Үш лекте өткен ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Нәтиже қандай? Түлектердің көкейіндегідей ме? Облыстық білім басқармасынан алынған мәліметтер бойынша сандарды сөйлетсек:
Облыс бойынша жүзден жоғары балл алғандар – 810 мектеп бітіруші (12,12%). «Алтын белгі» жалпы орта білім туралы аттестатының иегерлері – 102 (34,6%). Үздік аттестат алатындар – 18 (15,79%). Шекті деңгейден өте алмағандар – 1016 (15,2%). Сондай-ақ, аудиториядан шығарылған бір талапкер тіркелген. Мектеп бітірушілердің орта білімін аттестаттау жүйесі – ұлттық бірыңғай тестілеу осымен он бірінші рет өткізілді. ҰБТ-ның талаптарына әр жылы түрлі толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенімен, сынақтың форматы сол күйде сақталған. Бірақ, жыл сайын бірыңғай жүйеге бірінші рет көшкендей, тест тапсырғанда түлектер абыржып-ақ қалады. Сынама тесттерінде жоғары балл жинап, 11 жыл алған білімдерін дәлелдей алмағандарға қарап, осылай демеске лажымыз жоқ. Биыл ҰБТ тапсыруға өтініш берген 6773 мектеп бітірушінің 6683-і (99,3%) тестілеуге қатысты. Тест тапсырмаған 90 түлектің 83-і халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының жеңімпазы. Олар Білім және ғылым министрлігінің шешімімен сынақтан арнайы босатылған. Ал, алты талапкер денсаулық жағдайларына байланысты тестке қатыспапты. Бастапқыдағы «Алтын белгі» жалпы орта білім туралы аттестатына үміткер бітірушілердің саны – 295 болды. Ал бір-бір балдан кем жинаған 24 түлек «Алтын белгіден» айырылды. Үздік аттестаттан үміттілердің көрсеткіші бұдан да төмен. 114 бітірушінің 18-і (15,79%) өз білімдерін дәлелдесе, үздік аттестат алу үшін 12 үміткерге 1 балл ғана жетпей қалған. Аудандардың ішінде ең жоғары көрсеткішке Жуалы ауданы (80,57 балл) қол жеткізген. Ең төменгі нәтиже Т. Рысқұлов (65,39 балл), Байзақ (67,8 балл), Қордай (66,44 балл) аудандарында тіркелді. Ал, мектептер арасында жақсы нәтижені «Айша бибі» атындағы облыстық дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернаты көрсетті. Интернаттың орташа көрсеткіші 106,28 балды құрайды. Тараз қаласындағы №45 гимназияның көрсеткіші – 101,8 балл. ҰБТ-ның алғашқы легінде облыс бойынша ең жоғары 123 балл алған Тараз қаласындағы №1 гимназияның бітірушісі Анастасия Ханның көрсеткішінен ешкім аса алған жоқ. Тараз қаласы №1 гимназияның бітірушісі Анель Оразалиева, Жуалы ауданы Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі Жансая Сыдықбек, Меркі ауданындағы №17 И.Трубицын атындағы мектеп-гимназияның шәкірті Салтанат Разақова, Айша-бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының оқушысы Жанар Әділ 122 балл жинады. Үш лекте өткен ҰБТ сынағының өңіріміздегі қорытынды нәтижелері, міне, осындай.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді