Әлемдік маңызы бар мәселе
Жалпы, бүгінде еліміздегі баламалы энергия көздерін игеруге деген ұмтылысты жерасты кен қазбалары көлемінің азаюымен байланыстырып жүргендер бар. Мүлде олай емес. Жер қойнауы табиғи қазбаларға бай болғандықтан, елімізде энергия тапшылығы айтарлықтай байқалмайды. Алайда қоршаған ортаны таза сақтап, жаңартылмайтын энергия көздерінің мол қорын келер ұрпаққа аманаттап қалдыруға да тиіспіз ғой. Рас, жаңартылған және баламалы энергия көздерін өндіруге де әлеуеттіміз. Ендеше бізге неге осынау экологиялық тұрғыда тиімді, залалсыз істі қолға алмасқа? «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» аман-сау алып шығар тиімді жол – осы. Осы орайда Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысына келуге тиіс» деп алдымызға асқаралы міндет қойғаны белгілі. Әлбетте, бұл ең алдымен, әлемдегі барған сайын күрделіленіп бара жатқан экологиялық апат қаупін азайтуға бағытталған игілікті іс. Өйтпеген күнде көмірсутегі шикізатын көптеп пайдалану ауаны ластап, қоршаған ортаның тепе-теңдігін бұзуда. Жаһандық жылыну үрдісінде көмірсутегі шикізатынан шығатын зиянды қалдықтардың да әсері мол. Ғалымдардың болжамынша, осы жүзжылдықтың соңына таман ауаның температурасы 6,4 градусқа жылынып, әлемдік мұхиттардың деңгейі 58 сантиметр көтеріледі екен. Қазірдің өзінде құрлықтарды басып жатқан топан су соның салдары. Сондықтан әлем сарапшылары энергетикалық қуат шикізаттарына балама табу мәселесін негізгі күн тәртібіне қойып отыр. Еліміздің баламалы энергия көздерін дамытудың «жасыл» жолына көшуіне Астанада биыл өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қуатты серпіліс береді деп күтілуде. Қазақстан бұл істе алғаш бастамашылық танытып, болашақты сақтау үшін энергияның баламалы түрлеріне көшу мәселесін көтеріп, әлемді залалсыз, табиғатқа да, адамзатқа да пайдалы баламалы қуат көздерін дамытуды насихаттап, елімізде жасалып жатқан сол бағыттағы жаңа технологияларды ұсынғалы отыр.
Жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Ең бастысы, баламалы энергия көздері, ол – болашақтың қажеттілігі. Алдағы уақытта Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған жасыл экономиканың жетістіктерін өз көздерімен көре алатын болады. Әлемдік деңгейде баламалы энергияның өндірісі жолдарының жай-күйіне де қанығады. Күннен, желден, судан электр қуатын өндіруде тың идея, жаңалықтар күтілуде. Мәселен, елімізде қоғамдық көліктерге қолданылатын экологиялық таза отын түрлері енгізіліп, олар үшін сәйкесінше инфрақұрылым жасалып, электромобильдердің іске қосылуы қажет. Әсіресе, оңтүстік өңірлердің климаттық жағдайы күн қуатын пайдалануға қолайлы. Жылына 2,5 миллиард киловатт-сағат күн энергиясын өндірудің мүмкіндігі бар. Бұл отандық ғалымдарды жаңа жобаларды жүзеге асыруға жетелеп отыр. Алматы энергетика және байланыс университеті шағын энергия көздерін жаңғырту зертханасының қызметкерлері мен магистранттары әзірлеген жоба бойынша күн сәулесін жинайтын толық автоматтандырылған арнайы тақталар ғимараттан шықпай-ақ, күн сәулесінің түсу бұрышын анықтап, оны компьютер арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Баламалы энергия өндіруге қажетті құралдың тағы бір түрі – вертикальды желдік роторлық турбина. Оны отандасымыз Альберт Болотов ойлап тапқан. Бүгінде оның бұл еңбегі Қазақстаннан тыс көптеген елдерде қолданылумен келеді. Ресей, Қырғыз және Корей елдері де пайдалануда. Алыс аймақтарға электр қуатын жеткізуде бұл құрылғының пайдасы айрықша елеулі. Бүгінде баламалы энергия өндірудің озық әлемдік технологияларын енгізу – энергетикалық тиімді бағдарламаларды іске асыруға серпін беретіні сөзсіз. Әртүрлі бағалаулар бойынша елімізде оның қорларының әлеуеті де жоғары. Оны бүгіннен бастап қолға алу өте маңызды. Еліміздің стратегиялық дамуы бағдарламасында көзделгендей, 2020 жылға дейін баламалы қуат көздерінің энерготеңгерімін 20 пайызға жеткізуіміз керек. Жалғыз біз ғана емес, бүгінде көптеген елдер өндірістік қуаттағы газ-жылу электрстансаларының жүктемелерін төмендете отырып, баламалы энергетика жобалары санын арттыру үстінде. Осы ретте ядро энергетикасының даму болашағы туралы да ұмытпауымыз қажет. Тағы бір жай, сарапшылардың бағамдауынша, Қытайдың қазіргі және келешектегі сұранысы Қазақстанның барлық энергия өндірісінің тең жартысын ғана қамтиды. Жылына 40 миллиард киловатт сағат энергияға мұқтаж. «Сондықтан болашақта Қазақстан энергиясына деген сұранысы арта түспек. Ал елімізде жаңартылған энергияны қолжетімді бағамен жаппай өндіру кезінде энергияның бұл түрін тұрақты түрде арзан бағаға сату, елдің экономикалық-әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету, өндірісте жаңа жұмыс орындарын ашу, қоршаған ортаны таза сақтау, жаңартылмайтын энергия көздерінің мол қорын мұрты бұзылмаған күйінде сақтап қалу секілді пайдасы мол болмақ», – дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев.
Әулиеата өңірінің әлеуеті
Кейінгі он жыл ішінде баламалы энергия көздерінен қуат өндіру өңірімізде де қолға алынып, дамытылу үстінде. Күн, жел, су электр стансалары пайдалануға беріліп, олардың жалпы қуаттылығы 114 МВт-ға жетті. Бұл – облысымызда өндірілетін жалпы энергияның 9,3 пайызы. Осы орайда Орталық Азиядағы ең ірі, қуаттылығы 50 мегаватт болатын, Жуалы ауданында іске қосылған «Бурное Солар-1» ірі күн электр стансасын ерекше атап өту ләзім. Бұл жобаның құны 23,5 миллиард теңгені құрайды. Мұнда электр қуаты 192 мың дана күн панелі көмегімен өндіріледі. Жалпы, нысанда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, олар стансаның қызметін бақылаумен айналысуда. Стансаның жылдық қуатын 100 мегаватқа дейін арттыру жоспарланған. Бұл өз кезегінде 30 мың үйді энергиямен қамтамасыз етуге жетеді деген сөз.
Бүгінде өңірімізде басқа да баламалы энергия көздері игерілуде. Олардың әлеуеттері әрқалай деңгейде. Атап айтқанда, Меркі су электр стансасы – 2,02, Меркі – 3 су электр стансасы – 1,5, Т.Рысқұлов ауданындағы, «Қарақыстақ» су электр стансасы – 2,3, Шу ауданындағы «Тасөткел» су электр стансасы – 19,2, Қордай ауданы «Қордай-1» жел электр стансасы – 21, «Қордай» жел электр стансасы – 1,5, «Қордай – КА-1» жел электр стансасы – 26,4, «Отар» күн электр стансасы 0,5 МВт энергия өндіру қуаттылығына ие. Баламалы энергия өндірудегі өңіріміздегі бұл жетістіктер халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалаушыларға таныстырыла ма? Бұл сұрағымызға төмендегідей жауап алдық. «Аталған баламалы энергия көздерінің ішінен үшеуін іріктеп алып, Астанаға жолдадық. Осы жобалар ролик түрінде көрсетілуі мүмкін. Мұнымен қатар «Бурное Солар-1» күн электр стансасының құжаттары дайындалып, жолданды. Әрине, өңірімізде жүзеге асырылып жатқан бұл жобалардың әлемдегі дамыған елдер үшін айтарлықтай жаңалық болмайтыны белгілі. Десек те, республика бойынша баламалы энергия өндіруден біздің облысымыздың жеке-дара көш бастап тұрғанын атап өтуге де тиіспіз. Жалпы, 2020 жылға қарай жаңартылған энергия көздерін енгізу еліміз бойынша 3 пайызды құрауы тиіс. Осы межеге қол жеткізу үшін өңірімізде де бұл іс өркенін жая беретін болады», – дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық-шаруашылық басқармасы электр және энергетика бөлімінің басшысы Құдайберген Қорғанбаев. Облысымызда 2017-2020 жылдар аралығында жалпы қуаты 247 МВт-ты құрайтын бірқатар жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Атап айтқанда, Меркі ауданында – 18, Шу ауданында – 5 МВт су электр, Т.Рысқұлов ауданында – 24 МВт және 100 МВт, Жуалы ауданында – 50 МВт, Шу ауданында 50 МВт баламалы энергия көздерін өндіретін электр стансалары салынбақ. Бұл жобалар толықтай жүзеге асқанда біздің өңірдің баламалы қуат көздерін өндірудегі үлес салмағы арта түспек.
Есет досалы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді