«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қордайда жаңадан екі су қоймасы салынады

Қордайда жаңадан екі су қоймасы салынады
ашық дереккөз
Қордайда жаңадан екі су қоймасы салынады

бұған дейін «қарақоңыз» және «қақпатас» су қоймалары бар болатын

Елбасының биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында суармалы егіншілікті дамыту мәселесінде жер ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру қажеттігін ерекше атап көрсеткені белгілі. Осыған байланысты біздің өңірімізде де игілікті істер қолға алынуда. Бүгінгі таңда облысымызда жаңбырлатып, тамшылатып суару секілді су үнемдеу технологиялары 95,8 мың гектар алқапта қолданылуда. 2021 жылға қарай осы алқаптар көлемін инновациялық технологияларды енгізу арқылы 240 мың гектарға дейін жеткізу көзделуде. Әлбетте, бұл егістіктерді суарма суының қосымша көздерімен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 2 есе арттыруға да мүмкіндік бермек.

Біздің ауданымыз аумағында алдағы жылдары екі ірі су қоймасы салынатын болды. Сөйтіп, сыйымдылығы 19,5 миллион текше метр болатын Рғайты және 14,6 миллион текше метрлік Қалғұты су қоймалары қордайлық дихандардың егістік суына зәрулігін айтарлықтай азайтады деген үміт ақиқатқа айналмақ. Қазір бұл екі су жинақтағыш нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайын болып қалған. Ол енді жан-жақты сараптамадан өткізіліп, құрылысты бастауға республикалық бюджеттен қаржы бөлу үшін жоғары үкіметтік комиссияға ұсынылады.

Ал отыз жылдан бері пайдаланылып келе жатқан «Қарақоңыз» және «Қақпатас» су қоймалары қазір ернеулей толды. Мәселен, сыйымдылығы 8,45 миллион текше метр «Қарақоңыз» су қоймасында жиналған су осы аптада 8,35 миллион текше метрден асыпты. Соңғы күндері тау жылғаларынан мол су келіп жатқандықтан, апаттық шлюздер толық ашылып қойылған. Қауіпсіздік мақсатында қазір су қоймасынан секундына 7 текше метр су өзенге ағызылуда. Іргедегі Масаншы, Қаракемер ауылдарының арық-атыздары мен тоғандары суға толы. Мамандардың айтуынша, бұл өңірде сәуір айында тау басындағы еріген қар суларынан осындай тағы бір су қоймасын толтырарлық су жинауға болатын көрінеді. Сондықтан көптен айтылып келе жатқан «Қарақоңыз» су қоймасының екінші кезегін салудың қажеттілігі де еш дау тудырмайды. Сонау 1986 жылы салынған кезде-ақ, бірнеше жылдан соң бұл су қоймасын биіктетіп сыйымдылығын екі есе, яғни, 18,5 миллион текше метрге арттырып, суландыру аймағын он мың гектарға ұлғайту бастапқы жобада да қарастырылған екен. Түрлі себептермен бұл жобаны кейінге ысырумен арада отыз жыл да өте шыққан. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына қарасты Қордай өндірістік учаскесінің басшысы Денис Коноваловтың айтуынша, ақырында бұл жұмыстың да сәті түскен сыңайлы. «Қарақоңыз» су қоймасының екінші кезегі құрылысының жаңа жобасы дайындалуда екен. Ол үкіметтік деңгейде мақұлданып, қаржы көздерімен қамтамасыз етілсе, жаз бойы су тапшылығынан керісіп, жаға жыртысып жататын дихан қауымының тынысын кеңейтетін шара қолға алынбақ.

Сыйымдылығы 10,3 миллион текше метрлік «Қақпатас» су қоймасы да ернеуіне жіті толып, қазір секундына 4 текше метр су сыртқа ағызылып жатыр. Осыдан алты жыл бұрын Үкіметтен 76 миллион теңге бөлініп, мұнда «БиномВодстрой» ЖШС күрделі жөндеу жүргізген болатын. Бұл су қоймасының да сыйымдылығын екі есе арттыратын екінші кезегі құрылысының жобасы бар көрінеді. Егер ол жүзеге асса, қатар жатқан Қақпатас, Сарыбұлақ ауылдық округтерінің тұрғындарының бау-бақшалары мен агроқұрылымдардың егістіктері де ағын судан тарықпас еді. Ауданда бұдан бөлек «Ешкілі-Қордай», «Алтайғыр», «Майбұлақ» шағын су қоймалары бар. Сыйымдылығы 1,5 миллион текше метрлік «Ешкілі-Қордайдағы» су қазір 900 мың текше метрден асса, соңғы екеуі апаттық жағдайда болғандықтан су жиналмайды екен. Д. Коноваловтың айтуынша, бұл екі су қоймасы биылғы «Өңірлік су шаруашылығы жүйелері мен құрылғыларын қайта жарақтандыру және қалпына келтіру» жобасына енгізілген екен. Еуропа қайтақұру және даму банкі арқылы қаржыландырылатын бұл жоба бойынша бір ғана Қордай ауданына 4 миллиард 541 миллион теңге бөлініп, бұл қаржыға он алты суландыру нысандарын қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, «Майбұлақ» су қоймасына – 257 миллион 567 мың, «Алтайғырға» – 133 миллион 811 мың, «Ешкілі-Қордайға» 131 миллион 504 мың теңге бөлініпті. Сондай-ақ каналдар мен тоғандардың істен шыққан бөліктері қалпына келтіріліп, тозығы жеткен су бөлу құрылғылары алмастырылады. Сөйтіп, айналымнан шығып қалған он мың гектарға жуық бұрынғы суармалы жерлер қалпына келтіріліп, аудандағы жалпы суармалы егістік көлемі 48 мың гектарға жеткізілмек. Ал осыншама егістіктің аңқасы кеппей, мол өнімімен ел ризығына айналуы – су қоймаларының, каналдар мен арық-атыздардың, су бөлу құрылғыларының суару маусымына осы бастан дайын болуына да байланысты.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар