«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Әр өлеңім – жазған хатым халқыма»

«Әр өлеңім –  жазған хатым халқыма»
ашық дереккөз
«Әр өлеңім – жазған хатым халқыма»

деп жырлаған ақын Нарша Қашағановтың жыр жинақтарының тұсаукесері өтті

«Жан емеспін ойсыз-қамсыз, сезімсіз, Күдіктенсең, көңіліме көзің сүз Білемін мен күндердің бір күнінде Бір тойымның өтетінін өзімсіз» – деп тірісінде тебірене жырлаған талантты ақын Нарша Қашағановтың бүгінде өзі арамызда болмаса да, оның дуалы сөзі, отты өлеңдері мен жалынды жырлары – жадымызда жаттаулы, санамызда сақтаулы. Өлеңсүйер қауым оның жүрекжарды шығармаларын сүйсіне оқуға бейіл. Ақын оқырман­дарының қуанышына орай Нарша Қашағановтың жақында екі бірдей кітабы жарық көрді. Бірі – ақын көзі тірісінде өзі атын қойып кеткен «Бітпейтін кітап» болса, екіншісі – көпшіліктің сұранысы бойынша қайта басылып шыққан «Елде тұрам» атты жыр жинағы. Ақынның туған күнінде облыстық Руханият орталығында аталмыш қос жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтіп, оған жиналған көпшілік әдемі әсерге бөленді. Осы орталық пен Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен әдеби шараға зиялы қауым өкілдері, ақынның туған-туыстары мен ұлдары, достары және оқырмандары қатысты. Жиналғандар ақын Нарша Қашағановтың сан қырлылығына, биік болмысы мен ерекше мінезіне, шығармашылық қабілетін айтып, еске алды. Талас ауданының бұрынғы әкімі Балтабай Бекжанов, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеев ақынның ақжарқын бейнесі туралы естеліктер айтса, жазушы-драматург Елен Әлімжан оның шығармашылығы туралы тебірене сөйлеп, тұшымды пікірлерін ортаға салды. Ал студенттік достары, баспасөз саласының ардагерлері Болат Мәуленов пен Махамбетәлі Дүйсебаев ақын Наршаның алғырлығы мен дарыны туралы ой бөлісті. Жазушы, публицист, облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы бүгінде ақын шығарма­ларының насихатталуы жайлы ой қозғап, оның өлеңдері туралы талдау мақалалар, рецензиялар жазылу керектігін көтерді. Өзге де сөз алғандар әдемі естеліктер, жақсы пікірлерін жеткізді. Әдеби шара барысында ақын сөзіне жазылған «Рахмет саған, туған ел», «Жақсылық жаса адамға» секілді бірнеше әндері шырқалса, Қаратау қаласындағы Қонаев мектебінің оқушылары ағайынды Елдос, Жандос, Нұрғиса Нұрланұлы Наршаның қара өлеңдерін жатқа, тебірене оқыды. Тұсауы кесілген «Бітпейтін кітап», «Елде тұрам» жыр жинақтары қонақтарға таратылып, ақын жанашырлары жиыннан олжалы тарқасты. Бұдан соң дәмханада ақын рухына құран бағышталып, дастархан жайылды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар