«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кез келген кәсіпті ашуға несие беріледі

Кез келген кәсіпті  ашуға несие беріледі
ашық дереккөз
Кез келген кәсіпті ашуға несие беріледі

Оның шекті көлемі – 18 миллион теңге

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сәуір айынан бастап кез-келген кәсіпті ашуға несие беретін жаңа бағдарлама жарияланатынын атап көрсеткен болатын. Биыл қалаларда кәсіпкерлікті жаппай дамытуға – 10 миллиард, ауыл мен шағын қалаларға 27 миллиард теңге бөлінеді. Бұрыннан бизнеспен айналысатындарға 50 пайыздық кепілдік қарастырылған. Олардан кепілдікке ақша алынбайды. Кәсіпкерлер үшін қызметтің бұл түрі тегін. – Бұл бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асады. Біріншісі – несиелендіру.Оның аясында бизнесін енді бастап жатқандар кез-келген кәсіптің түріне заем алады. Несиенің шекті көлемі – 18 миллион теңге. Ал мөлшері 6 пайыз болады. Үміткерлердің кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткендігі туралы сертификаттары болуы керек. Болмаған жағдайда «Бизнес бастау» жобасына қатыса алады, – деді министр. – Биылдан бастап, бұрынғы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының орнына жаңа «Нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы іске аса бастады. Бұрынғы бағдарлама бойынша кәсіпкерлікті бастау үшін 3 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі болса, бұдан былай Қазақстан Республикасының азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 18 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Ұлттық экономика министрлігінің 31 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген қағидаға сәйкес, бюджеттік несие төмендегідей шарттарда шағын несие беру ұйымына бөлінеді. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 0,01 пайызбен қайтарымдық, жеделділік, ақылық қамтамасыз ету және нысаналы пайдалану қағидаттарында 7 жылдан аспайтын мерзіммен. Бюджеттік несиенің нысаналы мақсаты – Қазақстан Республикасының қалаларында жобаларды іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларды одан әрі қаржыландыруға арналған қаражатты кредиторларға орналастыру. Қаражатты игеру мерзімі – 12 ай. Негізгі борышты өтеу бойынша жеңілдік кезеңі – несие беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды, шағын несие бойынша сыйақының тиімді мөлшерлемесі–жылына 6 пайыздан аспайды. Кредиторлар несиелік келісім сомасының кемінде 20 пайызын жаңа жобаларды қаржыландыруға жібереді, – деді жаңа бағдарламаның негізгі талаптары туралы облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының бас маманы Айгүл Иманбекова. Сонымен шағын және орта бизнесті дамытуға тағы да үлкен мүмкіндік туды. Кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты сезіне отырып, қалаған ісін қолға алып жатса, өзінің де, өзгенің де жағдайын жасайды. Ең бастысы, ел экономикасының қарыштап өсуіне үлес қосады.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар