алда жаңа міндеттер тұр
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен облыс әкімдігінде қысқа әзірлік жөніндегі штаб отырысы өтті. Онда 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы және екі айлық абаттандыру жұмыстарының барысы сөз болды. Сонымен қатар жиында Тараз қаласы тұтынушыларын жазда ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі пысықталып, «Таразтрансэнерго» кәсіпорнының қаржылық жағдайы қаралды. Облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев тұрғындар және бюджеттік мекемелер тиісті отын қорымен толық қамтылғанын, кіші қалаларда да бұл мәселе шешілгенін, облыста жылыту маусымының кестеге сай бірқалыпты өтіп жатқандығын айтты. Орын алған кемшіліктерді де тізіп шықты. Мәселен, «Таразтрансэнерго» кәсіпорны жылыту маусымына дайындық жұмыстарын төмен деңгейде жүргізуі салдарынан ішкікварталдық жылу трассаларында 54 технологиялық ақау орын алған. Сондай-ақ №3 су сорғыш стансасы пайдалануға, ал Тараз қаласындағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер жылу энергиясын қабылдауға дайын болмапты. Кәсіпорынның айлыққа, салыққа, банктерге қарыздары 85 миллионнан асып кеткен. Қарағанды облысы Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің құлауына қазандықтың жарылуы себеп болғаны белгілі. Осы орайда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлердегі көппәтерлі тұрғын үйлердегі, білім беру, әлеуметтік сала нысандарындағы жылу беру жабдықтарының пайдаланылуына және олардың техникалық жай-күйіне тексеріс жүргізілуі тапсырылған. Нәтижесінде, біздің облысымызда пайдалануға қауіпті, яғни ғимарат ішінде не болмаса ғимаратқа жапсарластырыла соғылған 51 қазандық анықталған. Оның 25-і білім саласына тиесілі болса, биыл 6 бөлек қазандық құрылысын жүргізу жоспарланыпты. Ал мәдениет пен спорт салаларына тиесілі қауіпті қазандықтар бар бола тұра, нақты қабылданып жатқан шаралар жоқтың қасында. Басқармалар мен аудан әкімдіктері мәселені қолға алмаған. Сондықтан Ерік Көшербаев хаттамалық тапсырманы орындамаған жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.
Баяндамада жаз кезіндегі жөндеу жұмыстары да айтылды. Жаз айларында Тараз қаласы тұтынушыларына ыстық су беріледі. Оған үйлердің ішкі инженерлік жүйелері дайын болуы тиіс. Бұл мақсатта қала әкімдігі мен пәтер иелері кооперативтері өз жұмыстарын ширатулары қажет екендігі сөз болды. Бүгінде облыс бойынша 527 үйге 42 пәтер иелері кооперативтері қызмет көрсетеді екен. Бұл көрсеткіш барлық үйлердің үштен бірін ғана қамтып отыр. Нәтижесінде қалған үйлерде уақытында жылыту маусымына дайындық, жөндеу мүлдем жүргізілмейтін көрінеді. Ал пәтер иелері кооперативтері құрамына иесіз үйлерді кіргізу жұмысы әлі орындалмаған. Ерік Әубәкірұлы көктемгі абаттандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазалаудың бірінші айлығының қорытындысын да баяндады. Биыл бұл жұмыстарға 1 миллиард 835 миллион теңге қаржы қаралған. Яғни абаттандыруға – 1 миллиард 256 миллион, санитарлық тазалыққа 579 миллион теңге. Хабарламашы өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, елді мекендерде ыбырсып жатқан қоқыс-қалдықтар орындарын сурет-слайдтарға сүйене отырып, атап шықты. Белгіленбеген жерге қоқыс тастаудың бір себебін арнайы мекемелер мен техникалардың жетіспеуінен деп түсіндірді. Штаб отырысында жоғарыда аталған мәселелер бойынша Талас ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Садыбеков, Шу ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Берген Омарбек сөз сөйледі. Алайда баяндамаларының толық әрі мазмұнды болмағаны үшін олар облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің тарапынан сынға ұшырады. Бекболат Серікбекұлы тиісті мәселелер бойынша сұрақтың астына алып, бірқатар жұмыстардағы сылбырлықты сын тезіне алып, қатаң тапсырмалар берді. Сондай-ақ ол қазандықтарды ғимараттың сыртына шығару мәселесіне терең тоқталып, бұл бойынша жауапты тұлғалар әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін екендігін ескертті. Шынында да аталмыш жұмыстың тым созылып кетуі қоғамдық алаңдаушылық туындатуда. Осы орайда, Орталық стадионда бір жылдары жарық өшіп, дизельді генератор жоқтығынан ойын тоқтатылғанын, салдарынан қомақты айыппұл салынғанын еске алған облыс әкімінің бірінші орынбасары ендігі жерде дизельді генераторлар орнатылмаған мекеме басшылары жауапқа тартылатындығын атап көрсетті.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді