Мәдениет саласында мәнді істер көп
Өткен жылы өңіріміздегі мәдениет саласы бойынша атқарылған жемісті жұмыстар аз болған жоқ. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 242 миллион 317 мың теңгеге 29 мәдениет нысаны күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен. ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени мұра» тізбегіндегі ортағасырлық маңызы бар Қостөбе мен Өрнек қалашықтарына республикалық дәрежедегі мәртебе беріліп, қаржысы ел қазынасынан қарастырылатын болды. Жамбыл атындағы Руханият орталығының ашылуы да үлкен жетістік. Академик «К.И.Скрябиннің үй-мұражайы» және Қарахан кесенесі жанында орналасқан «Ортағасырлық мешіт үйін» қайта қалпына келтіріп, туристер баратын орынға айналдыру жұмыстары бастау алып, жалғасуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен өткен брифингте облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев баяндады. Басқарма басшысы облыс аумағында мәдениет, архив мекемелерінің саны 546 құраса, 288 мемлекеттік кітапхана халыққа қызмет көрсететінін жеткізді. Облыс кітапханаларындағы кітап қоры бүгінде 3434 746 дананы құраса, оның 1 638 327 данасы мемлекеттік тілде екен. Кітапханалар компьютермен – 92, интернетпен 85 пайыз қамтылған. Облыста «Халықтық» және «Үлгілі» атағы бар ұжымдар саны 59-ға жетсе, 199 Мәдениет үйі мен 766 клуб халыққа сапалы қызмет етуде.
1584 мәдениет, архив саласы қызметкерлерінің 890-ы жоғары, 585-і арнаулы орта білімді. Былтыр облыстық қазақ драма театрының 80, облыстық өлкетану музейінің 85 жылдығы лайықты деңгейде аталып өтті. Әртіс Нұрсифат Салықова Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанса, суретші Рахат Сапаралиева «Еңлікгүл – 2016» республикалық байқауында «Жыл театр суретшісі» аталымын иеленген. Жыршы-термеші Аяз Бетбаевтың 75 жылдық мерейтойының жоғары деңгейде аталып жатқаны да тілге тиек болды.
Облыстық филармония жанындағы «Ақкербез» бишілер тобының Сербияның 9 қаласында көрерменнің қошеметіне бөленуі, Астана қаласында және 8 облыста Жамбыл облысының мәдениет күндерінің өтуі жиында үлкен жетістік ретінде айтылды. Шу ауданы, Шоқпар ауылында жаңа клубтың сметалық жобасы жасалып жатқаны, қалған 22 клуб жөндеу көрсе, барлық мәдениет ошағы жаңарып қалатыны да сөз болды.
Жиын соңында басқарма басшысы тілшілердің театр саласында, шығармашылықта, айтыста таланттыларға қолдау көрсету, алыс аудандағы кітапханаларды компьютерлендіруді жеделдету секілді өзекті сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді