«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Прокурорға кедергісіз кіруге болады

Прокурорға  кедергісіз  кіруге  болады
ашық дереккөз
Прокурорға кедергісіз кіруге болады

Республика бойынша прокуратура органдарына жыл сайын 300-ге жуық жаңа қызметкер қабылданады екен. Ал құқықтану мамандығын игерген түлектер саны бұдан жүз есе артық. Әрине, олардың басым көпшілігі прокуратура саласында қызмет еткенді қалайды. Дегенмен, олар қолақпандай диплом алғанмен, білікті кадр бола ала ма?! Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жыл ішінде 67 жас маман жұмыстан шығарылыпты. Бұл ойландыратын жағдай. Бас прокурор Жақып Асановтың өткен жылдың 1 шілдесінен бастап «Прокуратураға үздік кадрлар!» жобасын қолға алуы да сондықтан. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіндегі Бас Прокурордың аға көмекшісі Алмас Асқарұлы мен облыстық прокуратураның кадрлар басқармасының бастығы Сәкен Жорабековтің заң факультетінің студенттерімен кездесуі аталған жоба аясында жоспарланған шаралардың бірі екенін айта кетуіміз керек. Үздік кадрларды іріктеу үшін бүгінде прокуратура органдары ғаламтор арқылы көпшіліктен түрлі сауалнамалар алып, ауқымды жұмыстар жүргізіп жатқан көрінеді. Бұл ең алдымен жұрттың керағар көзқарасын өзгерту үшін керек. Себебі, «Прокуратураға таныссыз кіруге бола ма?» деген сауалнамаға 7500 адамның 93 пайызы «Жоқ, мүмкін емес» деп жауап берген. – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының бірінші бағытында нақтыланған басты міндет – кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Бас Прокуратура аталған жобаны осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында қолға алды. Бұл өз кезегінде елімізде сапалы маман даярлау ісіне септігін тигізетініне сенімдімін. Бұл жоба бірнеше кезеңге бөлінген. Алдымен үміткер Заң туралы тест тапсырып, дәрігерлік бақылау мен арнайы тексеруден өту арқылы конкурсқа түсе алады. Ал конкурс барысында жеке және кәсіби қабілеттерін жан-жақты зерттеу үшін төрт тапсырма беріледі. Онда қатысушы өзінің өмірлік тәжірибесін сипаттау, эссе жазу, кейстік тапсырмаларды шешу, сонымен қатар психологиялық зерттеу сынақтарынан өтеді, – дейді Алмас Асқарұлы. Аға көмекшінің сөзіне сүйенсек, органда жұмыс істейтіндердің көбі – жас мамандар. Әйтсе де, олардың арасында даярлығы төмен, «таныс пен тамырды ортаға салатын» азаматтар жиі кездесіп жатады екен. Бірақ олардың алысқа бармайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Байқау сындарынан сүрінбей өткен үміткер ғана осы саланың білгірлері болады. –Байқау қатысушыларына Назарбаев университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебі мен ПрайсУотерХаус және Деллойт сарапшылары баға береді. Олардың барлық жұмыстары құпия. Қатысушы – оны кім бағалайтынын, ал сарапшы – кімнің жұмысын бағалап отырғанын білмейді. Мұндай тәуелсіз бағалау жұмысқа қабылдау кезінде міндетті түрде жүргізіледі, – дейді сала қызметкері. Жастарға ой салған кездесу Тараз қаласындағы №53 орта мектепте жалғасты.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар