«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Баға бақылауда болсын

Баға бақылауда болсын
ашық дереккөз
Баға бақылауда болсын

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыруды тапсырды

32Облыс әкімі аппаратының селекторлық режімде өткен кеңесіне облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев төрағалық етіп, онда күн тәртібіне бірінші болып шығарылған «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жұмыстары туралы» облыстық әкімдіктің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев хабарлама жасады.

Облыс бойынша биылғы 1 маусымға инфляция деңгейі 105 пайызды құрапты, оның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша көрсеткіш те осындай болған. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүргізілген жұмыстың нәтижесінде үстіміздегі жылдың мамыр айында инфляция көрсеткіші 0,5 пайыз ғана болса, оның ішінде азық-түлік тауары бойынша да 0,5 пайыз. Облыстық статистика департаментінің соңғы мәліметтері әлеуметтік маңызы бар 25 азық-түлік тауарының бөлшек саудадағы бағалары шектік мәннен жоғары екенін көрсеткен. Бағаны тұрақтандыру бойынша құрылған облыстық штабтың жүргізген мониторинг мәліметтерінше әлеуметтік маңызы бар 33 азық-түлік тауарының 14 түрінің бағасы шекті деңгейден жоғары, қалғандары одан төмен болыпты.

– Көкөніс, ұн, сүт, шай және тұзға бағаның өсуі, облыстан және республикадан тыс жерден кіретін тауарларға ірі тасымалдаушылардан жіберілетін бағаның көтерілуімен, өндірістің маусымдылығымен және жыл басынан тарифтердің көтерілуімен байланысты. Ет өнімінің көтерілуіне мал азығының қымбаттауы әсер етті. Дегенмен, облыстық штабтың мәліметі бойынша осы жылдың мамыр айында 11 ақпаннан кейін көтерілген азық-түлік тауар бағаларының төмендегені сезілген. Кеспе 1, қарақұмық 3, тауық еті 1, майлылығы 2,5 сүт 3, сүзбе 16, маргарин 6 пайызға төмендеген. «КазАгроМаркетинг» акционерлік қоғамының мәліметі облысымызда азық-түлік тауарларының ішінен 10 тауардың бағасы орташа республикалық бағалардан жоғары екенін көрсетті. Статистика, «КазАгроМаркетинг» және облыстық штабтың ұсынған азық-түлік бағаларының мәліметтерінде байқалатын ауытқулар мониторингті жүргізу әдісіне байланысты. Облыстық штабтың мониторинг әдісі-өңірдің азық-түлік нарығындағы орташа бөлшек саудадағы баға негізінде жүргізіледі және белгілі бір тауар өндірушінің өніміне ғана сүйенбей, барлық ассортименттегі өнімнің түрін ескереді, – деді А.Нұралиев. Хабарламашы өңірде азық-түлік өнімдерінің тұрақтандыру қорын қалыптастыруға ел қазынасынан бөлінген 728,9 миллион теңге толығымен «Тараз ӘКК» акционерлік қоғамына аударылғанын, қаржының 115,6 миллион теңгесі «Тараз» ӘКК» АҚ-ның есепшотына акцептсіздік тәртібімен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ есебіне аударылғанын, қалған 613,3 миллион теңге тұрақтандыру қоры арқылы жұмсалып жатқанын жеткізді. Одан әрі хабарламашы тұрақтандыру қорына қанша сомаға қандай азық-түлік түрлері сатып алынғанын, қазіргі уақытта қорда қанша мөлшерде азық-түлік сақтаулы екендігін егжей-тегжейлі баяндады. Нан және қант бағасын тұрақтандыру жөнінде атқарылған шараларға да назар аударды. «Азық-түлік емес тауарларға бағаны тұрақтандыру шаралары туралы» қосымша хабарлама жасаған облыстық әкімдіктің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Досан Рымтаев басқарма тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп жатқанын еске салды. Ол да инфляция деңгейін салыстырмалы түрде айтып берді. Мәселен, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша дизельдік отын 11,7, жеке күтімге арналған тауарлар 1,1, жиһаз және үйге қажетті заттар 0,9, фармацевтикалық өнімдер 0,8, тұрғын үй-жайларды күтіп ұстау мен жөндеуге арналған материалдар 0,6, киім 0,3 және аяқ киім 0,2 пайызға қымбаттаған. Ал, керісінше сәуір айымен салыстырғанда мамырда ыстық су мен орталықтан жылыту тарифтері 0,3 пайызға төмендепті. Д.Рымтаевтың мәлімдеуіне қарағанда тауар өндірушілер және тауарларды көтерме жеткізушілер арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, бағаны негізсіз көтерген жағдайда тиісті шаралар қолданылатыны ескертіліпті. Сонымен қатар, базар басшыларымен де жалға алу құнын 2014 жылдың 1 наурызынан 1 шілдеге дейін 50 пайызға дейін төмендету жөніндегі келісімге қол қойылыпты. Хабарламашы 600 грамдық бір бөлке нанның бағасы 40-42 теңгеден сатылуы тиіс бола тұра, Меркі ауданында 50 теңгеден сатылып жатқанына, Тараз қаласында, Шу және Т.Рысқұлов аудандарындағы «жабайы» сауда түріне алаңдаушылық білдірді. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев биылғы қыс және көктем мезгілінде көкөніс бағасының шарықтап кеткеніне басқарма басшыларының назарын аударды. Баға ақпан айындағы доллар құнының көтерілуінен бұрын өсіп кеткен. Мәселен, бір килограмм қияр бағасы шарықтап 500 теңгеге дейін жеткен. «Жамбыл ауданы Бектөбе ауылы маңындағы жүзден аса жылыжайдың өніміне кім бас-көз болып отыр?» деп сұрақ қойды әкім. Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақтөбе облыстарында егін егетін шаруашылық құрылымдары тұтынушылармен алдын ала өнім бағасына келісімшартқа отырады. Күзгі жиын-терінде өнім сол келісімшарт бойынша өткеріледі екен. Осыны неге біздің өңірде қолға алмасқа, деді облыс әкімі.

– Картоп, пияз, сәбіз басқа жаққа кетіп жатыр. Біздің жерімізді, суымызды пайдаланады, субсидия алады, сөйте тұра өнімдерін облыстан тысқары жаққа өткереді. Біз етпен де, сүтпен де, көкөніспен де өзімізді толық қамтамасыз ете аламыз. Жуалы ауданында 5,3 миллиард теңгеге «Көксай» каналы салынып жатыр. Су мәселесі шешілген соң, аудан картопты еселеп өндіретін болады. Өнімін алдымен өзіміз пайдалануымыз керек. Мүйізді ірі қара малын ұстаймыз, ал сүтін Алматы қаласына өткіземіз. Облыста 5045 гектар жерге егін егілді. Қазір жағдайы қалай? Он күннің ішінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы осы туралы тиісті бағдарлама жасауы керек. Осыдан екі-үш жыл бұрын шаруаларымыз жемшөптің мол қорын жасап еді, биыл олай болмады. Бірнеше апта тоқтаусыз соққан жел әсерін тигізді. Қазір малдың бағасы түсіп кетті. Облыста көкөніс сақтайтын қойма жеткіліксіз. Халық көкөністің 30-ақ пайызын пайдаланады, қалғаны шіріп жатыр. Біз өткенде Қытайға барып келдік. Бір қаласы бүкіл елді көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Досан Тасболатұлы, сізден нақты ұсыныс күтемін, – деді облыс әкімі. Cонымен қатар, Меркі ауданында нан бағасының өсуіне жол берген аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың жұмысын сын тезіне алды. Тапсырылған жұмысты атқара алмайтын болса орнын босатуы мүмкін екенін де ескертті. «Биыл 971 гектар жерге қант қызылшасын егіп жатырмыз. Бізде екі қант зауыты бар. Зауыт басшыларымен бүгіннен бастап өнімді қымбаттатпау жайлы келісімге келу керек» деді. Кәрім Нәсбекұлы ірі темір жол стансаларында тұрғындардың бір бөлігі азық-түлік және басқа да тауарлар сатып күн көріп отырғанын еске сала келе, олардың бюджетке салық төлейтін-төлемейтініне, өткеріп жүрген тауарларының сапасына, тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті мамандарымен бірлесе заң талаптарын басшылыққа ала тексеру жүргізу қажет екеніне назар аударды. Осындай қадау-қадау проблемамен айналысуды облыс әкімінің орынбасары Мұратбай Жолдасбаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиевке нықтап тапсырды. Облыстық әкімдіктің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Салтанат Омарбекованың хабарына қарағанда, өңірде соңғы 5 жылдың ішінде ана мен нәресте өлімінің динамикасы тұрақты түрде төмендеп келеді, бірақ ана өлімінің көрсеткіші 2013 жылдың қорытындысы бойынша 14,8 пайызды құрапты. Биылғы 5 айда 4 ана өлімі тіркеліпті. Ал, өткен жылдың осы кезеңінде 2 ана өлімі орын алған екен. Бір жасқа дейінгі 122 нәресте өлген болса, бұл көрсеткіш өткен жылғы осы мерзімде 148 болатын. Әрине, ана мен бала өліміне жол бермеу үшін дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр-ау, сонда да ана да, бала да ажал құшуда. Облыстың бас дәрігерінің сөзіне назар аударсақ, қайғылы оқиғаға жол бермеу жөнінде атқарылып жатқан шаралар аз емес. Адам өліміне жол берген аудандардағы орталық ауруханалардың бас дәрігерлері де жазасыз қалмапты. Мәселен, Талас, Меркі және Қордай аудандарындағы орталық ауруханалардың бас дәрігерлеріне қатаң сөгіс берілген. Меркі аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, «Ойтал» денсаулық сақтау мекемесінің акушер-гинекологы қызметтен босатылған. Талас аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары да қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жазаға тартылыпты. Кәрім Нәсбекұлы ана мен бала өлімі неге өсіп кетті? деп өңірдің бас дәрігеріне сұрақты төтесінен қойды. «Дәрігерлердің жалақысы 10 пайызға артты, келер жылы тағы да көбейеді. Медициналық жабдықтармен, техникамен қамтамасыз етіліп жатырсыздар» деп, өз жұмыстарына салғырт қараған дәрігерлерге және салаға жауапты орынбасарын жұмыстан босатуға дейінгі қатаң жаза қолдануды міндеттеді. Облыс әкімдігінің қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаев облыс бюджетінің 2014 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы атқарылуы туралы хабарлама жасады. -Облыс бюджетінің 2014 жылдың 1 маусымына орындалуы кірістер бойынша жоспарда 82 миллиард 991 миллион теңге сомасында, яғни 100 пайызға қамтамасыз етілді. Облыс бюджетіне есепті күнге бюджетке тиесілі салықтар мен төлемдердің түсімі 14 миллиард 448 миллион теңгеге жоспарланса, 14 миллиард 458 миллион теңге сомасында түсімдер түсті немесе жоспар асыра орындалды, – деді А.Қырықбаев. Дегенмен, кейінгі уақытта облысты қай саладан болмасын артқа тартып келе жатқан Меркі ауданының аты тағы аталды. Облыстың бас қаржыгері «Бюджетке түсетін салықтар мен төлемдер жоспарлары тек Меркі ауданы бойынша орындалмаған» деп атап көрсетті. Одан әрі ол бюджеттік қаражаттардың, жергілікті бюджеттердің игерілуін слайд арқылы баяндады. Даму бағдарламасы бойынша есепті кезеңге жоспарда 18 миллиард 434 миллион теңгесі немесе 78,4 пайызы игерілген. Ал, игерілмеген қаржы көлемі 3 миллиард 974 миллион теңге. А. Қырықбаев бағдарлама бойынша қаралған қаржыны игермеген бірқатар облыстық басқармалар мен Тараз қаласын және аудандарды атады. Қаржы басқармасы басшысының хабарынан кейін қаралған қаржыны игере алмаған басқарма басшылары мен Тараз қаласы, аудан әкімдері, аудан әкімдерінің міндетін атқарушылар түсінік берді. Облыс әкімі басқарма басшылары мен Тараз қаласы, аудан әкімдеріне мемлекет қаржысын игеруде немқұрайлылыққа жол берілмейтінін ескертіп, оның 100 пайыз игерілуі тиіс екенін қадап айтты. Облыс әкімі аппараты кеңесінің күн тәртібіне шығарылмаса да қазіргі таңдағы өзекті мәселе болғандықтан «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының орындалуы және Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары туралы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, облыстық білім басқармаларының басшылары Жорабек Баубеков пен Сұлушаш Құрманбекова хабарлама жасады. Кеңес жұмысын қорытындылаған Кәрім Нәсбекұлы күн тәртібіне шығарылған және басқа да өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасарларына, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар