Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілі Александр Яковлев бастаған топ арнайы жұмыс сапарымен облысымызда болды. Олар облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өңір кәсіпкерлерімен кездесіп, әңгімелесті. Аталған басқарма басшысының орынбасары Самат Үрпеков көршілес екі мемлекет арасындағы сауда-саттық байланысын нығайту мақсатымен келген қонақтардың қадамына сәттілік тілеп, жергілікті кәсіпкерлерді ашық әңгімелесуге шақырды.
Александр Яковлев – Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара әріптестік ынтымақтастықтың сауда саласына да оң әсерін тигізгенін, бүгінгі таңда еларалық сауда байланысының көлемі 66,1 пайызды құрағанын атап өтті. Еуропалық экономикалық сауда нарығындағы Ресейдің үлесі 77,4 пайыз екен. Оның ішінде импорт көлемі – 83,7, экспорт көлемі 66,1 пайызға жеткен. Ресейліктер біздің еліміздің кәсіпкерлерімен де бірлесе жұмыс жүргізуге ынталы. Ресейдің сауда өкілі бұл орайда екі ел арасында 20 миллиард АҚШ долларын құрайтын ірі жобаларды жүзеге асыру жөнінде де жоспарлары бар екенін жеткізді. Бұдан кейін сөз алған Ресейдің Свердлов облысының сауда өкілі Александр Цыганков екі мемлекет арасындағы достық пен бауырластық байланыстың берік екенін, қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлы өмірге келген Жамбыл жерін ерекше құрметтейтіндерін, Жамбыл мен Свердлов облыстарының арасында сауда байланысын дамытудың мүмкіндіктері де мол екенін атап өтті. Қысқасы, ресейліктер өңірімізде өндірілетін пияз, макарон, картоп және химия өнімдеріне айрықша қызығушылық танытатындарын да жасырмады. Осы ретте жергілікті тауар өндірушілердің де айтары мол болып шықты. Байзақ ауданындағы «RoIa-7» кәсіпорнының директоры Тұрсынбек Нұрбаев Ресейге макарон өнімдерін көптеп жөнелтіп жатқандарын, биылдың өзінде 200 тонна макарон өнімдері тасымалданғанын, бұл екі тарапқа да тиімді болып отырғанын жеткізді. Т.Рысқұлов ауданы, «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Халит Базаралиев Ресейге ет өнімдерін шығаруға мүмкіндіктері бар екенін, бүгінгі таңда 30 мың бас шошқа өсіріп отырғандықтарын тілге тиек етті. Александр Яковлев кәсіпкердің бұл ұсынысына үлкен құптау білдіріп, бұл бағытта бірлесе жұмыс жүргізуге де әзір екендіктерін мәлімдеді. Сондай-ақ, «Тілебай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Арыстан Тілебаев та өзінің тиімді ұсыныстарымен бөлісті. Жиын соңында екі тарапқа да тиімді ұсыныстардың көп өтпей нақты іс жүзіне асырылатынына сенім білдірілді.
Есет Досалы, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді