
Нақтылай түссек, Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған қаражатты жымқырды және Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинау бойынша 200 миллион теңгеден аса қаражатты қолды қылды деген күдікке ілінді.
– Соттың санкциясымен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған Астана қаласындағы «Akbulak Riviera», «Highvill Ishim Gold», «Көк Жайлау» (тұрақ орындарын қоса алғанда), «Sensata Plaza» ТК, сондай-ақ «Vela Village» коттедж қалашығындағы элиталық жылжымайтын мүлік, MercedesBenz S450, Mercedes-Benz EQE 500, Lexus LX-600, Haval автомобильдері тәркіленді. Тәркіленген мүлік заттай дәлелдемелер ретінде танылып, іс материалдарына қосылды, – делінген Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ, Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana және Prada сияқты танымал әлемдік брендтердің киімі, аяқ киімдер, зергерлік бұйымдар, сөмкелер табылып, тәркіленген. Ал өткен айдың соңында Бас прокуратура Перизат Қайратқа және оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жібергенін мәлімдеді.
Іс бойынша төрағалық етуші судья Сабыржан Кәрімов сот процесіндегі БАҚ өкілдерінің жұмысына қатысты шешім шығарды. Оның айтуынша, тыңдау барысында банк құпиясы немесе басқа да құпия деректер жария етілуі мүмкін. Осы себепті сот процесі жабық форматта жалғасады. Бұл шешімге сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары сот отырысынан тікелей мәлімет тарата алмайды.
Прокуратураның мәліметінше, Перизат Қайрат тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қайырымдылыққа қаржы жинау сылтауымен 2 миллиард 860 миллион теңге жинаған. Алайда бұл қаражаттың бір бөлігі жеке қажетіне жұмсалған. Атап айтқанда, Перизат Қайрат гүл бизнесінен үлес сатып алу үшін шамамен 22 миллион теңгені қолма-қол ақшамен төлеген. Сонымен қатар оның анасы Ғайни Алашбаева гүл бизнесінің негізгі акционерін қызына қажет соманы төмендетуге көндіргені айтылды.
Өз кезегінде Перизат Қайрат сотта өз кінәсін мойындамады. Прокурорлар қоғам белсендісі мен оның анасына қатысты айыптау актісін оқып шыққаннан кейін, судья Сабыржан Кәрімов айыпталушылардан айыптаумен келісетін-келіспейтінін сұрады.
«Мен айыптау актісімен келіспеймін. Дәлелдер негізсіз. Тергеудің фантазиясы үшін жауапкершілікті алмаймын. Мен айыпты мойындамаймын. Кейінірек барлық дерекпен өзімді қорғаймын», – деп жауап берді Перизат Қайрат.
Анасы да айыптаумен келіспейтінін айтты. Бірер күн бұрын өткен сот процесі барысында куәгер ретінде «АсарУме» қоғамдық бірлестігінің басшысы Асхат Нұрмашев сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша, 2023 жылдың қарашасында ол Перизат Қайратпен Газа секторындағы тұрғындарға көмек көрсету туралы келісім жасаған.
Нұрмашевтің сөзінше, айыпталушы оған Қазақстандағы Палестина елшілігімен меморандумға қол қойғанын және палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсету үшін Абу-Дабиде орналасқан халықаралық хабқа кіруге аккредитациясы бар екенін айтып сендірген.
Нұрмашев Перизат Қайраттың қорына 200 миллион теңге аударғанын мәлімдеді.
– 8 қараша күні біз сол қоймаға кіре алатынымызды талқыладық, ол жерге кез келген адамды кіргізбейді. Сол кезде Перизат Қайраттың халықаралық қоймаға кіруге аккредитациясы ғана емес, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің билеуші әулетімен байланысы бар екені айтылды, – деді Нұрмашев.
Жалпы, айыптау нұсқасына сәйкес, Перизат Қайрат қоғам алдында өзіне оң имидж қалыптастырып, жиналған қаражаттың бір бөлігін қайырымдылық көмек ретінде таратып, қылмыстық әрекеттерінің ізін жасыруға тырысқан.
Сондай-ақ, ол қайырымдылық ретінде жиналған ақшаны иемденіп, қылмыстық жолмен алынған табысты туыстары мен сенімді адамдарды тарта отырып заңдастырған. Қаражатты қолмақол ақшаға айналдырып, олардың қылмыстық шығу тегін жасыруға тырысқан және заңдастырылған ақшаны жеке материалдық пайда табу мақсатында пайдаланған.
Сонымен қатар табыс көзі мен материалдық игіліктердің қайдан шыққанын жасыру үшін өзін және анасын табысты, жеткілікті кәсіпкерлер ретінде көрсеткен. 2021 жылғы 11 қазанда Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 бірлестігі мен оның жарғысы тіркелген.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Заң аясында тиісті шешімдер қабылданады
- 29 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді