүкен иесі Алматыға барғанда тағы да әкеліп қояды. Егер бір авторлардың кітабына сұраныс түсіп жатса, оларды да міндетті түрде әкеп беруге тырысады. Шынын айту керек, бізде көбіне мектеп оқулықтарына сұраныс көп. Сондай-ақ, оқушыларға қажетті жинақтар мен түсіндірме буклеттерге тапсырыс жиі беріледі, – дейді сатушы Әсия Сакулова. Расында да бұл дүкеннен мектепке қажетті оқу құралдарын алып, саудаласып жатқандар баршылық екен. Ал «Меломан» кітап дүкенінде шетел ақын-жазушыларының кітабынан көз тұнады. Небір шетел классиктерінің, оның ішінде басым бөлігі орыс әдебиетінің өкілдерінің шығармалары самсап тұрғанымен, қазақ авторларына көп орын берілмеген. Бір кішкентай сөреде Абай, Мұқағали, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлиннің бір-бір кітаптары бар екенін айтпасақ, басқа қазақ қаламгерлерінің дүниелерін кездестіре алмадық. Бейнебір, шетелдегі кітап дүкенінде жүргендей күй кештік... Ондағы сатушылар бұл кітап дүкеніне тек Мәскеудің баспаларынан жарық көрген жинақтар келетінін, осыларға сұраныс көп түсетінін айтты. Бір аңғарғанымыз, «Меломандағы» орыс баспасынан басылып шыққан кітаптардың сыртқы дизайнының сапалылығы, көркемдігі көзді арбайды. Жаңаша, сәнді жасалған мұқабалар кітаптардың жарнамасын да келістіріп тұрғандай әсер қалдырды. Сондай-ақ, ол кітаптардың әрқайсысының таралымы кемінде 5000-8000 мың дананы құрайтынына көз жеткіздік. Иә, кітап дүкендеріндегі ахуал, ондағы сатушылардың пікірі осындай. Қазақша кітаптарға деген сұраныс пен ұсыныс көңіл қуантарлықтай емес. Десе де, бұл ретте қазіргі жастардың ешқайсысы кітап оқымайды, бәрін ғаламтордан тауып алып жүр деген оймен біздің де келіскіміз келмейді. Кейбір кітаптарды іздеп тауып, олардың парақтарын сарғайтып, ескіртіп жүргендердің де басым бөлігі сол жастар. Тек оларға жақсы насихат пен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыру қажет. Оған баршамыз, тіпті жоғарыда айтылған кітап дүкендері де өзінше үлес қосса дейміз. Өйткені, жата-жастанып оқыған дүние сананың түкпірінде ұзаққа сақталып қалары сөзсіз. Ол ғана емес, руханиятымыздың шырақшысы болған кешегі һәм бүгінгі талантты қаламгерлеріміздің шығармаларын өзіміз іздеп, қызығып оқымасақ, кімге керек? Ғабит Мүсіреповше айтсақ, әдебиет пен өнер ұлы болмайынша, ұлттың да ұлы болмасын ұмытпайық. Сөз соңында Ғабеңнің: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деген нақылын тілге тиек етіп, замандастарымызды қазақ әдебиетінің жауһарларымен сусындауға, ақын-жазушыларымыздың шығармашылығына сұраныс тудыруға шақырғым келеді.

Жанғазы АХМЕТ, Ақ жол».

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар